Алмат Жұмағұловтың қорғаушысы Жанар Балғабаеваның айтуынша, дәл қазір еш тергеу істері жүріп жатқан жоқ. Сонымен қатар, еш негізсіз жұбайына қорғаушы мәртебесі берілмеген. Сотқа шағымданған адвокат шағымын тергеу соты Жарығасова жабық есік жағдайында жалғыз қарап, қанағаттандырмау туралы шешім шығарған. Енді қорғаушы сот шешімі үстінен прокуратураға шағымданғанын айтады.
Естеріңізге сала кетейік, қылмыстық іске негіз болған видео, әр жексенбі күні Алматыдағы Ганди паркінде жиналып жүрген бір топ белсенділердің WhatsApp-тағы ортақ тобына 27-қараша күні, таңғы алтыларда салынған. Видеода беттеріне бетперде киген үш адам қарулы «жиһадқа шақырады».
Сол күні таңда белсенділер Бақытнұр Бек, Қарашаш Боданова, Мамет Қабылбеков, Халелхан Әділханов, Алмат Жұмағұловтың үйінде тінту жүріп, одан кейін белсенділерді полицияға апарып, жауап алған. Өткен аптаның соңында дәл осы іс бойынша белсенді Сүйіндік Алдабергенов, оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин, Рысбек Сәрсенбайұлы және Асхат Берсалимов полицияға тергеуге шақырылған.
Қазір осы іс бойынша Алмат Жұмағұловтан бөлек Оралбек Өміров пен Кенжебек Әбішев атты азаматтар қамауға алынған.
Төменде Алмат Жұмағұлов хатынан үзінді ұсынамыз:
«Қазір Қазақстан билігі санаулы белсенділерге қарсы репрессивтік, әкімшілік қысым жасауда. Солай, былтыр екі патриот, жердің қорғаушылары, Макс Боқаев пен Талғат Аянды түрмеге жапты. Олардың да ісінде еш заңсыздық болмаған. Тек қана қазақ жерін шетелдіктерге жалға беруге қарсы бейбіт қарсылық. Ол азаматтардың конституциялық құқығы.
Сол сияқты, меніңше, бізді ұстаудағы басты себеп Алматы қаласындағы Ганди атындағы паркте өткізген жиындарымыз. Біздің ол жиындарымыз да тек бейбіт түрде өтетін. Жиналып, жердің, елдің мәселесін талқылайтынбыз. Қытайдың 51 зауыты Қазақстанда салынады деген мәселені әсіресе көп талқыладық, өз пікірімізді айттық.
Қазіргі қылмыстық іс сол жер мәселесінде біздің көзқарасымыздың билік ұстанған саясатқа қарсы болғаны үшін қозғалды деп ойлаймын.
Қазір жаңалықтарда көрсетіп жатқан бөтен, қылмыстық ойымыз, пиғылымыз болған емес. Жердің, тілдің, ұлттық тағдырын талқылап, алаңдағанымыз ғана жазығымыз.
Біздің ол кездесулеріміз толықтай фейсбук әлеуметтік желісінде тікелей эфирде көрсетіліп отырды. Егер қандай да қылмыстық ойлар, пікір айтсақ солар үшін бізді істі қылмады ма?
Жоқ, бізді таңғы сағат бесте WhatsApp желісіндегі ортақ топқа салынған бір белсендінің видеосы үшін түрмеге жапты. Ақылға қонымсыз, алдын-ала жоспарланған іс екені көрініп тұр емес пе? Таңғы бесте видео ортақ топта пайда болады, таңғы алтыда ақпараттық агенттіктердің сайттары ол туралы жазып жатады, жетіде бізге тінтумен келеді. Сонда тінту туралы ордерлер таңғы бес пен алтының аралығында жазылды ма?», – деп жазады өз хатында Алмат Жұмағұлов.