Мирболат Мырзатайұлын Тараз түрмесіне әкетті
  • Басты
  • >
  • Мирболат Мырзатайұлын Тараз түрмесіне әкетті

Мирболат Мырзатайұлын Тараз түрмесіне әкетті

15.01.2026

Төрт жылға бас бостандығынан айрылған қоғам белсендісін қалалық соттың қаулысы шықпай жатып, Алматыдағы түрмеден Тараздағы абақтыға ауыстырды

Ұлтаралық араздықты қоздырды деп айыпталып, 174-баппен төрт жылға бас бостандығынан айрылған блогер әрі қоғам белсендісі Мирболат Мырзатайұлын апелляциялық шағымның қаулысы шықпастан, Алматы түрмесінен Тараз абақтысына ауыстырды. 

Мырзатайұлының әйелі Гүлшат Бишуинованың хабарлауынша, 12 қаңтар күні түнде қоғам белсендісін Алматы түрмесінен әкетіп, Тараздағы №67 мекемеге орналастырған. Мирболат Мырзатайұлының қорғаушысы Жанар Балғабаеваның айтуынша, бұл заңсыз. Себебі, блогерге қатысты апелляциялық шағым әлі қаралмады. Заң бойынша, бірінші сатыдағы соттың үкімі шыққан соң сотталушының оған қалалық сотқа шағымдануға қақысы бар. Одан кейін үкім өзгеріссіз қалса, сотталушыны жазасын өтеу мекемесіне ауыстырады. Мирболат Мырзатайұлы мен оның қорғаушысы Алматы қалалық сотына шағым түсіріп, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасымен келіспейтінін білдірген. Процесс өткенше, Мырзатайұлы Алматыдағы мекемеде отыруы тиіс еді. 

Мирболат Мырзатайұлын не себепті Тараз түрмесіне әкетті деген сауал туындайды? Әлеуметтік желілерде «Мирболаттың сотына мың адам қатысамыз» деген науқан басталған еді. Яғни, қоғам белсендісінің апелляциялық шағымы қаралатын кезде Алматы қалалық сотының алдына бір мың адам жиналып, оның бостандығын талап етпек болды. Бәлкім, билік осыдан сақтанды ма деген сұрақ туындайды. Қалай болғанда да, Мырзатайұлын басқа қаланың абақтысына ерте алып кетуі – қандай негізден туған шешім екені беймәлім.

Естеріңізге сала кетсек, Мирболат Мырзатайұлы былтыр қыркүйек айында ұсталып, оған қоқыс жинайтын мекеме басшысынан мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткені үшін «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген бап іліп, Алмалы аудандық соты оны төрт жылға түрме жазасына кесті. 

Белсендіге араша сұраған қоғам қайраткері Дос Көшім бұған қатысты былай деген еді: «174 бапты алып тастау керек деген мәселе біраз уақыттан бері көтерілді. Әрине, бұл алдағы уақытта тағы да талқыланатын мәселе. Менің айтарым, 174 баптың нақты шарттары қарастырылуы керек. Қандай іс әрекеттер жасалғанда бұл баппен жазаға тартады деген. 174-бап қазақ ұлтының азаматтарына қатысты көбірек қолданылады. Бұл да қарастырылуы керек жағдай. Ал енді Мирболаттың ісін алсақ, мынадай пікір айтар едім. Коммуналды қызметтің басшысының өзін қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Орыс тілі мемлекеттік тіл деп айтты. Бұл жалған ақпарат тарату емес пе? Одан кейін Мирболатты «нацист» деп жатыр. Бұлай айтудың өзі заңға қайшы емес пе? Басшылық қызметте отырған адам мемлекеттік тілді білуі тиіс. Испания конституциясында «әрбір испан азаматы мемлекеттік тілді білуі керек» деген норма бар. Бізде неге ондай жағдай жоқ? Мирболатты «сіз қазақтарға қарсысыз ба?» Деген бір ауыз сөзі жоқ түрмеге жапты. Бірақ, оның қай жерінде қылмыс бар? Сот сараптамасын қайта өткізу қажет. 174-баптың бірде бір белгісі жоқ мына сөзінде Мирболаттың. Бәлкім, сараптама жасаған мамандар орыс ұлтының өкілімен сөйлескен соң осындай қорытындыға келген шығар. Бірақ, бұл қазақтарға да қатысты қолданылатын әңгіме. Мәселе ұлтында емес. Қайта сол коммуналды қызмет басшысы жазаға тартылуы тиіс. Қайтадан сараптама өткізу керек». 

Десе де, билік органдары белсенділердің бұл талабына құлақ аспай отыр. Алматы қалалық соты қандай тоқтамға келетінін уақыт көрсетеді.