• Басты
  • >
  • АҚШ есебіндегі Қазақстан: Назарбаевтың билікке ықпалы мен белсенділерге қысым

АҚШ есебіндегі Қазақстан: Назарбаевтың билікке ықпалы мен белсенділерге қысым

12.03.2020

АҚШ мемлекеттік департаменті наурыздың 11-і күні жариялаған Адам құқықтары туралы 2019 жылға арналған есебінде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билікке әлі ықпал етіп отырғаны, қазіргі үкімет адам құқығын шектеп жатқаны туралы айтылған.

АҚШ мемлекеттік департаментінің әлемдегі адам құқықтарының ахуалы туралы биылғы есебінде Қазақстанда саяси тұтқындар, цензура, сайттарды бұғаттау, діни-наным сенімге шектеу қою, түрмелерде азаптау, “Жала жабу” бабымен қылмыстық қудалау, бейбіт митингіге шығуға кедергі жасау, саяси өмірге араласуға шектеу бары жазылған. Мемлекеттік департаменттің есебін наурыздың 11-ы күні Вашингтонда АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео таныстырды.

АҚШ Қазақстан билігі елдегі қауіпсіздік күштерін “бақылауда ұстап отырғанын”, елде жемқорлық айыбына ілінгендер таңдап жазаланатынын атап өткен.

“Парақорлық елде әлі кең тараған. Үкіметте я құқық қорғау органдарында басшы қызметте отырғандар жазадан құтылып кетеді” деп жазылған есепте.

Мемлекеттік департамент Қазақстан түрмелерінде азаптауға тыйым салатын заң болса да, түрме қызметкерлері қамауда отырғандарды азаптап, қорлайтынын айтады.

Есепте Қазақстан Конституциясында жеке өмірге қол сұқпау туралы бап болса да, билік азаматтардың бұл құқығын бұзатыны жазылған.

“Заң прокуратураға азаматтардың конституциялық құқығын шектеуге мүмкіндік береді. Бас прокуратураның келісімімен Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі және басқа ведомстволар адамдардың жеке деректерін, қаржы құжаттарын рұқсатсыз көріп, телефон әңгімелерін тыңдай алады. Билікті сынаушылар, құқық қорғаушылар және олардың отбасы мүшелері өздерін жиі аңдитынын айтады” деп жазылған есепте.

Мемлекеттік департамент өз есебінде 2019 жылы мамырдағы билікке қарсы наразылық кезінде және былтыр маусымның 9-ы күні өткен кезектен тыс президент сайлауы кезіндегі наразылықта полицияның мыңдаған адамды күштеп ұстап, қамағанын; елде интернет, әлеуметтік желілер мен VPN сервистері бұғатталғанын да жазған.

Вашингтон Қазақстанның “кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында билікке қарсы және сайлау күні дауыс беру нәтижесіне наразылық кезінде жаппай ұсталған мыңдаған адамды түнде, адвокатсыз соттағанын” сынаған.

АҚШ Қазақстан Конституциясы халыққа өз басшысын еркін әрі әділ сайлауға мүмкіндік бергенімен, азаматтардың бұл құқығын биліктің шектеп отырғанын атап көрсеткен.

Департамент есебінде қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкімет пен мемлекеттік органдардың лауазымды қызметкерлерін тағайындауды былтыр президенттіктен кеткен, бірақ Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығына ие әрі “Нұр Отан” партиясының лидері ретінде билікке ықпал етіп отырған Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдасатыны да айтылған.

“Назарбаевта Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы ретінде “Қазақстан халқына кез келген уақытта қайырылу құқығы” бар. Бұған қоса, “елдің дамуына қатысты бастаманың көбі Назарбаевпен кеңесіп шешіледі” деп жазылған АҚШ үкіметінің есебінде.

Мемлекеттік департамент Қазақстан билігінің сөз бостандығын, баспасөз еркіндігін шектеу, журналистерді ұстап, соттау, қудалау арқылы ақпарат құралдарына ықпал етуге тырысатынын да ашық жазған.

“Қазақстандағы медиалардың көбі биліктен қаржы алады. Басылымдар мен журналистер биліктің қысымынан жасқанып, президент пен оның отбасы жайлы жазудан қашып, ішкі цензура енгізіп алған. Үкімет онлайн контентті толық бақылауда ұстау үшін қолынан келгенін жасайды. Елде оппозициялық сайттар бұғатталады я жұмысы баяулайды. Билік елдегі интернет провайдерлерді, соның ішінде мемлекеттік Қазақтелеком компаниясының жұмысын бақылауда ұстайды. Үкіметті сынайтын вебсайттар жұмысына да кедергі келтіреді” деп жазылған есепте.

Вашингтон “Қазақстан билікті сынайтын адамдарға шектеу қоятынын, жергілікті билік аймақтағы басылымдарға сыни пікірлерді шығартпайтынын” да айтады. Есепте “елдегі медиакомпаниялардың біразы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасына тиесілі болуы мүмкін екені, ол компанияларға үкіметтің тікелей әсер ете алмайтыны” жазылған.

АҚШ Қазақстан соты экстремистік деп танып, қызметіне тыйым салынған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” (ҚДТ) қозғалысының бағдарламасын бөліскендер, чатқа жазғандар жазаланғанын да атап өткен. 

Шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, билікті сынаушы Мұхтар Әблязовтың ҚДТ қозғалысын Еуропарламент былтырғы резолюциясында “бейбіт оппозициялық қозғалыс” деп атаған.

Есепте президент сайлауы алдында қарсылық баннерін іліп қамалған Әсия Төлесова мен Байбарыс Толымбетовтің ісі, Шыңжаң қазақтарының мәселесін көтеріп жүрген белсенді Серікжан Біләштің жазаланғаны, әкімдік өкілімен соттасқан шымкенттік журналист Амангелді Батырбектің ісі де айтылған. АҚШ мемлекеттік департаменті 2016 жылы Жер митингілерінде көзге түскен белсенді Макс Боқаевтың әлі де қамауда отырғанына алаңдаушылық білдірген.

АҚШ мемлекеттік департаменті жыл сайын әлем елдеріндегі адам құқықтарының ахуалы туралы есебін жариялайды. Осыған дейінгі есептерде де Вашингтон Қазақстанда адам құқықтарының бұзылатынын айтып, билікті сынаған. Ресми Нұр-Сұлтан АҚШ мемлекеттік департаментінің бұл есептеріне қандай да бір реакция білдірмеген.


Пікір үстеу

Сондай-ақ қараңыз