Қамалған белсенділердің жақындары қудалауды тоқтатуға шақырды
  • Басты
  • >
  • Қамалған белсенділердің жақындары қудалауды тоқтатуға шақырды

Қамалған белсенділердің жақындары қудалауды тоқтатуға шақырды

17.11.2025

Қытай туын өртегені үшін әкімшілік қамауға алынған белсенділердің туыстары оларды босатуды талап етті

2025 жылы 13 қарашада  тіркелмеген “Атажұрт” партиясы мүшелері Қытай билігінің Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды 125 күн бойы еш себепсіз қамап отырған әрекетіне байланысты “Қалжат” шекарасына жақын маңда бейбіт наразылық шарасын өткізген болатын. Аталған бейбіт әрекет үшін Қазақстан билігі  12 мүшемізді сол күні әкімшілік қамауға  алды, 6 адамға әкімшілік айыппұл салды. Ал 15 қараша Астанадағы 4 мүшемізді «митингке шақырдың» деген көпе-көрнеу  жаламен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алды. 

«Атажұрт» тіркелмеген партиясы мүшелерінің бұл акциясы қоғамда талқыланды. Бірі бұл іс шараға қолдау білдірсе, енді бірі мұны «арандату» деп бағалады. Басқа мемлекеттің туын өртеу бірқатар елдерде болып тұрады. Әсіресе, митингтерде, бейбіт шерулерде ондай жағдайлар кездеседі. Бірақ, Қазақстанда бұрын соңды Қытайдың туы не басқа мемлекеттің рәмізі өртелмеген еді. Ұйғыр ауданына барған 30-ға жуық азамат Қытай туын өртеп, оны әлеуметтік желіге салған соң полиция бұған қатысты жаза қолданылатынын ескертті. Оқиға орнына келген полиция топты таратып, қатысушыларды ұстады. “Материалдарды сотта қарау қорытындысы бойынша 12 азамат ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынды.

Сонымен қатар, тағы 6 қатысушыға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды”, – делінген ресми хабарламада. 

Одан бөлек, қазір тергеу әрекеттері жалғасып жатқанын да ескертті полиция қызметкерлері. Әкімшілік қамауға алынғандар ары қарай қылмыстық жазаға да тартылу қауіп бар. 

Осыған байланысты тіркелмеген «Атажұрт» партиясының өкілдері Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, бұл жағдайға өз алаңдаушылығын білдірді. 

Алдымен сөз алған заңгер Нәзигүл Мақсұтхан былай деді: «Облыстық полиция департаментінің алдында шеруге шақырды деп әкімшілік қамауға алды. Ал шын мәнінде, бұл оның аккаунты емес. Ондай жазба мүлде қалдырмаған. Бұл көпе көрінеу жала жабу екені сөзсіз. Басқа азаматтарға да тура сондай жала жабылды. Біреуіне «Мұхтар Әблзяовтың жазбасының астына пікір қалдырып, митингке шақырды» деп айыптаған. Алайда, бұл өтірік. «Атажұрт» партиясының мүшелері бір бірімен ақылдаспай, ешкімді де митингке шақырмайды. Бұл жала жабу екені анық. Билік заңды белшеден басып отыр қазір».

Дина Нұрдыбай, қытай концлагерінде болған азаматша мынаны айтты: «Нұрлан Күдебай ағамыздың шақыртуымен бардық. Бізді қолдап жүрген қазір «Атажұрт» партиясы екені анық. Бәріміз бас қосып жиналдық. Бізбен бірге Тұрғамбай деген Қытайда ұсталған азаматтың жары Гүлдария ханым да барды. Қытайда қазақ ұсталды десе, бұл жанымызға батады. Күйеуімді осы Қалжат бекетінен алып кетті деді. Біз осы кісіге қолдау көрсетейік деп шештік. Қытайдағы қазақтарға бостандық берсе деп талап қойдық. Қазақстанда қытайлар емін еркін жүр. Оларға артық ештеңе айтып отырған жоқпыз. Қытайда өзіміз концлагерьде отырып келдік. Қаншама қиындықтан өттік. Қытайда дүние мүлкіміздің бәрі қалды. Түгел тәркілеп алды. Заңсыздыққа ұшырадық ол елде. Біздің айтып отырғанымыз – Қытайда қудалау тоқтасын дейміз. Қытайда сотталдық. Енді Қазақстанға келіп сотталуымыз керек пе? Өз құқығымызды талап еткеніміз үшін жазықтымыз ба? Қытайда ұсталған Әлімнұр Тұрғанбайды бостандыққа шығаруды талап етеміз. Иә, туды өртедік. Бірақ, одан кім зардап шекті? Біреуді өртеген жоқ. Тіпті күл қоқысқа дейін жинап алдық. Мұның қай жері қылмыс?»

