• Басты
  • >
  • «Жаңа Қазақстан» сөз бостандығын шектеді

«Жаңа Қазақстан» сөз бостандығын шектеді

26.02.2025

Журналистердің пікірінше, Қаңтар, Украинадағы соғыс, Садықовтың қазасы және Тоқаевтың отбасы мүшелеріне қатысты тақырыптарды көтеруге билік қатаң тыйым салды.

Елдегі сөз бостандығының жағдайы күннен күнге нашарлап барады. Бұл мәселені көтеріп, дабыл қаққан бір топ қоғам қайраткері мен журналистер дөңгелек үстел өткізіп, «төртінші билік» өкілдеріне жасалып жатқан қысымға алаңдаушылық білдірді. 

Жиынға белгілі журналист Рысбек Сәрсенбайұлы, құқық қорғаушы Ғалым Агелеуов, қоғам белсендісі Жарқын Күрентаев, блогерлер Рүстем Амангелді мен Мирболат Мырзатайұлы және оралдық журналист Лұқпан Ахмедьяров қатысты. 

Алдымен сөз алған Жарқын Күрентаев былай деді:«Журналистерді қудалап жатқанын жақсы білеміз. Осы мәселені көтеруге келдік. Сот, полиция арқылы оларды қыспаққа алып жатқанын білеміз. Былтыр үкіметте бір журналисті ғимаратқа кіргізбей қойған еді. Бірақ, барлық журналистер наразылық танытқан соң, үкімет бұдан бас тартуға мәжбүр болды. Сол сияқты КазТАГ агенттігіне қысым көрсетілгенін білеміз»

Құқық қорғаушы Ғалым Агелеуов өз ойын былай сабақтады: «Медиа кеңістік қазір тарылып жатыр. Сөз бостандығы қатты шектелуде қазір. Қазір журналистерге бірқатар тақырыптарды көтеруге де тыйым салды. Қаңтар мәселесін айтпайды. Қазіргі президент Тоқаевтың туған-туыстарына қатысты шындықты айтуға тыйым салды. Ресей-Украина соғысына байланысты тіс жарғызбайды журналистерге. Ресей мүддесіне қатысты тақырып қозғауға да болмайды. Бұл биліктің жасап отырған шектеуі. Азаматтық қоғамға митинг өткізуге, пикетке шығуға тыйым салып отыр. 

Сонымен бірге, Айдос Садыковтың қазасына байланысты да мәселені көтеруге мүмкіндік берілмейді. Тоқаевтың президенттігі тұсында сөз бостандығы жан жақты шектеліп жатыр. Бұл процесс одан әрі күшейе түседі деген қауіп бар. Мұны тоқтату керек деп санаймыз»

Рүстем Амангелді үкімет журналистерге құлақ асуы тиіс деп санайды. Ол былай деді: «Мемлекет дұрыс жұмыс жасауы үшін биліктің үш тармағы болуы тиіс. Журналистика – төртінші билік деп тегін айтпайды. Бұл елге, қоғамға ауадай қажет дүние. Бірақ, ол тәуелсіз болу керек. Журналистерді қудалаған кезде бұл тек ақпарат кеңістігін шектеу емес, барлық азаматтардың құқығын аяққа таптау деп санаймыз. Журналистердің құқығы шектеліп жатыр, олар қудалануда дегенді көп блогерлер, ақпарат құралдары айтуда. 

Бірден айтайын, мен ешкімнен ақша алмаймын. Қаражатсыз сапалы, мықты журналистикамен айналысу өте қиын. Бірақ, қандай да қаражат алсаң, оны бірден айыптап шығады. Сондықтан, қоғамның өзі қолдау көрсету керек деп ойлаймын. Онсыз дұрыс контент жасау, сапалы журналистикамен айналысу мүмкін емес. 

Журналистерден үкімет мүшелерінің қашып жүруі тіпті ақылға сыймайтын дүние. Қайта оларға толық жауап беріп, бүкіл мәселелерді ашып көрсету керек емес пе? Қоғамға шындықты солай жеткізуге тиіс емес пе үкімет? Журналистерді керісінше қолдауы керек билік. Бұл қоғаммен диалог орнату үшін де маңызды деп ойлаймын»

Рысбек Сәрсенбайұлы мынадай пікірін ортаға салды: «Қазіргі саяси ахуал Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде күрделеніп жатыр. Мұндай жағдайда шындықты айтатын ақпарат құралдары ауадай қажет. Елдегі жағдай мәз емес екені түсінікті. Журналистерге кедергі келтіріп қана қоймай, оларды қудалау жүріп жатыр. Оған мысалдар жеткілікті. Әділдік үшін күрескен, сөз бостандығы мәселесін көтерген Айдос Садыков қастандықпен қазаға ұшырады. Оны атқан адамдардың ізі Қазақстанда табылып отыр. Бұл қылмысты ашуға көмектесудің орнына билік оны жауып тастауға тырысып отыр. Неге? Себебі, тапсырыс берушілер Қазақстанда болуы мүмкін. Мұндай қатер бәріміздің басымызға төніп тұр. 

