• Басты
  • >
  • «Ұлымды ұрлап алып кетті»: Қазақстан студенті «Вагнер» қатарына қосылған

«Ұлымды ұрлап алып кетті»: Қазақстан студенті «Вагнер» қатарына қосылған

20.04.2023

Томск мемлекеттік университетінде оқитын қазақстандық студент Марғұлан Бекенов ресейлік «Вагнер» жеке әскерінің қатарында Украинадағы соғысқа аттанған.

Бекеновтің анасы Алмира Бекенова Азаттықтың Сибирь. Реалии сайтына ұлын «Вагнерге» күштеп, соғысқа әкеткенін айтқан.

«Наурызда ол Томскіден аяқастынан Краснодар аймағына кеткенде қатты таң қалдық. Ол қызыма кеттім деді, кейін оны ұрлап, арбап «Вагнер» тобына қосқаны белгілі болды. Онымен Молькинода кездесуге мүмкіндік алдым, ол жердің бәрінде вагнерліктердің плакаттары ілулі тұр. Ұлыммен дұрыстап сөйлесуге мүмкіндік берген жоқ, жағдайы қиын. Ұлым келісім шартқа қол қоймадым деп отыр», – дейді Бекеновтің анасы.

Қазір Ресейде жүрген Алмира Бекенова «Вагнер» ұлын 12 сәуірде майданға жібергенін айтады.

Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігі Марғұлан Бекенов «Вагнер» қатарына өз еркімен қосылған деп мәлімдеді.

«Бізде бар мәлімет бойынша, бұл азамат «Вагнер» жеке әскер тобымен ерікті түрде келісімге қол қойған. Қазақстанның Ресейдегі елшілігі бұл азаматтың туыстары қайырылған соң Ресейдің тиісті органдарына сұрау салды. Ақпаратты тексеріп жатырмыз. Консул азаматтың туыстарымен байланыста», – деді министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров.

«Вагнер» – Ресей президенті Путиннің аспазы Евгений Пригожинге тиесілі жеке әскери бөлім. “Вагнерліктер” Сириядағы, Африка елдеріндегі және Украинадағы соғысқа қатысып жатыр. Сарапшылар «Вагнер» тобының көп әрекетін әскери қылмысқа жатқызады. Пригожин өзінің жеке әскери бөліміне Ресей түрмелерінде отырғандарды, Орталық Азиядан келген мигранттарды тартқан.

Қазір «Вагнер» Украинаның Бахмут қаласында болып жатқан ауыр шайқасқа қатысып жатыр. Украинадағы соғыста Пригожин «әскерінің» көп шығынға ұшырағаны да айтылады.


Сондай-ақ қараңыз