• Басты
  • >
  • Астанада құқық қорғаушы Айдар Сыздықовты арнайы жасақ ұстады

Астанада құқық қорғаушы Айдар Сыздықовты арнайы жасақ ұстады

17.05.2024

16 мамырда Астанада қауіпсіздік қызметкерлері құқық қорғаушы Айдар Сыздықовты ұстағанын оның әйелі Айгүл Тоқпаева хабарлады. My_city_astana instagram парақшасында жарияланған видеода әскери киім киген адамдар (бірінің арқасында “арнайы жасақ” деген жазуы бар) Сыздықовты көпқабатты үйдің ауласында қолтықтап, шағын автобусқа отырғызғаны көрінеді.

Айгүл Тоқпаева күйеуім заңсыз қудалауға түсті дейді. “Айдар Сыздықовты ешқандай дәлел келтірмей әкетіп бара жатыр. Олар ештеңе таба алмады. Ұстауға ешқандай себеп жоқ. Бұл – саяси астары бар қудалау, бұл – қысым”, – дейді Тоқпаева видеода.

Видеода үстіне жай киген адамдар мен полиция көлігі көрінеді.

Тоқпаева болған жайтты түсіріп тұрған кезінде әлгі адамдар оның смартфонын қолынан жұлып алуға тырысқанын айтты.

Мұның алдында Айгүл Тоқпаева әлеуметтік желілерде Айдар Сыздықовты Республика даңғылы, 50 мекенжайында бейсенбі күні сағат 9:15 шамасында ұстап, белгісіз жаққа алып кеткенін хабарлаған. Ол күйеуін іздеп Байқоңыр аудандық полиция басқармасына барған. Бұрын бірнеше рет Сыздықовты полиция ұстап әкеткен кезде сол жерге апарыпты. Айгүл полиция учаскесінде отырған кезде өзі тұратын үйдің тұрғындары ашқан чаттан “Пушкин көшесі, 25/3 үйдің 32-пәтерінде тінту жүріп жатыр, “жігіт ұсталды, жедел уәкілдер куәгер болатын адам іздейді”деген хабарды оқиды.

Тоқпаева Сыздықовқа қарсы арандату жасалауы мүмкін деп қауіптенеді. Оның сөзінше, пәтерде ешкім болмаған жоқ, тінту туралы ақпаратты оқыған кезде өзі баласымен бірге полицияда отырған.

Видеода көпқабатты тұрғын үйдің ауласында үстіне арнайы киген және жай киім киіп, көзілдірік пен маска таққан белгісіз адамдар жүргені көрінеді. Сипаттамада бұлар есірткіге қарсы бөлім мен экстремизмге қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері деп айтылған.

“Пәтерде тінту жүріп жатыр. Олар бір нәрсені тықпақшы. Қоғамнан назар аударуын сұраймын”, – дейді Тоқпаева видеода. Ол үйге кіретін есікке жақындағанда видео көрінбей қалады. Осыдан кейін әйелдің айқайы естіледі, ол телефонын тартып алған әлдекімдерге ашуланып, оны қайтарып беруді талап етеді. Бір уақытта өздерін суретке түсірмеуді талап еткен ер адамдардың дауысы естіледі. Олардың бірі: “Бикеш, бізді түсірудің қажеті жоқ, біз есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасынанбыз” дейді.

Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі Азаттыққа Айдар Сыздықовтың ұсталуы жөнінде “кейінірек ақпарат беретінін” айтып, түсініктеме бермеді.

“Алға, Қазақстан!” оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашы топтың мүшесі Айдар Сыздықов бірнеше рет бейбіт наразылық акцияларына қатысқан. Серіктестерімен бірге Әділет министрлігіне барып, партияны ресми тіркету үшін құжаттар тапсырған. Бастамашы топ 2022 жылдың мамыр айынан бері жиырмадан астам рет министрлікке құжат өткізгенімен, ол жақтан үнемі “құжат дұрыс толтырылмаған” деп қайтарып тастайды.

Тіркелмеген партияның басшысы, белгілі марафоншы Марат Жыланбаевтың түрмеде отырғанына жылға жуықтады. Былтыр қарашада жабық сот шығарған үкім бойынша ол “тыйым салынған экстремистік топтың іс-әрекетіне қатысқан” деген айыппен жеті жыл мерзімге түрмеге қамалды. Жыланбаев пен жақтастары тағылған айыптарды мойындамайды және істің саяси астары бар дейді.

Былтыр 6 желтоқсанда Астанада Айдар Сыздықов тағы екі белсендімен бірге ұсталып, полицияға жеткізілген. Жақтастары полиция оларға күш қолданып, Айдар Сыздықов зардап шекті деп хабарлаған. Кейін сот ұсталған үшеуді 15 күнге қамаған. Биыл оппозиция наразылық митингілері өтеді деп алдын ала жариялаған күндердің қарсаңында билік Айдар Сыздықовты кемінде екі рет 15 күннен қамауға алған.