QANDY QANTAR-дың бір жылдығына орай

16.01.2023

Qandy Qantar (Қанды қаңтардың) бір жылдығына орай Іргелі құқықтарды қолдайтын Құқық қорғау альянсы қаза тапқандар үшін аза тұтып, зардап шегушілердің қайғысына ортақтасады және әділеттілікке қол жеткізуге ұмтылып жүрген жандармен ниеттес екенін білдіреді.

Іргелі құқықтарды қолдайтын Құқық қорғау альянсының[1] Құжаттаныру орталығы (әрі қарай «Орталық») 2022 жылдың сәуір айынан бастап 2023 жылдың қаңтар айына дейінгі кезеңде, 2022 жылдың қаңтар айындағы оқиғалар кезінде немесе соның нәтижесінде орын алған адам құқықтары бұзылған 625 жеке жағдай мен сол күндері болған оқиғалар хронологиясын қалпына келтіруге көмектесетін 13 оқиғаны құжаттады.

Құқық қорғау альянсы адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттар бойынша тіркелген адам құқықтарының бұзылуына талдау жүргізілген, егжей-тегжейлі баяндаманы 2023 жылдың көктемінде, оқиғаларға байланысты істер, сондай-ақ азаптау туралы істер бойынша ресми тергеп-тексерудің басым бөлігі аяқталған сәтте шығармақ. Төменде бүгінгі таңда жиналған материалға қысқаша шолу беріледі.

Орталық құжаттауға арналған ақпаратты 3 санат бойынша жинады, олар: адам құқықтарының бұзылуы құрбандары, азаптау құрбандары (бөлек) және орын алған оқиғалардың куәлары. Қайтыс болғандар мен зардап шегушілердің туыстарымен, әріптестерімен, достарымен, адвокаттарымен, сондай-ақ зардап шегушілердің өздерімен сұхбат жүргізілді. Алғашқы сұхбат алу сәтінде тірі қалған зардап шегушілердің үштен бірі әлі тергеу изоляторларында отырды, бірнеше адам жазалау мекемелерінде, ал біреуі сол сәтте УҰИ-да еді. Қалғандары бостандықта болды. Олардың ішінде бірі ешқайда кетпеу қолхатымен жүрсе, бірі кепілмен немесе кепілгерлікпен жіберілді. Орталық сұхбат алу барысында сұхбат алынушылардан өздері ұсынатын ақпаратты пайдалануға ақпараттандырылған келісімін алды. Сұхбат құқық қорғаушылар тобы арнайы әзірлеп жасаған сауалнамалар бойынша жеке, болмаса телефон немесе Интернет бейнебайланысы арқылы жүргізілді. Сұхбаттар қолда бар құжат жүзіндегі дәлелдермен (фото, бейне, құжаттардың сканерленген көшірмелері, т.б.) бекітілді.

Орталықтың деректер базасында 23 елді мекендегі оқиғалар туралы ақпарат жиналған, оның ішіндегі 9 елді мекенде қаза тапқандар бар. Оқиғалар орын алған жерлер бойынша құрбандардың ең көп санын тізіп өтейік.

Алматы қаласында орын алған оқиғалар бойынша ең көп кейстер жиналды. Жәбірленушілер жөнінде барлығы 189 сұхбат жүргізілді, оның ішінде 93 сұхбат қайтыс болғандардың туыстарымен, 96 сұхбат жараланғандармен, ұсталғандармен және қаңтар оқиғаларына байланысты басқа да адам құқықтарының бұзылғандығын көрген куәлармен жасалды.

Орталықтың респондент-куәгерлерінің естеліктері сол күндері Алматыда болған жайттардың ауқымын бейнелейді.

Куәгерлердің бірі 5 қаңтарда, сағат 18 шамасында Алматыда Президент резиденциясының қарулы күзетшілері тарапынан митингіге шыққандарға қарудан оқ ату қалай басталғанын айтты:

«Қоршаудың жанында, шамамен әкімдіктің артқы жағында, Тимирязев көшесінің бойында Желтоқсан мен Фурманов көшелерінің арасында камаз тұрды, ол жанып жатқан еді. Ал Резиденция жақтан қарқынды түрде оқ атыла бастады, тіпті толастамады. Көп адамдар айқайлап жатты, біреу сол жаққа жүгіріп бара жатса, енді біреу ол жақтан қашып жатты. Ол жаққа баруға қорықтым, өйткені мені сол жерде атып тастауы мүмкін деген қорқыныш бойымды биледі. Бір уақытта атыс қарқынды түрде үдей түсті де, адамдардың барлығы жүгіре бастады. Мен қорқып кеттім де, төменге қарай түстім».

