АҚмЗСЖҚХБ – Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы
  • Басты
  • >
  • "Абай" шахтасында жараланғандар реанимациядан шықты, "АрселорМиттал Теміртау" көп уәде берді

“Абай” шахтасында жараланғандар реанимациядан шықты, “АрселорМиттал Теміртау” көп уәде берді

09.11.2021

Қарағанды облысындағы “Абай” шахтасында 7 қараша, таңертең болған апаттан жараланған екі адам аурухана реанимациясынан палатаға ауыстырылды.

“Екі пациенттің жағдайы орташа, емнің арқасында тәуір болып келе жатыр. Әрі қарай емделу үшін токсикология бөліміне ауыстырылды” деп хабарлады 8 қарашада Қарағандыдағы Мақажанов атындағы клиника.

Дүйсенбіде “Абай” шахтасына иелік ететін “АрселорМитталТеміртау” компаниясының басшылығы баспасөз жиынын өткізді. Компанияның бас директоры Азаттық тілшісінің “газ неден жарылды?” деген сауалына толық жауап қата алмады. Компания бұған дейін “Абай” шахтасы қазіргі заманғы құрал-жабдықпен қамтамасыз етілгенін хабарлаған.

— Онымен мемлекеттік комиссия айналысып жатыр. Себебін біздің де білгіміз келіп отыр. Өз бетімізше зерттеуге рұқсат бермеді, — деді Биджу Наир.

Баспасөз жиынын ұйымдастырушылар журналистерге бір сұрақтан ғана қоюға рұқсат берді. Баспасөз жиынына “АрселорМиттал ТМД” бас директоры Виджай Гойял қатысты.

Компания өкілдері зардап шеккен әрбір отбасымен сөйлесіп, көмектесетінін мәлімдеді. Бірақ компания басшылығы қанша баланың асыраушысыз қалғанын айта алмады. Жерлеу рәсімдерінің шығынын компания өзіне алды. Қаза болған шахтерлардың 10 жылдық жалақысын беруге, жоғары оқу орындарындағы балаларының оқу ақысын төлеуге міндеттенді. Қаза болғандардың отбасыларына пәтер беру мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.

— Ұжымдық келісімшартпен шектелмей, қажетті көмектің бәрін береміз,— деді баспасөз жиынында “АрселорМиттал Теміртаудың” атқарушы директоры Әлішер Әбенов.

7 қараша, таңғы сағат сегіз шамасында Қарағанды облысы Абай қаласында “АрселорМиттал Теміртау” компаниясына қарасты шахтада газ жарылған. Апаттан алты адам қаза болып, екі адам ауыр жарақатпен ауруханаға түсті. Апат кезінде шахтада 64 адам болған, 56 адам өз бетімен шахтадан шыққан.

“Абай” шахтасында 2008 жылы да осыған ұқсас ірі апат болған еді. Метан газының жарылысынан 14 адам жараланып, 30 адам қайтыс болған, оның 23-інің денесі жер бетіне шығару мүмкін болмаған.

Ірі металлургия комбинаты мен Қарағанды облысындағы бірнеше шахтаны басқаратын “АрселорМиттал Теміртау” – әлемдегі ең бай адамдардың бірі Лакшми Митталға тиесілі компания. Компания қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін көп сыналады, металлургия комбинаты мен шахталардың жұмысшылары еңбек шарттары нашар деп жиі шағым айтады.