Адам құқықтары жөніндегі халықаралық серіктестік (International Partnership for Human Rights, IPHR) және дам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы (АҚмЗСЖҚХБ) Қазақстанда Қытайдағы этникалық азшылықтарға қарсы жүргізіліп жатқан репрессияларға наразылық білдірген белсенділерге қатысты қозғалған қылмыстық істің пікір білдіру, бейбіт жиналу және бірлесу бостандықтарын қорғайтын халықаралық адам құқықтары стандарттарына сәйкес келмейтініне елеулі алаңдаушылық білдіреді. Екі ұйым да қылмыстық қудалауды тоқтатуға және белсенділерді босатуға шақырады.
2025 жылғы 13 қарашада полиция «Атажұрт» қозғалысына қатысы бар 19 белсендіні Алматы облысында, Қазақстан–Қытай шекарасына жақын жерде өткен бейбіт наразылық акциясынан кейін ұстады. Акцияға қатысушылар Қытайдағы этникалық қазақтардың қудалануына назар аудартуды және 2017 жылы Қытайдың Шыңжаң өңірінен Қазақстанға қоныс аударған, алайда 2025 жылғы шілдеде Қытайға жұмыс бабымен барған сапары кезінде ұсталған этникалық қазақ Алимнұр Турғанбайды босатуды талап етті. Оның Қытайдағы нақты қайда екені мен құқықтық мәртебесі әлі күнге дейін белгісіз. Сонымен қатар белсенділер Қытайдың Қазақстандағы саяси және экономикалық ықпалының күшеюіне алаңдаушылық білдірді.
Наразылық акциясы барысында белсенділер Қытайдың үш шағын туын және ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің портретін өртеп, оларды аяқтарымен таптады. Акцияның бейнежазбалары әлеуметтік желілерде таратылды.
Полиция ұстағаннан кейін наразылыққа қатысқан 12 адам 7–15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, қалғандары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы («ұсақ бұзақылық») бойынша айыппұлға тартылды. Келесі аптада билік белсенділерге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабының 2-бөлігі бойынша — адамдар тобы жасаған «ұлтаралық, ұлттық немесе өзге де араздықты қоздыру» айыбымен анағұрлым ауыр қылмыстық іс қозғады. Аталған бап 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Он үш белсенді 10 тәулікке қамауға алынды. Олардың қатарында Бекзат Максутхан, Бақытнұр Нұрмұқан, Батылбек Байғазы, Беделхан Қабилешім, Марғұлан Нұрданғазы, Бейсенәлі Ақжигіт, Нұргелді Нұрсапа, Еркінбек Нұрақын, Ерғали Нұрлыбаев, Ербол Нұрлыбаев, Тұрсынбек Қаби, Қанат Тұрдыбай және Қуандық Қожанов бар. Тағы алты адам — Назигүл Максутхан, Гүлнар Шаймурат, Гүлдария Шеризат (Турғанбайдың жұбайы), Бақытжан Шұғыл, Асылхан Қолхаев және Аян Қалымбет — үйқамаққа алынды. 2025 жылғы қарашаның соңында қамау мен үйқамақ мерзімдері тағы екі айға ұзартылды.
Шектеу шаралары мен психологиялық қысымның әсері жүкті белсенді Назигүл Максутханның денсаулығы мен әл-ауқатына айтарлықтай қауіп төндіріп отырғаны ерекше алаңдаушылық туғызады.
Қылмыстық іс қозғалғанға дейін Қытайдың Алматыдағы Бас консулдығы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық нота жолдап (оның көшірмесі осы мәлімдемені жасаған ұйымдардың қолында бар), әлеуметтік желілерде таралған наразылық бейнежазбасына алаңдаушылық білдіріп, оқиғаны тергеп, оған «тиісті шаралар» қолдануды сұраған. Белсенділерге тағылған айыптау актісінде бұл нотаға тікелей сілтеме жасалған.
Қазіргі уақытта тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды. Алғашқы сот отырысы 2026 жылғы 21 қаңтарда Талдықорған қаласында өтеді деп жоспарланған.