Тараз қаласында 59 кейс жиналды, оның ішінде 15-і қайтыс болғандар жөнінде және 44-і басқа да бұзушылықтар бойынша. Орталық Талдықорған қаласында 48 кейс бойынша сұхбат жүргізді, оның 12-сі қаза тапқандар бойынша болса, 36-сы басқа да бұзушылықтар бойынша. Өскемен қаласында 46 кейс бойынша респонденттерден сауалнама алынып, дәлелдер жиналды, оның ішінде 5-уі – қаза тапқандар бойынша және 36-сы құқықтары бұзылған тірі адамдар бойынша. Шымкент қаласында 43 кейс жиналды, оның 12-сі қаза тапқандар бойынша, 31-і басқалары жөнінде. Қызылорда қаласында базада 40 кейс құжатталды, оның 15-і қайтыс болғандар бойынша және 25-і тірі қалғандар бойынша. Семейде 36 кейс құжатталды, оның 3-уі қаза тапқандар бойынша, 33-і басқа да адам құқықтарын бұзушылықтар бойынша. Ақтөбе қаласында Құжаттандыру орталығы 18 кейсті тіркеді, оның 2-уі қаза тапқандар бойынша және 16-сы басқа да бұзушылықтар бойынша. Сұхбатта айтылып өткен, қаза тапқандар мен басқа да адам құқықтарын бұзудың құрбандары болған өзге қалалар және аймақтар – ол Ақтау, Атырау, Алматы облысы, Баянауыл, Қарағанды, Қаскелең, Қарасай ауданының Қошмамбет ауылы, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Степногорск, Орал, Екібастұз.

Құжаттандыру орталығы 2023 жылғы қаңтар айындағы жағдай бойынша Қаңтар оқиғалары нәтижесінде қаза тапқан 263 адамды және хабар-ошарсыз кеткен 11 адамды тіркеді. Қаза тапқандардың басым көпшілігі 25-35 жас тобына жататындар. Қаза тапқандардың жетеуі кәмелет жасына толмаған жас бала, ал екеуі 65 жастан асқан егде адам. Қайтыс болғандардың 80%-ға жуығы оқ жарақатынан көз жұмды.

Қаңтар оқиғасы барысында қаза тапқандардың пайыздық көрсеткіші Алматы қаласында, Қызылорда облысында (39% қайтыс болды), Алматы облысында (негізінен Талдықорған қаласында), Шымкент қаласында, Жамбыл облысында аса жоғары. Ақтөбе облысы мен ШҚО-да да қаза тапқандар бар. Яғни, Қазақстанның 8 өңірінде қаңтар оқиғасы салдарынан қаза болғандар тіркелді.

Бүгінгі таңда құжатталған 625 жағдайдың үштен бірінде зардап шегушілер, өздерінің немесе олардың жақындарының айтуы бойынша, бейбіт митингілер мен шерулердің ерікті қатысушылары болған (32,8%), яғни олар өздері үшін бейбіт жиналыстарға қатысты; 14,4%-ы оқиға орнында мүлдем болмастан зардап шекті; 14,8%-ы күтпеген жерден оқиға қатысушысы болып; басқа 14,8%-ы кездейсоқ зардап шегіп қалды. Өздерінің айтуына қарағанда оқиғаға қатысуға мәжбүр етілгендер де (2,1%), сондай-ақ басқа адамдар да болды.

Негізінен, Қаңтар оқиғаларында жұмыспен қамтылған адамдар, олардың анықтамасы бойынша, жалданып жұмыс жасайтындар – 33,5%, сондай-ақ «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» – 30,1% зардап шекті. Сауалнамаға қатысқан зардап шегушілердің 13,8%-ы өздерін азаматтық белсенділер, 0,2%-ы – құқық қорғаушылар және 0,2%-ы – қоғамдық-саяси қайраткерлер қатарына жатқызды. Сонымен қатар, біз құжаттаған зардап шегуші респонденттердің арасында 3,4% – күш құрылымдарының қызметкерлері, 4,5% – кәсіпкерлер және 9,1% – студенттер болды. Зардап шегушілердің арасында мүгедектігі бар адамдар, дәрігерлер, оқытушылар, кәсіпкерлер мен басқалары да болды.

Тіркелген адам құқықтарын бұзудың негізгі кезеңі (86,9%) 2022 жылдың 3-10 қаңтарына келді. Олардың 43,2%-ы 5 қаңтарда орын алды. Қаңтар айында адам құқықтарының құжатталған бұзылушылықтарының 95,5%-ы орын алды. Өлім-жітім жағдайларының басым бөлігі де осы күндері болды, ол 5-8 қаңтар аралығында 93,4%-ды құрады. 

