• Басты
  • >
  • Сенат спикері: Астана Садықовқа жасалған қастандыққа күдіктіні Киевке бермейді

Сенат спикері: Астана Садықовқа жасалған қастандыққа күдіктіні Киевке бермейді

28.06.2024

Қазақстан Киевте оппозициялық белсенді Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа күдікті адамды Украинаға бермейді. 27 маусымда парламент сенаты төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деп мәлімдеді. Украина қылмысқа күдікті ретінде Қазақстанның екі азаматына іздеу жариялаған. Қазақстан билігі бір күдікті – Алтай Жақанбаев елге оралып, өз еркімен берілді деп хабарлаған. Ал “оқ атқан” Мейрам Қаратаевтың қайда екені белгісіз.

“Еліміздің заңына сәйкес, республика азаматтардың құқықтарына басымдық береді. Мұндай жағдайларда еліміз заңға сәйкес, Қазақстан азаматтарын бермейді. Бұл осы жағдайға ғана қатысты емес, жалпы алғанда сондай: Қазақстан өз азаматтарын басқа мемлекеттерге бермейді”, – деді Мәулен Әшімбаев бейсенбі күні cенатта журналистерге.

Әшімбаев Садықовқа жасалған қастандық бойынша Қазақстан мен Украинаның құқық қорғау органдары өзара белсенді әрекет етіп, істі тергейді деп есептейді.

Бұған дейін Айдос Садықовтың әйелі, журналист Наталья Садықова Қазақстан билігіне сенбейтінін айтып, күдіктілерді Украинаға экстадициялау қажет деген.

18 маусымда Киевта “Бәсе” ютуб арнасының авторы, оппозициялық белсенді Айдос Садықовты үйінің алдында көлікте отырған жерінде атып кеткен. Оқ оң жақ самайына тиіп, миын зақымдаған. Отадан кейін ол әлі оянған жоқ. Наталья Садықова қастандыққа Қазақстан билігін айыптаған.