• Басты
  • >
  • Астанада алты белсенді қамауға алынды

Астанада алты белсенді қамауға алынды

23.11.2023

Көрнекі сурет. Фото: Ашық дереккөзден

Астанада алты белсенді 15-20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл жөнінде Qaharman құқық қорғау қоры хабарлады. 

Қор мәліметінше, Қанатхан Әмренов, Жәнібек Жүнісов және Нұржан Қажығалиев – 15 тәулікке, Сандуғаш Қантарбаева, Мереке Нұғманов және Марат Мұсабаев 20 тәулікке қамалған. Барлығына «Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу» баптары бойынша айып тағылған. 

Қамалған белсенділердің барлығы өткен аптада тіркелмеген оппозициялық «Алға, Қазақстан!» партиясының көшбасшысы Марат Жыланбаевтың сотына қатысу үшін Астанадағы сот ғимаратына барған. 

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, 11 қалада 25 қарашада Марат Жыланбаевты босатуды талап ететін бейбіт жиынды өткізуге рұқсат берілмеген. 

Өткен аптада прокурор соттан Марат Жыланбаевты 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. 

Бұған дейін Марат Жыланбаев соттың процесті жабық өткізу шешіміне наразылық білдіріп, аштық жариялап, ауызын тігіп тастаған.