Жауап алынған зардап шегушілердің ішінде оқ жарақатын алғаны – 13,7%, суық қарумен жараланғаны – 0,5%, соққыға жығылғаны – 55,6%, жуан таяқпен ұрылғаны – 33,7%, электр есеңгіреткіштің әсеріне ұшырағаны – 5,5%, жаппай зақымдайтын арнайы құралдарды қолдану нәтижесінде зардап шеккендері (жарық-шу гранаталары, т.б.) – 1,6%. Зардап шегушілердің жартысына жуығы (45,8%) (қаза тапқандардан басқасы), өздерінің сөздеріне немесе жақындарының сөздеріне қарағанда, азаптауға немесе зорлық-зомбылыққа ұшырады, олардың 52,6%-ы психологиялық қысымға ұшырағанын көрсетті.

Орталықтың материалдары бойынша зардап шегушілердің 84,1%-ы әкімшілік немесе қылмыстық тәртіпте қудаланды.

Қазіргі уақытта Қазақстан билігі Шымкент, Тараз, Қызылорда және Атырау қалалары бойынша барлық істерді қоса алғанда, 238 ресми қаза тапқандар арасынан 186 адамның қайтыс болуы фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтатты.  Қаза тапқан 3 адамға қатысты азаматтық соттар оңалту құқығынсыз қайтыс болуына байланысты оларды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып, айыптау үкімін шығарды. Өлтірілген 6 адамға қатысты олардың жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқандығы фактісі бойынша сот тыңдалымдары жүріп жатыр.

Сол күндердегі өлім фактілері туралы ақпарат сүреңсіз және аяусыз, мысалы, 33 жастағы алматылық Жомарт Байтхановтың тарихы:

«2022 жылдың 6 қаңтарында Алматы қаласындағы Тәуелсіздік алаңында  арқасынан екі рет оқ атып өлтірілді. Оқтар кеуде аймағын тесіп шықты. Жомарт ауданды тонаушылардан қорғап тұрған жасақ қатарында болды. 5-і күні ол үйіне оралып, туыстарына оқиға жайын айтып берді, әйел адамды өрт құрсауынан арашалап алғандарын айтты да, 6-ы күні Жаңа алаңға қайта барды, бірақ қайтып оралмады. Жомарттың мойны мен жүрегінде 2 оқ жарақаты бар».

Немесе Қызылорда қаласында қайтыс болған 29 жастағы Фархат Омаровтың,  оның анасы айтып берген оқиғасы:

«4 қаңтар күні ұлым үйге келіп, қалада газ бағасының төмендетілуі үшін Жаңаөзенді қолдау мақсатында бейбіт митинг өтіп жатқанын айтып, соған қатысуға барды. Ол жас еді, қолында қару мен қандай да бір тыйым салынған зат мүлдем болмады, бар болғаны өзінің азаматтық ұстанымын білдіргісі келді. Ол үнемі адам еңбегі бағаланатын, ауқатты елде өмір сүруді армандаған болатын. 5 қаңтар күні шамамен 13-30-да ұлыма әріптесі қоңырау шалды, шамамен 14-15-те ол үйден шықты. Кешке қарай, шамамен 20-00-де оны іздей бастадық, телефонға жауап бермеді. Біреу үлкен ұлыма қоңырау шалып, Фархатты ОМЦ-ке (ауруханаға) апарғанын айтты. Біз ОМЦ-ке бардық,ол жерде адамдар да, жаралылар  да көп болды. Тізімде ұлым жоқ болып шықты. Ұлымның суретін көрсете бастадық. Содан кейін бір жігіт жаныма келіп, ұлымның суретін көрсетті де, оның мәйітханада екенін айтты. Оқ аяғы мен жүрегіне тиген екен. Мәйітке «белгісіз» деген белгісі бар бирка байланған болды».

Шымкент қаласында оқ жарақатынан қаза тапқан, ТЖМ Көкшетау техникалық институтының 18 жастағы өрт сөндіруші-студенті, Сарыағаш маңынан Ерлан Аяздың қаза болуының жайы да түсініксіз. Ерланның анасымен жүргізілген сұхбат материалдары бойынша:

