Осы уақытқа дейін оны дәрігерлер қарамаған, жағдайын бақылауға алмаған.
Қорғаушының айтуынша, Алмат Жұмағұлов өзін кінәлі деп санамайды. Себебі, WhatsApp желісінде пайда болған видеодағы адамдарды танымайтынын және ол бейненің қайдан пайда болғанын білмейді.
Аштық жариялап, қарсылық танытқанда ол бірнеше талап қойған еді. Олар:
- Видеодағы адамдардың кім екенін анықтап, оларды тергеу;
- Өзінің ол видеоға қандай қатысы бар екенін түсіндіру, дәлелдеу;
- Жұбайына қорғаушы мәртебесін беру.
Қорғаушы Жанар Балғабаеваның айтуынша, қылмыстық істе Алмат Жұмағұловтың осы діни видеоны жасауға қатысы бар екені туралы ақпарат жазылған. Ал Алматтың өзі ол бейненің оған қатысы жоқ екенін айтқан.
Аталған видео, әр жексенбі күні Алматыдағы Ганди паркінде жиналып жүрген бір топ белсенділердің WhatsApp-тағы ортақ тобына 27-қараша күні, таңғы алтыларда салынған. Видеода беттеріне бетперде киген үш адам қарулы «жиһадқа шақырады».
Сол күні таңда белсенділер Бақытнұр Бек, Қарашаш Боданова, Мамет Қабылбеков, Халелхан Әділханов, Алмат Жұмағұловтың үйінде тінту жүріп, одан кейін белсенділерді полицияға апарып, жауап алған. Өткен аптаның соңында дәл осы іс бойынша белсенді Сүйіндік Алдабергенов, оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин, Рысбек Сәрсенбайұлы және Асхат Берсалимов полицияға тергеуге шақырылған.
Қазір осы іс бойынша Алмат Жұмағұловтан бөлек Оралбек Өміров пен Кенжебек Әбішев атты азаматтар қамауға алынған.