16 желтоқсан қарсаңында биліктің үрейі ұшатынына етіміз әбден үйренді қазір. Биыл да тура солай: Желтоқсан оқиғасын еске алу күні мен Тәуелсіздік күні жақындаған сайын билік қудалау мен қамауды күшейтті.
Дәл сол күні митинг болады деп қауіптенетін билік белсенділерді алдын ала қамап, ірі қалаларда полиция күштерін қаптатып жібереді.
Астана қаласында Марат Мұсабаев пен Қаңтарбаева Сандуғашты 15 тәулікке қамады. Солтүстік Қазақстан облысында Нұрбол Өнерханды да сондай мерзімге оқшаулады. Маңғыстау облысында Ұлболсын Тұрдиеваны 5 тәулік мерзімге қамады. Семейде Ерлан Кенешбаевты 15 тәулікке жапты. Ақмола облысында тұратын Амангелді Джахинді 12 тәулікке қамады деген ақпарат келді. Бұларды негізінен Франциядан митингке шақырған Әблязовтің жақтастары деп айтатындар көп. Полиция оларды алдын ала қамап тастағаны сол себепті деп болжайды құқық қорғаушылар.
Бірақ, билік бір нәрсені түсінбейді: егер халық митингке шығамын, талап қоямын десе, он шақты белсендіні қамап тастағаны ешкімді де тоқтатпайды. Қаңтар оқиғасында дәл солай болған жоқ па? Назарбаев билікті ұстап тұрғанда да тура солай болды. Белсенділерді алдын ала қамап, отырғызып, үйлерінен шығармай ұстайтын. Бірақ, бұл Қаңтардың алдын алды ма? Халықтың мысын басты ма? Елді жаппай митингке шығудан тоқтатты ма? Жоқ. Қайта бейбіт митингтерге рұқсат беріп, заңды түрде шығуына жол ашып, сол арқылы бейбіт жиын мәдениетін қалыптастыруға болмай ма? Бірақ, билік керісінше ойлайтын тәрізді.
Қаңтар оқиғасынан кейін елде еркіндік басталып, демократиялық өзгерістер болады деген елдің үміті қазір сөнді. Митинг тұрмақ, әлеуметтік желіде наразылық танытқандарды түрмеге қамап, үстерінен қылмыстық іс қозғап жатқан жағдайлар бар. Өткенде АЭС-ке наразылық танытқан бес адамның үстінен ауыр баптармен қылмыстық іс қозғалып, олардың түрмеге қамалғанын жазғанбыз. Айыпталушылардың бірі – Айдар Мүбараков әлі күнге дейін түрмеде жариялаған аштығын жалғастырып жатыр. Денсаулығына қауіп төнсе де.
Ал енді билік сонша дайындалған 16 желтоқсанда не болды? Әдеттегідей бірнеше топ алаңға келіп, гүл шоқтарын қойды. Алдымен алаңға Алматының әкімі Ерболат Досаев бастаған топ келді. Олар жыл сайынғы дәстүр бойынша ләм мим деместен алаңнан кетіп қалды. Олардан бөлек, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев бастаған топ, желтоқсаншылар және басқалары келді. Кейбір «желтоқсаншылар» президент Тоқаевтың сөздері ұстаған плакатты да ала келді. Желтоқсан оқиғасына қазіргі президенттің не қатысы бар екенін олар түсіндіре ала ма, жоқ па, ол жағын білейміз.
16 желтоқсан күні креативті акция өткізген «Оян Қазақстан» қозғалысының белсенділері болды. Олар «1986, 2011, 2022 Ұмытпаймыз, Кешірмейміз» деген жазуы бар плакаттарды қаланың әр жеріне жабыстырды. Шынында да, бұл символикалық маңызы бар акция болды. Әрі билік те бұған шүйлігіп, қудалай алмайды. Жай ғана постер жабыстырудың қай жер қылмыс? Ал бірақ жастар осылайша үш қасіретті датаның ел жүрегінде екенін ашық әрі айқын жеткізді.
Жаңаөзен қаласында да құрбандарды еске алу шарасы өтті. Мұнайшылар 13 желтоқсан күні Жаңаөзенде 2011 жылғы құрбандарды еске алып, олардың рухына құран бағыштады. Ондаған адам жиналып, қаза тапқан боздақтар үшін арнайылап ас берді. Назарбаевтың президенттігі тұсында төгілген қан үшін кім жауап береді? Бұл мәселені де ашық айтқандар болды.
Енді бірнеше аптадан соң Қаңтар қасіретінің үш жылдығы болады. Бұл Қазақстан тәуелсіздік тарихындағы ең қанды әрі қасіретті оқиға екені сөзсіз. Сол күндері атылған оқтан 238 адам қаза тапты. Ресми мәлімет бойынша. Қаншама адам түрмеге қамалды, қудаланды. Билік бұл датаның алдында да белсенділерді қамап жататынын білеміз. Бұл жолы қалай болатынын жақында көреміз.
ФОТО: “Оян Қазақстан”