«Ерлан – бес баланың екіншісі, 3 курс студенті, өрт сөндіруші мамандығына оқып жатқан болатын, Шымкентте тәжірибеден өтіп жүрді. 16 қаңтарда ол Көкшетау қаласына оқуғына қайтуы тиіс еді. 2 қаңтар күні Ерлан үйден Шымкентке кетті, оқуына кеткенге дейін біраз ақша тауып, өзіне киім сатып алмақ болды. Анасы оған киімге ақша берді. 3 қаңтарда олар хабарласып, ол баласының жақсы жеткенін және қажетті заттарын сатып алғанын білді. 5 қаңтар күні Ерлан байланысқа шықпады. Болып жатқан оқиғаларға байланысты анасы алаңдай бастады және 6 қаңтарда ұлына хабарласа алмай, оның достары мен туыстарына қоңырау шала бастады. Алайда Ерланды ешкім көрмеді. 7 қаңтарда ол күйеу баласымен бірге ұлын іздеп, Шымкент қаласына барды. Оны ауруханалардан іздеп, таппады. Содан кейін мәйітхананы қарап, ұлының денесін сол жерден тапты. Ол кеудесінен тиген оқ жарақатынан қайтыс болды. 8 қаңтар күні ұлын жерледі. Содан кейін тергеуші қоңырау шалып, ұлының оқ жарақатынан қайтыс болғанын хабарлады. Мамыр айында ол істің жайын біліп, ұлының телефонын алып кетпек болып, Шымкентке барды. Олар оған ұлын күдікті деп санайтындарын, Ерланның телефоны мен киімі сараптамаға жіберілгенін және оған өздері қоңырау шалып, шақырғандарын күтуі керек екенін хабарлады. Анасы «ол қандай күдікті, бар болғаны 18 жаста, ол студент» деп ашуланды. Ерлан Аязға қатысты рұқсат етілмеген бейбіт жиналысқа қатысқаны үшін қозғалған іс 2022 жылдың тамыз айының соңында тоқтатылды. Оны атып кетуде кінәлі адамдар белгісіз.

Ұсталғандардың көпшілігін сол жерде, болмаса жеткізе салысымен немесе оқиғадан кейін азаптады, біздің респонденттердің куәлік етулері бойынша, олар мойындау айғақтарына қол жеткізу, болмаса кек алу немесе тіпті бейбіт жиналысқа қатысқаны үшін жазалау мақсатында азапталды.

7 қаңтар күні иығынан оқ жарақатын алған және ешбір медициналық жәрдемсіз,  рұқсат етілмеген митингіге қатысқаны үшін 10 тәулік жазасын өтеп шыққан,  Ақтөбе қаласынан 47 жастағы азаматтық белсенді, «Газель» жүргізушісі Жанболат Жолдасбайдың айтуынша, тергеушілерді өзіндегі оқ жарақатының қайдан шыққаны емес, оның неліктен митингке шыққаны қызықтырды. Жанболат былай деп ашына сөйлейді:

«Өз елімде, өз жерімде, өзімнің қазағымнан жапа шегіп, әділетсіздік көрдім. Менің абыройым мен ар-намысым аяқ асты етілді. Біз бейбіт митингке шығып, өзіміздің қарапайым ғана құқығымызды талап еттік».

29 жастағы Шымкенттік Дархан Дусибаев еш жерде қатысқан жоқ, бірақ азаптауға ұшырады. 5 қаңтарда таңертеңнен бастап күні бойы Алматы қаласынан Шымкент қаласындағы үйіне кетуге тырысып-бақты. Кешке қарай «Сайран» автовокзалына жақындағанда Дархан атылған оқтың астында қалып, ішінен жараланды, сол 5 қаңтар күні Алматының 7 қалалық ауруханасына түсіп, оған ота жасалды.

«7 қаңтарда дәрігерлер келіп, шығаратынын айтты, аурухананы қоршап алғандарын жеткізді. Біз қайда бармақпыз, тіпті төсектен де тұра алмадық. Ауруханада қалдық. 10 қаңтар күні таңғышымды ауыстыртып, дәрі тамызғышта жатқанымда ЖҚАЖ (СОБР) ауруханаға басып кіріп, телефондарды іздей бастады, катетерлерді жұлып тастады. Жараланған науқастардың барлығын дәлізге шығарды. Дүмбімен ұрып, ауруханадан алып шықты. Далада 30-40 адам болды, олар жерде жатты. Бізді де жатқызды. Бәріміз киімсіз едік. Жарты сағаттай жаттық. Содан кейін олар автозактарға тықты, жол бойы ұрып-соғып, кешкі 6-ға дейін апарды. ТИ-18-ге әкелді. Ол жерде 3 күн бойы ұрып-соғып, азаптады. Жауап алуға шақырған кезде, бәрі ұрып-соғылған күйде қайтып келіп жатты, біреудің үстіне қайнаған су құйылды. Олар митингке қай жерде қатысқанын, кімді өлтіріп, кімді тонағанын сұрады. 14 қаңтарда санкция бойынша сот болды, кішкентай ғана бос камера, мемлекеттік адвокат және хатшысымен бірге судья келіп, шешімді оқыды – 5 минут ішінде 2 айға санкция. Мен сотта айыптаумен келіспейтінімді, митингте болмағанымды айттым, ешқандай дәлел жоқ».

