• Басты
  • >
  • Саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алды

Саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алды

02.06.2025

Алматыда бір топ белсенді саяси қуғын сұргін құрбандарын еске алып, Қарасай батыр көшесіндегі ескерткіш алдына барды. Бұл күннің қарсаңында еліміздің ондаған қаласында саяси белсенділерді әкімшілік жазаға тартып, біраз адамды қамауға алған болатын. Оған себеп – саяси қуғын сүргінге қарсы шеру өткізуге әкімдіктерге ескерту жолдануы болды. Сол қудалаудың салдары ма, 31-мамыр күні Алматыда саяси репрессия құрбандарын еске алуға келгендердің шоғыры аз болды. 

Арон Атабектің саяси серігі, қоғам белсендісі Мұратбек Есенғазы репрессияға ұшыраған өзінің атасы – Алматов Есенғазы мен 15 жылын түрмеде өткізіп, шыққан соң көп ұзамай қайтыс болған Арон Атабектің суреттерін алып шықты. Бұл сонау Кеңес дәуірінде болған репрессияның жалғасы тәуелсіз Қазақстанда да орын алып жатыр дегенді білдірсе керек. Шынында да, саяси қудалау қазіргі күні де жоқ деп ешкім айта алмайды. Шындықты, ақиқатты айтқан, билікті сынға алған журналистер, қоғам белсенділері тар қапаста отыр. Мұны тек Қазақстан жұртшылығы емес, халықаралық ұйымдар да айтып отыр. 

Алайда, билік мұны мойындайтын түрі байқалмайды. Президент Тоқаев катарлық Аль-Джазира арнасына берген сұхбатында Қазақстандағы адам құқығы жағдайын сынаған ұйымдардың сөзіне мән бермейтінін ашық мәлімдеді. ЕҚЫҰ сынына қатысты ол былай деді: «Қазақстан демократиялық мемлекет болып табылады. Біз бұған қол жеткізу үшін көп жұмыс атқардық. Сол себепті ЕҚЫҰ берген бағалар мен үшін маңызды емес, өйткені бұл ұйым бір жақты. Соған қарамастан, біз ЕҚЫҰ институттарымен тығыз ынтымақтастық орнатуға ұмтыламыз. Біз бұл ұйымның белсенді мүшелерінің біріміз. 2010 жылы біз саммит өткіздік — ол осы күнге дейінгі соңғы саммит болды. Соңғы 15 жылда бұл ұйым бірде-бір саммит өткізген жоқ. Осыдан кейін ЕҚЫҰ-ның ұйым ретінде қаншалықты тиімді екенін бағамбай беріңіз. Бірақ тағы да қайталап айтамын — олардың бағасына мен алаңдаушылық танытпаймын».

Адам құқығы жағдайына алаңдаушылық білдіретін халықаралық ұйымдардың сынына да президент көңіл аудармайтынын жеткізді. «Мен өзімнің «Заң және Тәртіп» деп аталатын жеке стратегиямды жүзеге асырып жатырмын. Біз өз заңдарымызды толығымен халықаралық стандарттарға сай етіп жаздық. Бүгінде адам құқықтары жөніндегі ұйымдардың ұсынымдарына мән беру қажет деп есептемеймін. Біз бұл ұйымдарды кімдер және қандай елдер қаржыландыратынын білеміз. Олардың арасында осы ұйымдарда жұмыс істейтін адамдардың жеке бас пайдасы көп екенін білеміз. Тағы да қайталап айтамын – олар объективті емес. Олар тарихи жағдайды да, халықтың саяси көңіл-күйін де ескергісі келмейді. Олар жай ғана ұсыныстарын айтады. Бірақ  Қазақстан бұл ұсыныстарды соқыр түрде ұстануы керек деп санамаймын. Ең алдымен, біз өз ұлттық стратегияларымыз туралы ойлауымыз керек, олар елдеріміздің игілігі үшін дұрыс жүзеге асырылуы тиіс». Биліктің осы позициясынан- ақ халықаралық ұйымдардың адам құқығы бойынша сыны ескерілмейтінін түсінуге болады.

Міне, осындай жағдайда саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу күні өтті. Иә, оған Алматының жаңа әкімі Дархат Сатыбалды да келіп қатысты. Билік өкілдері кеңес дәуіріндегі репрессияларды айтты. Алайда, ешқайсысы бүгінгі күні де сондай қудалаулар болмасын деген мәселені көтермеді.