Белсенді Гүлнар Шаймұрат мына нәрсеге назар аударды: «Қытайда аз ұлттарға қатысты қудалау жасалып жатқанын әлемдік ақпарат құралдары ашық жазды. Оның ішінде, қазақ та, ұйғыр да бар екені белгілі. Қазір Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим орнады. Соның салдарынан Қытай азаматтары көптеп келіп жатыр елімізге. Мұның арты демографиялық экспансияға әкелуі мүмкін емес пе? Қазір Қытайда Әлімнұр Тұрғанбайды қамауда ұстап отыр. 130 күн болды түрмеде жатыр. Неге оған үкімет араша түспейді? Ол Қазақстан азаматы емес пе? Бұл нағыз бассыздық емес пе? Тәуелсіз мемлекет болсақ, өз азаматтарымызды қорғай алуымыз тиіс емес пе? Тұрғанбайдың денсаулығы қандай екені белгісіз. Ешкімге көрсетпейді. Сыртқы істер министрлігі оны қорғауға жарамай отыр. Сол үшін біз 13 қараша күні Қалжат бекетіне барып, Қытайдың туын, оның басшысының суретін өртедік. Бұл біздің наразылық акциямыз деп айтқымыз келеді. Қытай экспансиясына қарсымыз! Қытаймен визасыз режимге наразымыз. Соны білдіргіміз келді. Қытайда қазірдің өзінде қаншама қазақ азаматы түрмеде отыр. Қандастарымызды абақтыға қамады. Қытайда қазір қазақ мектебі жоқ. Қамалған мұғалімдер де бар. Оларды негізсіз ұстады. Неге бостандыққа шығармайды?»

Оралхан Әбен былай деді: «Күйеуім Тұрсынбекті он бес тәулікке қамап тастады. Қытайдың туын өртеді, оның басшысының суретін өртеді деп түрмеге отырғызды. Оның денсаулығы нашар онсыз да. Өзі әрең жүреді. Қытайда концлагерьде отырды. Енді қазір Қазақстанның түрмесіне қамауға алды. Бұл нағыз қудалау емес пе?»

Гүлдария Шеризат: «Әлімнұр Тұрғанбайдың жұбайымын. Ол төрт айға жуықтады Қытай түрмесінде қамауда отыр. Ешқандай қылмыс жасамады. Сонда да оны жібермейді. Қытай оның жасаған қылмысы туралы ешқандай да мәлімет бермеді. Айып тақпады. Не себепті оны түрмеде ұстайды? Құқығы аяқасты болып отыр. Қазақстан билігі оған ешқандай көмек көрсетпейді. Сыртқы істер министрлігі араласпайды бұл шаруаға. Олардың айтуынша, Әлімнұр 2018 жылы Қытайда заңбұзушылық жасады дейді. Бірақ, ол Қазақстанға 2016 жылы көшіп келді. Қалай Қытайда қылмыс жасайды? Сол қылмыс жасады деген кезде ол Қазақстанда жүрді. Әлімнұр Қазақстан азаматы. Ол Отанына оралуы тиіс. Ешқандай қылмыс жасамаған адамды не үшін түрмеде ұстайды?».

Тіркелмеген «Ата жұрт» партиясының мүшелері ұсталған азаматтарды босатуды, Қытай экспансиясына наразылық білдірген азаматтарды қудалауды тоқтатуға шақырды.