25 қаңтар күні Дарханды ешқайда кетпеу туралы қолхатпен шығарды. Оған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан деген айып тағылды. Айыптау тек тамыз айында ғана алынып тасталды. Дарханның денесінде әлі күнге дейін алынбаған оқ жүр. Азаптау және алған оқ жарақаты бойынша тергеп-тексеру барысы жайында Дархан бейхабар.

Сондай-ақ, негізінен Алматы қаласындағы ауруханалардың дәрігерлері мен қызметкерлерінің оқ жарақатымен түскен науқастарға қатысты әрекетсіздік танытуының, тіпті қатыгездікке қатысылығының көптеген дәлелдері құжатталды.

Алматы ТИ-18-ден 25 қаңтар күні ешқайда кетпеу туралы қолхатпен алғашқы болып босатылғандардың бірі Ұзынағаш кентінің 27 жастағы тұрғыны  Бақытбек Мухаметұлы болды.

Бақытбек әпкесімен бірге 6 қаңтар күні кешке, Алматы қаласының Республика алаңы ауданында олар мінген көлікке кенеттен оқ атылған кезде жараланды. Бақытбекке 12-ші қалалық ауруханада ота жасалды. 8 қаңтар күні кешке Бақытбекті жараланған басқа да  емделушілермен бірге, медицина қызметкерлері қарсылық танытпастан, ауруханадан күштеп алып, ТИ-18-ге әкетті, сол жерде  11 немесе 12 қаңтарға дейін ресми түрде тіркеместен ұстады, азаптады. 14 қаңтарда тергеу соты Б. Мухаметұлын жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты деп айыптаумен 2 айға қамауға алуға санкция берді. Сот Бақытбектің тәртіпсіздіктерге қатысы жоқтығы туралы қарсылықтары мен түсіндірмелерін ескерген жоқ.

Бақытбектің өзін ТИ-18-де ұстған күндердегі дәрігерлер туралы естеліктері мынадай:

«ТИ-18-де ұстаған кезде 12, 4, 7 қалалық ауруханалардан дәрігерлер келді, олар тігістерді, шлангтарды [катетерлерді] жұлып-жұлып алды. Егер оларға «Не істеп жатырсың!» десе, олар «Өзің білесің» деп жауап берді немесе жаралы жандардың өздеріне ұрысып берді. Тігістерін ерте алып тастап, соның салдарынан жаралары ашылып кеткен адамдар болды».

25 қаңтарда Бақытбек «Аманат» комиссиясының күш салуымен ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберілді.

Б. Мухаметұлы қалалық емханаларға медициналық көмек сұрап барғанында, оның жарақатты 2022 жылдың қаңтарында алғанын білгенде өзін ешбір жер қабылдамай қойғанын айтады. Тек 3 күннен кейін ғана Б. Мухаметұлы зорға дегенде 12 қалалық ауруханадан үзінді көшірме ала алды. «Сен жүріп жүрсің ғой, сенде бәрі де дұрыс»-деп,  оны ауруханаға жатқызудан бас тартты.

Құқық қорғау альянсының Құжаттандыру орталығының құрамына кіретін  Қазақстан ҮЕҰ-ның азаптауға қарсы коалициясы 2022 жылғы желтоқсан айының соңында өзінің атына келіп түскен азаптау және басқа да құқыққа қарсы әрекеттер туралы 190 хабарлама жайында хабарлады. Оның ішінде Алматы қаласынан – 46, Талдықорған қаласынан – 44, Тараз қаласынан – 33, Қызылорда қаласынан – 11, Атырау қаласынан – 12, Шымкент қаласынан – 7, Семей қаласынан – 7, Ақтөбе қаласынан – 6, Орал қаласынан – 6, Екібастұз қаласынан – 6, Қостанай қаласынан – 5, Өскемен қаласынан – 5, Қарағанды қаласынан – 1 және СҚО-дан – 1.