Қаңтар шындығын айтып, президентті ашық сынаған Думан Мұхамедкәрім жеті жылға бас бостандығынан айрылып, түрмеде отыр. Оны карцерде ұстауда билік. Денсаулық жағдайына алаңдап отырмыз қазір. Ешқандай қылмысы дәлелденбеді. 

Сол сияқты Әйгерім Тілеужан сияқты журналисті әуежайды басып алуға тырысты деп айыптап, төрт жылға қамап тастады. Жауғашты абақтысында отыр қазір. Осы үш адамның бірі тірі болса, қалған екеуі бостандықта жүрсе, бұлардан қоғамға пайда болар ма еді? Әрине. Шындықты, ақиқатты айтар еді. 

Тәуелсіз журналистердің жағдайы, міне, осындай. Олардың мұң зарын тыңдайтын, мәселесін көтеретін саяси партиялар болатын бұрын. Қазір олар да жоқ. Саяси тұлғаларды да қудалап, түрмеге қамап, қыспаққа ұшыратты. 

Әрине, түрлі арналар бар шындықты айтатын. Бірақ, олардың да жағдайы мәз емес. Егер қудалауға ұшыраса, бұл арналарға кім көмектеседі? Бұрын «Әділ сөз» деген ұйым болатын. Тамара Калеева басқарғанда бұл ұйым журналистерге көмек көрсететін. Қазір бұлардың үні шықпайды. Жалғыз Адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау Бюросы ғана қалды. Қазақстан Журналистер одағы қайда қазір? Сейітқазы Матаев ұзақ жылдар бойы бұл ұйымды басқарды. Ол кісінің қаншама еңбегі сіңді тәуелсіз журналистиканы дамытуға. Бірақ, оны да қудалауға ұшыратты. 

Қазір барлық журналистер бас қосып, бірігуі тиіс деп санаймыз. Бірақ, тәуелсіз журналистер мен билікке жақын журналистер бар. Олар біріге ала ма? Қазақтілді, орыстілді журналистер бар. Неге оларға бірікпеске? Қазіргі жағдайда сөз бостандығын қорғау бәріне де ортақ шаруа емес пе? 

АҚШ тәуелсіз журналистикаға қолдау көрсетпесе, сөз бостандығы мәселесін қозғамаса, бұл да жағдайды қиындатады. Қаржыландыру мәселесіне қатысты да сұрақтар туындайды. Бір сөзбен айтқанда, сөз бостандығына қазір үлкен қатер төніп тұр»

Мирболат Мырзатайұлы өзіне жасалған қысым туралы айтты: «Айдос Садыковты қазаға ұшыратқанда бәріміз жиналып, оны еске аламыз деп жоспарладық. Сол кезде үйден шыға бергенде мені бес полиция қызметкері ұстап, аудандық бөлімшеге алып кетті. Бірнеше сағат ұстап отырды. 

Жақында бір адамдық пикет өтті прокуратура алдында. Сол кісіге еріп бардым. Ол плакатпен тұрды. Полиция оны жабылып сүйреп әкетті. Содан мені де ұстап алды. Он полиция қызметкері жабылды. Бөлімшеге алып кетті мені. Бұл мәселеге қатысты прокуратураға да арыз жаздым, жан жаққа шағымдандым. Алматы әкімі Досаевқа да бұл мәселені жеткіздім. Бірақ, ешқандай да нәтиже жоқ. Бізді билік тыңдамайды, құлақ аспайды». 

Лұқпан Ахмедьяров Қылмыстық кодекстің журналистер жұмысына кедергі келтіру бабын іске қосу керек деп санайды. Ол былай деді: «Қазақстанда ешқандай да сөз бостандығы жоқ. Конституцияда «цензураға тыйым салынады» деп жазылғанымен, шын мәнінде шектеу бар. Қылмыстық кодексте «журналист жұмысына кедергі келтіргені үшін» жаза көзделген. Бірақ, бұған қатысты бірде бір қылмыстық іс қозғалмады. Бұл бап жұмыс жасамайды. Меніңше, журналистер осы бапты негізге алып, жаппай арыздар жазуымыз керек. Егер үнсіз отырсақ, жағдайымыз қиындай береді. Журналистер осы бапты тірілту керек. Бұл бап бойынша «Хабар» журналистері сотқа бергені есімде. Әкімдіктің кұзетшісін сотқа берді. Екінші рет Орал қаласында мен сотқа жүгіндім. Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасарына шағымдандым. Бірақ, бұл арызды билік органдары қарамады. Десек те, қылмыстық кодекстің бұл бабын қолдану керек»