• Басты
  • >
  • "Президент резиденциясына басып кіру ісі": Сот 11 адамның барлығын кінәлі деп таныды

“Президент резиденциясына басып кіру ісі”: Сот 11 адамның барлығын кінәлі деп таныды

12.06.2024

11 маусымда Алматының Наурызбай аудандық сотында 2022 жылғы Қаңтар оқиғасында «қала әкімдігі мен президент резиденциясына шабуыл жасады» деп айыпталған 11 адамға үкім оқылды. Прокурор айыпталушыларға 10-12 жыл түрме жазасын сұраған еді. Сот 11 айыпталушының біреуіне – 4 жыл, қалғанын 1 жыл 9 ай жаза кесті. Бірақ айыпталушылар бұл жазаға келіспеді. 

“РАҚЫМШЫЛЫҚ” ЗАҢЫНА СҮЙЕНГЕН ҮКІМ

Былтыр қыркүйекте басталған сот тоғыз айдай уақытқа созылды. Судья Ербол Болатов “жаппай тәртіпсіздікке қатысты”, “ғимаратқа басып кірді”, “билік өкіліне күш қолданды”, “әскери қызметкерді кепілге алды” деп айыпталған Ақжол Жандарбековке 4 жыл түрме жазасын тағайындады.

Ал “жаппай тәртіпсіздікке қатысу”, “ғимаратқа басып кіру”, “билік өкіліне күш қолдану” айыбы тағылған Серік Кекілбаев пен Тұрсынбай Алпысбаев және “жаппай тәртіпсіздікке қатысу”, “ғимаратқа басып кіру” айыбымен айыпталған Нұртас Каранеев, Рысбек Мамыров, Қосай Маханбаев, Әбидолла Таубай, Арман Әлімбеков, Нұрсұлтан Байкісиев, Дәурен Бакиев, Серікбол Орынғазы 1 жыл 9 айға сотталды.

Жарыссөз кезінде прокурор Рахат Естібек айыпталушы Ақжол Жандарбековке – 12 жыл, Серік Кекілбаев – 11 жыл, қалғандарына 10 жыл түрме жазасын сұраған.

Судья Ақжол Жандарбековке негізі 16 жыл жаза беріп, Қаңтар оқиғасынан кейін қабылданған “Рақымшылық” заңының негізінде жазаның төрттен үшін қалдырып, 4 жылға соттады. Қалған он адамның да жазасы “Рақымшылық” заңымен қысқарды.

“ҮКІМ ӘДІЛЕТСІЗ”

Айыпталушылар өздеріне тағайындалған жазаға келіспеді. Үкімнен соң айыпталушы Тұрсынбай Алпысбаевтың атасы көзіне жас алып, жылап жіберді. Алпысбаев атасын құшақтап, “бәрі жақсы болады” деп сабырға шақырып жатты. Ал Қосай Маханбаев өзін соттауға “дәлел болмады” деп санайды.

– Маған қатысты 100 пайыз дәлелдеме болған жоқ. Бірінші айыбымнан (жаппай тәртіпсіздікке қатысуды айтады) басқасына дәлел жоқ. Сараптама жасағанда “видеодағы адам Қосай Махаанбаев па әлде ол емес пе, нақты айту қиын, айта алмаймыз” деген. Дегенмен судья басқа жігіттерге жазаны түсіргеніне ризамын, – деді ол Азаттыққа.

Тағы бір айыпталушы Нұртас Қаранеев “Ешқандай бұзақылық жасаған жоқпын. Сондықтан мені соттағандарына келіспеймін. Бірақ еш апелляция жазбаймын. Осы кеткеніммен кете беремін” деп қысқа қайырды. “Әділдік жоқ” деген Серік Кекілбаев “қамалатынын біліп, заттарын ала келгенін” айтты.

Қосай Маханбаев пен Нұртас Қаранеевтің адвокаты Төлеген Берліқожа тергеу заңсыз өтті деп есептейді.

– Іс заңсыз жүргізілді. Еш дәлелсіз. Үкім әділетсіз, заңсыз деп есептейміз. Міндетті түрде апелляцияға береміз. Қаранеевке де, Маханбаевқа да шыққан үкім заңсыз деп санаймыз, – деді ол.

Прокурор осыған дейінгі сот отырыстарында 11 адамның тоғызы тағылған айыпты “ішінара мойындағанын” айтқан. Қалған екеуі — Нұртас Қаранеев пен Серік Кекілбаев айыпты мойындамаған.

“АЗАПТАЛҒАН” АЙЫПТАЛУШЫЛАР

Сот отырыстарының бірінде “адамды кепілге алды”, “резиденцияға шабуылдады” деп айыпталған Ақжол Жандарбеков “резиденцияға қақтығысып жатқандарды ажырату үшін барғанын”, “әскериді кепілге алып, халыққа атылған оқты тоқтатуды талап еткенін” айтқан. Тағы бір айыпталушы Әбидолла Таубай “әкімдікте басқа адамдарға көмектескенін, сөйтіп жүріп өзіне де оқ тигенін” жеткізген.

Жандарбеков сот жүріп жатқанда тергеу изоляторында қамауда отырған. Қосай Маханбаев үйқамақта болған. Қалған 9 адам қолхатпен бостандықта жүрген еді. Маханбаев – Қаңтар оқиғасында ұсталып, Алматыдағы тергеу изоляторында азапталғандардың бірі. Оны Алматыдағы дүрбелең кезінде оқ тиіп, ауруханада жатқан жерінен полиция алып кеткен. 2022 жылы қазан айында Алматы прокуратурасы Қосай Маханбаевты азаптау ісі бойынша полиция қызметкерлері үстінен түсірген шағымын жапқаны белгілі болды.

Қалған айыпталушылар да осыған дейін тергеу обьективті жүрмегеніне шағымданып, тергеу абақтысында азапталғанын мәлімдеген. Айыпталушылар бұл туралы арыз жазған, бірақ іс “дәлел жоқ” деп жабылған.

2022 жылы 5 қаңтарда Алматының орталық алаңындағы наразылық дүрбелеңге ұласып, қала әкімдігі мен президенттің резиденциясы қатты бүлініп, өртке оранған еді. Бас прокуратура Алматы әкімдігі мен президент резиденциясын басып алуға мыңға жуық адам қатысқанын айтқан.

Алматы әкімдігі қайда жөндеуден өткізілді. Ал президент резиденциясы күреліп, орнына саябақ салынып жатыр. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапты, опат болғандардың көбі – Алматы қаласында.