Коалиция тіркеген 190 хабарламадан бүгінде бастапқыда азаптау бойынша қозғалған 104 қылмыстық іс тоқтатылды, оның ішінде Тараз қаласында – 33 (33-тен), Алматы қаласында – 31 (46-дан), Қызылорда қаласында – 11 (11-ден), Шымкент қаласында – 6 (7-ден), Орал қаласында – 6 (6-дан), Екібастұз қаласында – 6 (6-дан), Ақтөбе қаласында – 5 (6-дан), Қостанай қаласында – 3 (5-тен), Семей қаласында – 1 (6-дан), Өскемен қаласында – 1 (5-тен). Атырау облысында қазіргі уақытта 18 жәбірленуші бойынша 1 қылмыстық іс тоқтатылды, Коалиция оның ішіндегі 8 жәбірленуші бойынша мониторинг жүргізуде. Істер негізінен қылмыс құрамының жоқтығынан немесе дәлелденбегендіктен тоқтатылды.

Қызылорда қаласында барлық 11 іс айыпталушылармен жасалған процестік  келісімдерге байланысты тоқтатылды. Бұл ретте, Азаптауға қарсы коалиция мүшесі, Қызылорда бойынша ҰАТ тобы жетекшісінің сөзіне қарағанда, ол жердегі тергеу изоляторына барғаннан кейін, оған ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимова да қатысқан, Тергеу изоляторының медициналық-санитарлық бөлімі тіркеп алған 60 адамға қатысты азаптауды қолдану белгілері анықталып, құжатталды. Мұны Азимова ханым Женева қаласындағы  Дүниежүзілік азаптауға қарсы ұйым ұйымдастырған онлайн кездесуде де растап берді және құқық қорғаушылардың қойған сұрағына жауап бере отырып, бұл ақпаратты Бас прокуратураға жібергенін хабарлады. Медициналық-санитарлық бөлім құжаттаған болжамды азаптаудың 60 жағдайынан, көріп отырғанымыздай, нәтижесінде 11 қылмыстық іс қозғалды, олардың барлығы кейіннен азаптау істері бойынша айыпталушылармен процестік келісімдер нәтижесінде тоқтатылды.

Таразда да Коалиция білетін сол жерде қозғалған азаптау туралы 33 істің барлығы тоқтатылды. Олардың арасында 45 жастағы Куаныш Айниязовтың да ісі бар.

13 қаңтар 2022 жылы таңғы сағат 11 шамасында полиция қызметкерлері Куанышты 13 жасар ұлымен бірге үйінен ұстап, еш ресімдеусіз Төле би көшесінің бойындағы әскери бөлімге жеткізді, ол уақытта қала полициясы сол жерде орналасқан болатын. Ол жерде мойындау айғақтарын беруін талап етіп, Куанышты жұдырықпен, аяқпен, резеңке таяқтармен жамбасынан, бүйрегі мен бауырынан ұрып-соқты. Оны ұрып-соғуға, Куаныштың айтуы бойынша, азаматтық киім киінген алты қызметкер қатысқан. Осы уақыт бойы оның жанында кәмелетке толмаған ұлы болған, ол қатты қорқып, әкесін ұрмауларын өтіне берген. Баланың жасаған өтінішіне жауап ретінде қызметкерлердің бірі басына мылтық тақап, оқ атамын деп қорқытты. Ұлын сол күні кешірек, ал Куанышты 15 қаңтарда босатты. Осы уақыт бойы, бостандыққа шыққанға дейін, оны ауық-ауық ұрып-соғып отырды. 19 қаңтар күні Куаныш жарақаттану пунктіне барды. Ол жерде оған медициналық көмек көрсетіп, сол жақ қол буынының сынығы мен бірнеше соққы орнын тіркеді. 9 ақпанда, бірнеше рет жауап алуға шақыртқаннан кейін Куанышты жаппай тәртіпсіздіктерге қатысы бар деген күдікпен қамауға алып, тергеу изоляторына қамады. Тергеу изоляторына орналастырған кезде Куаныштан әлі де кете қоймаған ұрып-соғу іздері мен қолының сынғандығы тіркелді. Куаныштың сөзіне қарағанда ол өзін ұрып-соққандарды қазірдің өзінде оңай танып бере алады. Сонымен қатар, ол өзін ұрып-соққан екі полиция қызметкерінің, сондай-ақ сол кезде қатысқан екі прокуратура қызметкерінің тегін көрсетеді.

