БҰҰ адам құқығы жөніндегі комитеті Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар бойынша халықаралық пактіні орындау деңгейі бойынша мемлекеттік баяндамасына орай өз есебін жариялады. Біріккен Ұлттар ұйымы Қазақстан билігінің Жаңаөзен және Шетпе оқиғаларын тиісті деңгейде тергеп, баға бермегеніне, азаптаумен күрестің бәсеңдігіне және елде тәуелсіз кәсіподақтардың қудалануына өз өкінішін білдіреді.
2016 жылы Қазақстан БҰҰ-да Азаматтық және саяси құқықтар бойынша халықаралық пактіні орындау бойынша есеп бергеннен кейін сарапшыларда көптеген сауалдар туындап, біздің елге аталған тақырып бойынша 57 ұсыныс айтылған еді. Келер жылы Астана тағы да дәл осы құқықтар бойынша есеп беретініне орай, БҰҰ осыған дейін айтылған ұсыныстар неге орындалмағанын білгісі келеді.
Аталған есебінде БҰҰ Комитеті 2011 жылдағы Жаңаөзен және Шетпе оқиғаларын тиісті деңгейде тергеу жөніндегі ұсыныстың орындалмағанын еске салады. «Комитет қатысушы-мемлекеттен осы оқиғалар бойынша тергеу кезінде азаптау, қорқыту, қоқан-лоқы көрсету болғаны туралы айыптауларға қатысты жауап беруді, қандай іс-шаралар жасалғаны туралы баяндауды сұрайды», – делінген есепте. Онымен қатар ашық мәлімделген азаптауларға қатысты тергеу барысы бойынша сұрақтар да жауапсыз қалған. «Комитет жоғарыда аталған азаптау фактілері бойынша тергеу тәуелсіз түрде өтті ме деген сауалдың жауапсыз қалуына өз өкінішін білдіреді. Комитет осындай жағдайларда тергеу жүргізетін қандай ұйым екенін ашық айтып, ол ұйымның қаншалықты тәуелсіз екеніне қатысты мемлекеттің жауап беруін талап етеді», – дейді БҰҰ сарапшылары. Сонымен қатар БҰҰ Комитеті мемлекеттің кейбір азаматтарға қатысты азаптау ісі бойынша Қылмыстық кодекстің «Жалған жала» бабын пайдалануына күмәнмен қарайды және азаптау құрбандарына берілетін зарардың тиісті деңгейде болғанына қатысты сұрақтары барын айтады.
Есептің үшінші сауалы елдегі тәуелсіз кәсіподақтардың қудалануына байланысты болды. ҚР тәуелсіз кәсіподақтар Конфедерациясының жабылуы, кәсіподақ көшбасшыларының қылмыстық қудалануы, үкіметтік емес ұйымдар жұмысына заңсыз араласу бойынша халықаралық деңгейде белгілі болды. Алайда, БҰҰ осы істері арқылы Астананың Азаматтық және саяси құқықтар бойынша халықаралық пакт нормаларын бұзып отырғанын тағы да еске салады.
Дипломатиялық «өкініш білдіру» мен «алаңдаушылық білдіру» адам құқығын саналы түрде бұзатын кей мемлекеттер үшін әсер ететін құрал емес екенін білеміз. Себебі елдің өзіне және қоғамына бұл мәселелер толық-қанды жетіп, қызығушылық тудыруы шарт. Ал оған дейін Қазақстанға да Бурунди, Эритреи немесе Түркменстан қатарында жүру жазылып тұр. Олар да БҰҰ мүшесі, олар да өз ерекше жолдары туралы айтады…
Ал БҰҰ есебінің толық нұсқасын сілтеме бойынша WORD форматында көшіріп алып, танысуларыңызға болады.