Бұл қылмыстық іс Қытайдың Шыңжаң өңіріндегі репрессиялық саясаты аясында этникалық қазақтар мен өзге де түркі халықтарының қудалануын әшкерелеуге көп жылдан бері ұмтылып келе жатқан «Атажұрт» қозғалысына қарсы қысымның кең ауқымды тәжірибесінің бір бөлігі болып табылады. Қазақстан мен Қытай арасындағы тығыз әрі тереңдей түскен байланыстар жағдайында бұл мәселе саяси тұрғыдан сезімтал болып қала береді. Билік «Атажұрт» қозғалысын саяси партия ретінде тіркеуден «техникалық себептермен» бас тартып, оның мүшелерін бейбіт наразылықтарға қатысқаны немесе тіркелмеген ұйымның қызметіне араласқаны үшін бірнеше рет ұстап, айыппұл салған. 2019 жылы қозғалыстың негізін қалаушы Серікжан Билаш Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша қудаланып, кейін елден кетуге мәжбүр болды.
Қазақстан билігі Турғанбайдың Қазақстан азаматы екеніне қарамастан, оның ісі бойынша белсенді ұстаным танытпағаны байқалады. 2025 жылғы тамызда отбасының бірнеше мәрте өтінішінен кейін Сыртқы істер министрлігі Қытай билігі Турғанбайды әлі де Қытай азаматы деп санайтынын, себебі ол азаматтықтан шығуға рұқсат алмаған-мыс және Қытай қос азаматтықты мойындамайтынын хабарлағанын мәлімдеді. Алайда туыстарының айтуынша, Турғанбай 2017 жылы Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін Қытай азаматтығынан ресми түрде бас тартып, бұл жөнінде тиісті растау алған. Қытай билігінің оны ұстауының құқықтық негіздері де, Қазақстан үкіметінің оны қорғау үшін қандай нақты қадамдар жасағаны да түсініксіз күйінде қалып отыр.
Сонымен қатар Турғанбайдың туыстары оның ісіне назар аудартуға тырысқан кезде қорқыту мен қудалауға ұшырады. Атап айтқанда, оның жұбайы мен қызы 2025 жылдың жазында оның ісіне назар аудару және биліктен қолдау сұрау мақсатында өткізілген қоғамдық акциялар кезінде жиналыстар туралы заңнаманы бұзды деген желеумен бірнеше рет ұсталып, айыппұл салынып, полиция тарапынан ескерту алған.
«Атажұрт» белсенділеріне қолданылған Қылмыстық кодекстің 174-бабы өте кең әрі бұлыңғыр тұжырымдалған және сын пікірлерді тұншықтыру үшін бірнеше рет пайдаланылған. Адам құқықтары жөніндегі халықаралық сарапшылар, соның ішінде БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті, бұл баптың анық еместігін және оны қолдану тәжірибесінің пікір білдіру, бейбіт жиналу және бірлесу бостандықтарын шамадан тыс шектейтінін сынға алған. 2020 жылғы қорытындысында БҰҰ-ның Еркінен тыс қамаулар жөніндегі жұмыс тобы биліктің «Атажұрт» негізін қалаушы Серікжан Билашты ұқсас айыптармен ұстауы оның негізгі бостандықтарын жүзеге асырғаны үшін заңсыз қудалау болғанын мойындады.
Айыптауға сілтеме жасалған мемлекеттік сарапшылар наразылық білдірушілердің әрекеттерінде қытай халқына қарсы ұлттық араздықты қоздыру белгілері, сондай-ақ Қытай азаматтарының ұлттық қадір-қасиеті мен абыройын қорлау және мемлекеттік рәміздерді құрметтемеу көрініс тапты деген қорытындыға келген.