Куаныштың прокуратураға берген өзін азаптау туралы арызы Жамбыл облысының Ішкі істер департаментінің (ІІД) Жеке қауіпсіздік басқармасына (ЖҚБ) берілді. ІІД ЖҚБ қылмыстық іс қозғамастан-ақ, тексеруді «дәлелденбеуіне байланысты» тоқтатты. К. Айниязов қайтадан арыз бергеннен кейін ҚР ҚК 146-бабының 2-бөлігі «Азаптау» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алайда, 2022 жылдың мамыр айының басында бұл іс те «дәлелденбеуіне байланысты» тоқтатылды. Куаныш Айниязовтың азаптау жөніндегі істің тоқтатылуы туралы шағымына Бас прокуратураның берген жауабында «Жамбыл облысының ПД қызметкерлерінің құқыққа қайшы әрекеттері туралы тауып айтылған дәлелдер, К. Айниязовтың өзінің берген айғақтарынан басқа, объективті растамасын тапқан жоқ» делінген. Тергеу «жәбірленуші К. Айниязовқа жарақаттардың өзі айтқан мән-жайларда келтірілгендігін» жоққа шығармаған және «сол жақтағы алақан сүйектің 5-негізінің жабық сынығы мен сол жақ иықтың, сол жамбастың қанталаған жерлері олардың келтірілу механизмі мен таралуы тұрғысынан алғанда жәбірленуші К.А. Айниязовтың берген айғақтарына сәйкес келетіндігін» растап берген сот-медициналық-криминалистік сараптаманың қорытындысын елемеді. Алайда тергеу «К.А. Айниязовқа қатысты қандай да бір заңсыз іс-әрекеттің жасалмағандығын» мәлімдеген полиция қызметкерлері мен олардың басшылығы берген айғақтарды қанағат тұтты

.

Азаптауға қарсы коалицияның мәліметтері бойынша, бүгінгі таңда соттарда Талдықорған қаласында азаптау туралы 1 іс (жәбірленушілер тобы мен ІІО-ның айыпталушы 5 қызметкеріне қатысты) және Алматы қаласында 1 іс қаралуда.

International Partnership for Human Rights (Бельгия), Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясы және L’organisation mondiale contre la torture  (Швейцария) секілді ұйымдармен ынтымақтаса отырып, материалдар бойынша, соның ішінде Құқық қорғау альянсының Құжаттандыру орталығының материалдары бойынша дайындалған, қаңтар айындағы оқиғалар кезіндегі азаптаудан азат болу құқығы жөніндегі «Біз бұдан былай жыламаймыз да» атты егжей-тегжейлі баяндама 2023 жылдың 31 қаңтарында шығады.

Атыс қаруын қолдану нәтижесінде азаматтық тұлғалардың қайтыс болуы фактілері бойынша бүгінде 1 адам сотталды: Талдықорған қаласындағы десанттық-шабуылдау әскерінде келісімшарт бойынша қызмет етіп жатқан, 24 жасар шопан Ерназар Қырықбаевты атып, «Билікті асыра қолданғаны» үшін кінәлі деп танылған 21 жастағы Марк Злуняевке сот 6 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны белгіледі.

Қызылорда қаласында әскери қызметші Мадияр Кайсаровтың қайтыс болуы фактісі бойынша Казбек Кудайбергенов 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеп-тексеру мен шығарылған үкім көптеген сауалдар,  әсіресе әділ сот құқығы мен азаптаудан азат болу құқығы тұрғысында сұрақтар тудырады.

9 қаңтар 2022 жылы түнге қарай 3 кішкентай баланың әкесі,  30 жастағы қызылордалық Казыбек Кудайбергеновты оның отбасының көзінше, себебін түсіндірместен, шизофренияға шалдыққан  бауырымен бірге Қызылорда қаласындағы үйінен алып кетті. Қалалық полиция бөліміне жеткізілгеннен кейін де ағайындыларға оларды ұстау себептері түсіндірілген жоқ. Оның орнына Казыбектің ағасын басынан ұрып-соғып, ал Казыбектің өзін келесі 3 аптаға жуық уақыт бойы «Aray City Mall» СОО маңындағы демонстранттарды тарату кезінде қаза тапқан әскери қызметшіні өлтіргенін мойындауға мәжбүрлей отырып, ұрып-соқты, пластик пакетпен тұншықтырып, жараланған аяғының үстіне секіріп азаптады. Ұрып-соғудан және азаптаудан қажып кеткен К. Кудайбергенов өз-өзіне қол жұмсамақ болды, алайда мұны көрген камераластары ара түсіп, ойына алған ісін жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Жарақатының уақытылы және дұрыс емделмеуі салдарынан К. Кудайбергеновтың аяғы бүгілмейді, бауыры, бүйрегі, асқазаны мазалайды. Казыбек Кудайбергеновтың жұбайы Іңкәрім Сұлтанова « К. Кудайбергеновтың адал есімін құтқарып қалу үшін, балаларының болашағы үшін бәріне дайын».

