АҚмЗСЖҚХБ – Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы
  • Басты
  • >
  • Алматыда Назарбаевқа 114 рет хат жазған азамат жалғыз адамдық пикет өткізді

Алматыда Назарбаевқа 114 рет хат жазған азамат жалғыз адамдық пикет өткізді

26.08.2020

Бес жылдан бері әділдік іздеп келе жатқанын айтқан Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қырбалтабай ауылының тұрғыны Сайлау Әжімолдаев 26 тамызда күндіз Алматы қаласындағы Тәуелсіздік алаңына плакат ұстап шықты.

Тұрғынның сөзіне қарағанда, бес жыл бұрын ұлы Марат Әжімолдаев ауыр қылмыс жасады деген айыппен 18 жылға сотталған. Ол ұлының ісіне ара түсуін сұрап, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына 114 рет хат жазып, 4 рет жеке қабылдауына жазылған. Соңғы бір жылда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына да 12 мәрте хат жібергенін, бірақ еш нәтиже болмағанын айтады.

“Баламның жазықсыз отырғанына 5 жыл болды. 2010 жылы миына ауыр операция жасаған. Төбесінде тесігі бар. Денсаулығы жарамсыз”, – дейді Әжімолдаев.

Ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов пен жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асановтан көмек сұрады. Оның қолында “Құрметті президент мырза! Қазақстан ратификациялаған азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 14-бабы елде орындалмай отыр. Конституция кепілі ретінде сізден шара қолдануыңызды сұраймын” деген жазуы бар плакат болды. 

Аталған пактінің 14-бабында “сот пен трибунал алдында барлық азамат тең” деп жазылған. Әжімолдаев бұған дейін халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдарына да хат жазғанын, әзірге жауап болмағанын жеткізді.

“Алматы облысына танымал оппозиционермін” деген тұрғын “Мені сындыру үшін баламды соттауы мүмкін” деп те топшылайды.

Әжімолдевтың жалғыз адамдық пикетіне Алматы қаласы әкімдігі рұқсат еткен. Қазақстанда жаңадан қабылданған Бейбіт жиындар туралы заңға сәйкес, жалғыз адамдық пикет өткізу үшін де әкімдікті ескерту қажет. Бұл заңды құқық қорғаушылар өткір сынаған.


Сондай-ақ қараңыз