Ашық үндеу 2025 жылғы 17 тамызда құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның қамауға алынуына байланысты

19.08.2025

ҚР Бас прокуроры
АСЫЛОВ Б.Н.-ге

ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі
ЛАСТАЕВ А.Е.-ге

АШЫҚ ХАТ

Адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық Бюросы

2025 жылғы 17 тамыз, жексенбі күні таңғы сағат 07:00 шамасында Алматы қаласындағы Махатма Ганди атындағы саябақта белгілі қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина ұсталды.

Алмалы аудандық полиция басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, оның ұсталуына себеп — Астана қаласында өтеді деп жоспарланған, саяси тұтқын, супермарафоншы Марат Жыланбаевты қолдауға арналған «жүгіру» акциясы.

Құқыққорғаушы полиция басқармасына жеткізіліп, одан түсініктеме жазу талап етілді. Ол бұдан бас тартып, адвокат Ғалым Нұрпейісовті шақыруды талап етті.

Адвокат келген соң, полиция қызметкерлері Бақытжан Төреғожина ҚР Қылмыстық кодексінің 405-бабы бойынша («Қазақстанның Демократиялық таңдауы» қозғалысын экстремистік ұйым деп тану туралы іс) қылмыстық іс аясында куәгер ретінде сұралатынын мәлімдеді. Алайда тергеудің негізгі мәні оның М. Ганди саябағында жүруі және Астанадағы акцияға қатысы бар-жоғын анықтауға бағытталды.

Тергеу аяқталған соң, құқық қорғаушының полиция басқармасынан еркін шығуына рұқсат берудің орнына, полиция қызметкерлері оны мәжбүрлеп үйіне жеткізіп, үйден шықпау туралы ескерту жасады. Сол сәтте ғимарат алдында оны жақтастары мен журналистер күтіп тұрған болатын.

АҚмЗСЖХБ бұл ұстауды негізсіз және демонстративті түрде орын алған заң нормаларын өрескел бұзу ретінде бағалайды.

Бұл оқиға билік тарапынан бейбіт жиналыстардың алдында қолданылатын «алдын ала ұстау» тәжірибесінің көрінісі болып табылады. Мұндай ұстаулар, әдетте, белсенділерді қоғамдық шараларға қатысудан оқшаулау үшін алдын ала жүзеге асырылады. Алайда Бақытжан Төреғожинаға қатысты бұл жағдай мүлде қисынсыз: ол үйінің жанындағы саябақта әдетінше таңғы жүгірумен айналысып жүрген, ал Астанадағы акцияға қатысу жоспары болмаған.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 7-бабы, 29-тармақшасына сәйкес, бұл жағдай «нақты ұстап алу» болып саналады — яғни, тұлғаның еркіндігін, соның ішінде қозғалу бостандығын шектеу және тергеу органдарына мәжбүрлеп жеткізу, қандай да бір процессуалдық мәртебеге қарамастан, шынайы шектеу басталған сәттен бастап заңсыз болып табылады.

Алмалы аудандық полиция басқармасы қызметкерлерінің әрекеттерін куәгер ретінде тергеуге шақыру қажеттілігімен ақтап алуға тырысуы ешбір заңдық негізге сай келмейді.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, куәгерді тергеуге тарту арнайы шақырту қағазы арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Онда қылмыстық істің нөмірі, куәгердің мәртебесі, тергеу уақыты мен орны көрсетіледі және оның құқықтары түсіндіріледі. Бұл шақырту қағазы тиісті түрде куәгерге қолма-қол табыс етілуі тиіс.

ҚР ҚПК-нің 157-бабы, 1-бөлігіне сәйкес, егер куәгер себепсіз шақыртуға келмесе, ол тергеуді жүргізуші тұлғаның уәжді қаулысы бойынша мәжбүрлеп жеткізілуі мүмкін. Ал осы баптың 3-бөлігіне сәйкес, мәжбүрлеп жеткізу қаулысы орындалмас бұрын куәгерге жария етілуі тиіс және бұл оның қол қоюымен расталады.

Алайда Бақытжан Төреғожинаны полиция бөлімшесіне жеткізген бес полиция қызметкері жоғарыда көрсетілген процессуалдық талаптардың бірде бірін орындамады.

Құқық қорғаушының өзі бұл ұстауды азаматтық қоғамға жасалған қысым және қорқыту актісі ретінде бағалайды.

АҚмЗСЖХБ Алмалы аудандық полиция басқармасы қызметкерлерінің әрекеттерінен келесі қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін байқады: жеке өмірге қол сұғу (ҚК 147-бабы), лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану (ҚК 362-бабы), заңсыз ұстау, қамауға алу немесе қамауда ұстау (ҚК 414-бабы).

Қазақстан Республикасы Конституциясының 16-бабына сәйкес, «Әркім өзінің жеке басының бостандығына құқығы бар». Бұл құқықтар Қазақстан бекіткен Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 9-бабында да көрсетілген.

Бақытжан Төреғожинаны ұстау — ұлттық заңнама мен халықаралық стандарттардың бұзылуы ғана емес, сонымен қатар БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті, ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ДИАҚБ), Human Rights Watch және басқа халықаралық ұйымдар тарапынан бірнеше мәрте сынға ұшыраған «алдын ала ұстау» тәжірибесінің айқын көрінісі.

Біз кінәлі тұлғаларды жауапқа тартуды және «алдын ала ұстау» тәжірибесін дереу тоқтатуды талап етеміз.

2025 жылғы 19 тамыз, Алматы қаласы