Осы және Құқық қорғау альянсының Құжаттандыру орталығы бүгінгі таңға жинаған басқа да көптеген жайттар шындыққа шақырады. Алайда ресми тергеп-тексерулер баяу жүруде. Жоғарыда айтылып кеткендей, өлім және азаптау фактілері жөніндегі істер қылмыстық құқық бұзушылық құрамының немесе жайттарының болмауына, болмаса дәлелденбеуіне байланысты тоқтатылып жатыр.

Айыптау материалдарының басым көпшілігі құпияландырылған, оларға айыпталушылардың адвокаттары мен айыпталушылардың өздері қол жеткізе алмайды. Айыпталушылар мен олардың адвокаттары іс жүзінде тергеу шараларының жоқтығын айтады. Негізінен, байқап қарасақ, айыптаулар көшедегі бақылау камераларынан, қызметтік камералардан немесе телефондардан алынған бейнематериалдарға негізделуде. Көптеген айыпталушылар өз істерінің әлдеқайда ауыр іске қайта саралануынан қорқады, олардан және олардың адвокаттарынан жария етпеу туралы қолхаттар алынып қойған, сондықтан байланысқа да қорқа-қорқа барады.

Қаңтар айындағы оқиғалар бойынша күдіктілер, айыпталушылар мен жәбірленушілер алған жарақаттарына байланысты немесе көрген азаптаулары нәтижесінде, тіпті бостандықта жүрсе де, денсаулығы жағынан күрделі проблемаларды бастарынан өткеруде, сол проблемалар қалыпты өмір сүруге немесе жұмыс істеуге мүмкіндік бермеуде.

Барлығы мемлекет тарапынан тергеп-тексеру барысы жөніндегі жария ақпараттың жоқтығымен күрделене түсуде.

Іргелі құқықтарды қолдайтын Құқық қорғау Альянсы 2022 жылдың қаңтар айында орын алған оқиғаларға халықаралық тергеп-тексеру жүргізуді талап етеді. Осыдан 10 жыл бұрын, 2012 жылы Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғалардың ізімен Қазақстанға БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Нави Пиллэй келіп: «Мен осыншама адамның өліміне әкеп соқтырған оқиғаларға қатысты осындай екіұштылық Қазақстанның беделіне қатты зиянын тигізеді деп пайымдаймын. Осының нәтижесінде мен Үкіметке жалғыз жол – осы  сұрақтарға біржола шынайы жауап алуды, сондай-ақ осы қайғылы оқиғалардың астын сызып – оқиғалардың өзін, олардың себептері мен салдарын тәуелсіз халықаралық тергеп-тексеруге рұқсат беруді ұсындым»-деп атап өткен болатын.

Айтылған осы бір сөздер бүгінде өзекті болып қала беруде, өкінішке орай, ендігі  біздің отандастарымыздың жаңа өліміне байланысты болып отыр.

Қаңтар оқиғаларына гибридті форматтағы[2]  халықаралық тергеп-тексеруді жүргізу туралы талаптарды ірі халықаралық ұйымдар да қолдап отыр. Human Rights Watch-тың атқарушы директоры Кеннет Рот 2022 жылдың ақпан айында болған ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесуінде, 2011 жылы Жаңаөзенде орын алған оқиғаларды де еске ала отырып, былай деді: «Қазақстан билігі жауапкершілік пен сот төрелігін қамтамасыз етуге қабілетсіздігін немесе құлықсыздығын бірнеше рет көрсетті. Халықаралық сарапшылардың қатысуымен бірлескен тергеп-тексеру – бұл осы жолы табысқа жетудің ең жақсы амалы»[3].

Жариялылық жоқ атмосферада әділеттілік қалпына келеді-ау деген үміт барған сайын азая береді, алайда адам құқықтарының бұзылуы жайттарының құрбандары және болған оқиғаның дәлелдерімен бөлісуге дайын адамдар барда Құқық қорғау альянсының Құжаттандыру орталығы жұмысын жалғастыра береді және Қаңтар оқиғалары жайында бөлісер ақпараттарыңыз болса, email Qantar@Misk арқылы байланысуды сұрайды.


[1] Іргелі құқықтарды қолдайтын Құқық қорғау альянсы – бұл Қазақстандық адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның бастамасымен 14 қаңтар 2022 жылы құрылған қазақстандық құқық қорғау ұйымдарының, коалициялардың және жекелеген сарапшылардың бірлестігі. Іргелі құқықтарды қолдайтын Құқық қорғау альянсы туралы өтінішті қарау: https://bureau.kz/novosti/zayavlenie-o-sozdanii-pravozashhitnogo-alyansa/

[2] Халықаралық мамандарды тарта отырып, бірлескен тергеп-тексеру

[3] https://www.hrw.org/ru/news/2022/02/14/381132