• Басты
  • >
  • Ескендір Ерімбетовті азаптау ісі бойынша тергеу ісінің жабылуына байланысты Бас прокурорға үндеу

Ескендір Ерімбетовті азаптау ісі бойынша тергеу ісінің жабылуына байланысты Бас прокурорға үндеу

13.03.2018

Шығ.№ 5  13.03.2018 ж.

Қазақстан Республикасының
Бас прокуроры
Қожамжаров Қ.П. мырзаға

Құрметті Қайрат Пернешұлы,

Қазақстанның азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдарының Коалициясы (ары қарай Коалиция) Ескендір Ерімбетовты азаптау фактісі бойынша тергеу ісінің тоқтағанына алаңдаушылық білдіреді. Белгілі болғандай, іс 22-ақпан 2018 жылы күні қылмыстық құрам болмауына орай жабылған. Алайда, ол қаулымен Ескендір Ерімбетовтың адвокаты Жанар Балғабаева әлі күнге дейін таныспаған.

Бұған дейін Е. Ерімбетовтың ата-анасы Ғайни және Мырзахан Ерімбетовтар, құқыққорғаушылар қауымдастығы бірнеше мәрте құзырлы органдарды ашық әрі әділетті тергеу жүргізуге шақырған еді.

Сонымен қатар, Е.Ерімбетовтың заңды өкілдері бірнеше мәрте оның денесінен соққы іздерін көргенін прокуратураға да тергеуге де жеткізген. Қоғамға ашық жариялап, өз куәліктерін ашық берген еді.

Бұл істің үлкен қоғамдық талқыға түсуіне орай құрамына «Адам құқығы жөніндегі хартия» директоры Жеміс Тұрмағамбетова мен Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықтың сақталуы жөніндегі бюро директоры Евгений Жовтис кіретін мониторингтік топ тергеу абақтысындағы Ескендір Ерімбетовпен кездескен еді. Кездесу БҰҰ азаптауға қарсы Арнайы есепшісі Нильс МЕЛЦЕРдің 26-қаңтар 2018 жылы ҚР үкіметі атына жазылған (Ref. UA KAZ 2/2018) сұрауына орай жүзеге асқан.  Сұрауда тергеудегі Е.Ерімбетовке қарсы азаптау болғаны жөніндегі қорғаушысы мен жақын туыстары Арнайы есепшіге жазған ақпарат жөнінде айтылған. Кездесу қорытындысы бойынша арнайы есеп дайындалып, Ж.Тұрмағанбетова мен Е.Жовтис «Арнайы есепші сұрауында айтылған Ерімбетовке қарсы азаптау фактілері расталды» деген қорытынды шығарған еді.

Мониторгтік топ Стамбул протоколына сай Е.Ерімбетовке тәуелсіз маман тексеру жасау керек деген ұсыныс айтқан. 8-ақпан 2018 жылы тәуелсіз психолог Светлана Черникова Ерімбетовпен кездесіп, оған қатысты азаптау болғаны психологиялық талдау нәтижесінде расталғаны жөнінде қорытынды жасаған еді.

Алайда, жоғарыда айтылған ақпараттық барлығына қарамастан, істі жабу туралы қаулы жасалған.

Сонымен қатар Коалиция азаптау ісін жүргізген арнайы прокурор Дунбаев Алмаз Алтынбекұлының 2017 жылдың қараша айына дейін Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро департаментінде тергеуші болып, Е.Ерімбетовтың қарындасы Б.Жәрдемәлінің ісін тергеуші топта болғаны алаңдатады. Сондықтан, тергеудің әділетті әрі ашық жүргізілгеніне күмән келтіреді.  

Жоғарыда айтылған дәлелдерге орай Коалиция бас прокуратурадан Е.Ерімбетовты азаптау ісі бойынша тергеуді қайта жандандыруды, психолог-маман С. Черникова жасаған қорытындыға және басқа да деректерге сүйене отырып, Е.Ерімбетовтың өзін қайта тергеп, істі барынша ашық әрі әділетті жүргізуге шақырады.  

Құрметпен,

Роза Ақылбекова

Қазақстан үкіметтік емес ұйымдарының азаптауға қарсы Коалициясы үйлестірушісі

Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықтың сақталуы жөніндегі бюро директорының орынбасары

ҚР Адам құқығы жөніндегі уәкіл жанындағы Ұлттық превентивті механизм үйлестіру кеңесінің мүшесі

ҚР Адам құқығы жөніндегі уәкіл жанындағы азаптау істерін әділетті тергеу бойынша жұмыс тобының мүшес

 


Пікір үстеу

Сондай-ақ қараңыз