Алайда наразылыққа қатысушылар қытай халқына деген өшпенділікті насихаттаған жоқ, керісінше Қытай билігінің этникалық азшылықтарға қатысты саясаты мен әрекеттерін, соның ішінде Турғанбай ісін сынға алып, Қытайдың Қазақстандағы саяси және экономикалық ықпалының күшеюіне қарсы пікір білдірді. «Қытайға жол жоқ!», «Коммунистік партияға жол жоқ!», «Си Цзиньпинге жол жоқ!» деген ұрандар айтылғанымен, акция бейбіт сипатта өтті және зорлық-зомбылыққа, өшпенділікке немесе кемсітушілікке шақыру болған жоқ. Сонымен қатар бұл наразылық ұсталған туысы мен серіктесінің тағдырына қатысты ұзаққа созылған белгісіздік, сондай-ақ Шыңжаңдағы Қытай үкіметінің репрессиялық науқанына деген ашу-ыза аясында өтті. Бұл науқан кезінде олардың көптеген туыстары «қайта тәрбиелеу лагерьлеріне» қамалып, ауыр жағдайларға ұшыраған.
Осылайша, бұл акция адам құқықтары жөніндегі халықаралық стандарттар тұрғысынан ұлттық өшпенділікті тыйым салынған түрде қоздыру болып табылмайды. Мұндай стандарттар қылмыстық жауапкершілікті тек ерекше шектеулі жағдайларда — белгілі бір ұлттық топқа қарсы айқын арандату ниеті болғанда және сөздің жақын арада нақты зиян келтіру қаупі туындағанда ғана қолдануға жол береді.
Шетелдік туларды немесе мемлекеттік рәміздерді қорлау кейбір ұлттық құқықтық жүйелерде қорлайтын әрі қылмыстық іс ретінде қарастырылуы мүмкін болғанымен, бейбіт наразылық аясында, осы жағдайдағыдай, ол пікір білдірудің бір түрі болып табылады.
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті атап өткендей, халықаралық адам құқықтары құқығы пікір білдіруді тек оның қорлайтын немесе кемсітетін сипатына бола шектеуге жол бермейді. Кез келген шектеу нақты әрі тікелей қауіптің немесе елеулі қоғамдық тәртіпсіздіктің алдын алу сияқты заңды мақсатты көздеуі және қажеттілік пен пропорционалдықтың қатаң талаптарына сай болуы тиіс. Еуропалық адам құқықтары сотының практикасына сәйкес, бейбіт наразылықтар кезінде тулар мен мемлекет басшыларының портреттерін өртеу қорғалатын саяси пікір білдіру нысаны ретінде қарастырылуы мүмкін. Венеция комиссиясы мен ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы наразылықтың үнін күшейтуге бағытталған азаматтық бағынбау әрекеттері оның бір бөлігі болуы мүмкін екенін және мұндай әрекеттер үшін қолданылатын кез келген жаза қатаң түрде пропорционалды болуы тиіс екенін атап өткен.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, «Атажұрт» белсенділеріне қатысты қылмыстық іс Қазақстанның адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелеріне сәйкес келмейді. Мұндай сипаттағы бейбіт, зорлық-зомбылықсыз наразылық әрекеттері үшін, әсіресе бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық санкцияларды қолдану ақталмайды. Осыған байланысты Қазақстан билігі:
– Қылмыстық кодекстің 174-бабының 2-бөлігі бойынша «Атажұрт» белсенділеріне тағылған айыптарды алып тастап, оларды дереу босатуы;
– Қудалауға ұшыраған белсенділердің, әсіресе Назигүл Максутхан мен оның әлі дүниеге келмеген баласының денсаулығы мен әл-ауқатын қорғауды қамтамасыз етуі;
– «Атажұрт» белсенділері мен Алимнұр Турғанбайдың туыстарын қудалауды тоқтатып, олардың азаматтық қызметін қорқыту мен қысымсыз жүзеге асыруына кепілдік беруі;
– Өз отандастарының құқықтарын қорғауға ұмтылған азаматтық қоғам өкілдерімен оларды басудың орнына сындарлы диалог орнатуы; Қылмыстық кодекстің 174-бабын халықаралық адам құқықтары стандарттарына сәйкестендіріп, оны саяси тұрғыдан сезімтал немесе билікке қолайсыз, бірақ кемсітушілікке, өшпенділікке немесе зорлық-зомбылыққа үгіттемейтін бейбіт пікір білдіруді қудалау үшін қолданбауды қамтамасыз етуі тиіс.
