Қаңтар айында Шу тұрғыны Марат Шынжырбайға үкім шығып, ол 16 жылға бас бостандығынан айрылды. Үкімді алқабилер соты шығарды. Бірақ, баспасөз мәслихатына келген Мараттың анасы Саярахан Джасабаева алқабилерге қысым көрсетілгенін, оның баласы ешкімді өлтірмегенін сотта толық дәлелдегенін алға тартты. Алқабилердің мүшесі болған Олеся Ковалева да оның сөзін растап, соттың алқабилерге қысым көрсету арқылы айыптау үкімін шығартуға мәжбүрлегенін мәлімдеді.
Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросында баспасөз мәслихаты өтіп, оған сот жүйесіне наразылық танытқан азаматтар қатысты.
Саярахан Джасабаева былай деді:
«Балама қатысты болып жатқан әділетсіздік туралы айтуға келдім. Осыны халық естуі керек деп санаймын. Неден басталғанын айтайын. 2022 жылы менің балам жаттығуға бара жатқанда өзіне таныс адамды кездестіріп қалады. Сол жерде екеуі шекісіп қалады. Төбелеседі. Бірақ, сол жерден бәрі тоқтап, екі жаққа кетеді. Үйге келгенде не болғанын сұрап едім, бәрін айтып берді. Қатты жарақаты болмады.
Кейіннен жаңағы баламмен төбелескен адам өзінің достарын жинап, оны іздей бастаған. Біздің тұратын үйімізді аңдып, жан жақты шарлайды. Кешке балам әкесімен бірге фазендадан келеді. Сол күні кешке балам бір жерге шығып кетеді. Міне, содан бастап баламды үйде көрмедім.
Артынан естігенім, екі топ бір біріне оқ атқан. Сол күні не болған? Баламмен төбелескен жаңағы жігіт қасына адамдарды ертіп келіп, оның досын ұрып соққан. Одан ақша бопсалаған. Телефонын тартып алған. Күні бойы көлікпен алып жүріп, баламды іздеген. «Маратты, яғни баламды сындыру керек» деген. Қолдарында қару жарағы болған. Баламның қол аяғын сындырамыз деп жүрген.
Мәселені бейбіт түрде шешейік дегенде оларды қараңғы жерге шақырған. Сонымен екі тарап келісіп, жанар жағармай бекетіне жиналған. Келе салып, бір біріне оқ жаудырған. Сол кезде Сырым деген бала көз жұмады. Олардың ата анасына көңіл айтамыз. Үш адам жарақат алған.
Бұл жерде не айтқым келеді? Баламды кісі өлтірді, кісі өлтіруге оқталды деп айыптады, сол баппен соттады. Топтың құрамында кісі өлтірді дейді. Бірақ, бұл олай емес. Топ деген жаңағы жиналған адамдар. Менің балам да, оның достары да алдын ала ешқайда дайындалмаған. Баламмен төбелескен жігіт өзінен үлкен. Марат 22 жаста болса, онымен төбелескен жігіт 27 жаста. Ол неге өзінен кіші адаммен төбелесіп, қасына адам жинап келеді? Бейбіт түрде мәселені шешуге болмас па еді?
Балам ешкімді алдын ала жинамаған. Өзі оқ атпаған ешкімге де.
Сотқа келген жігіт, яғни баламмен төбелескен адам – ештеңені білмеймін, есімде жоқ деп жауап берді. Бар болғаны қарбыз сатып алып жаттым деді. Неге жиналдыңдар бір біріңе қарсы дегенде, «ешқайда жиналмадық, тек қарбыз алуға келдік, олар көліктен атып шығып бізге оқ атты» деп жауап берді. Солай бола ма өзі? Қарбыз алып жатқан адамды неге атады? Екі көлікпен жүре ме қарбыз алуға? Одан кейін күні бойы баламның досын алып жүріп, оны ұрып соққаны жалған болғаны ма?
Сот осы мәселенің бәріне еш көңіл бөлмеді. Куәгерлер бірде бір сұраққа дұрыс жауап бере алмады.
Менің баламның досын 16 жылға соттады. «Оқ атқан мен едім, басқа ешкімнің қатысы жоқ» деп мойнына алды ол бәрін. Балам алқабилер сотын таңдады. Сол арқылы әділдікке жетеміз деген үміт болды. Баллистикалық талдама жасаттық. Оның қорытындысына сәйкес, оқ менің баламның мылтығынан атылмады деген нәтиже шықты.
Күні бойы көлікпен алып жүріп, қорқытқан жігіт те арызын кері қайтарды. Оның үйіне келіп, «сенің ұлтың басқа, біз сені бұл жерден көшіріп жібереміз» деп қорқытқан. Ол адамдар бірнеше ай бойы өз үйінде тұрмай, басқа жаққа кқшіп кетті.
Алқабилерді таңдаған кезде солар арқылы әділдікке жетеміз деп ойладық. Бірақ, бұл жай ғана цирк болды. Бәрін шешетін тек қана сот болды. Айыптаушы тарап ешқандай да дәлел келтірмеді.
Үкім шығарарда сот пен алқабилер кеңесу бөлмесіне кетті. Бірнеше сағаттан соң олар қайта шықты. Сот үкім шығарып жатқанда алқабилердің түрлері өзгеріп, өздері жылап жатты. Алқабилерді біз күнде көріп жүрдік сотта. Бұл жолы олар бастарын шайқап, көз жастарына ерік берді. Осыдан ақ алқабилерге қысым көрсетілгенін түсіндім.
Балама тергеу изоляторына бара жатқанда кездейсоқ бір әйелді кездестірдім. Ол «бізді кешіріңіз, ұйықтай алмай қалдым өзім де, қиналып жүрмін» деді. Сүйтсе, ол тергеу изоляторының алдына барып, мені күтеді екен. Ол алқабилердің бірі болып шықты. Қазір оның өзін тыңдайық.
Алқабилердің мүшесі Олеся Ковалева оның сөзін растап, мынаны айтты:
«Сот бізге бюллетень беріп, «Марат кінәлі ме, әлде кінәсіз бе?» Деген сұраққа жауап беруді сұрады. Екі адам ғана оны «кінәлі» деп жазды. Сот осыны оқыған кезде әбден ашуланды. Бізге ұзақ әңгіме айтты. Түрлі мысалдарды келтірді. Қылмыстық кодексті оқып берді. Бұл қанша сағатқа созылғанын да білмеймін. Кабинеттен ешқайда шығармай отырды. Не су бермеді, не бір жерге шығуға рұқсат бермеді. Өзінің пікірін бізге таңа бастады. Қайтадан бюллетень таратып, «Марат айыпты» деген қағазға қол қойдыртты.
Кейін сот үкімін оқыды. Осыдан кейін әбден жаман болдым. Бірнеше түн ұйықтай алмадым. Бұл маған ауыр тиді әбден. Осыдан кейін қылмыстық процессуалды кодексті оқи бастадым. Соттың заңсыз әрекет жасағанын түсіндім. Мараттың анасынан кешірім сұрағым келді. Себебі, біз мүлдем заңсыз әрекетке бардық. Алқабилердің басқа мүшелері шындықты айтуға қорқады. Әйтпесе, болған жағдай міне, осындай».
Мұны айтқан Олеся Ковалева көз жасына ерік берді.
Бұл іс бойынша екі адам 16 жылға сотталған. Қалған үш кісі «қылмыс туралы айтпағаны үшін» 3 жылға бас бостандығынан айрылған. Ал оларға қарсы топ жинап, кездесуге шақырғандардың біреуі де сотталмады.