Әлеуметтік желіде «діни көзқарасым үшін мені ұрып кетті» деген азаматтың видео үндеуі жария болды. «Құрметті азаматтар, құдай жоқ дегенім үшін мені ұрды, алдағы уақытта полицияға арызданайын деп отырмын» деген үндеу Телеграм арналардың бірінде таралды.
Бұған дейін Қазақстан Халықаралық Адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау бюросында өзін «тәңіршілміз» деп атайтын топтың баспасөз мәслихаты өткен еді. Олардың айтуынша, мешіттерде «тәңіршілдерді» қудалауға нұсқаулықтар беріліп, олардың үстінен полиция мен басқа да құзырлы органдарға арыз жазуға шақырады. Соның салдарынан оларды әкімшілік ресурстардың көмегімен қудалау жиілеп кетті. Олар мұны «діни көзқарасымыз үшін қудаланып отырмыз» деп қабылдайды.
Баспасөз мәслихатында белгілі болғандай, соңғы уақытта «тәңіршілдердің» үстінен үш қылмыстық іс және бір әкімшілік іс қозғалған. Айталық, Шымкент тұрғындары Айшу Жантасова мен Гаухар Қарабекова діни алауыздықты қоздырды деп айыпталды. Жантасова екі жылға бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сондай-ақ жақында Шымкент қаласындағы тағы бір тұрғын, мектеп мұғалімі Жанар Досмұхамедова да екі жылға бостандығын шектеу жазасы үкім етілді. Әрине, соттың шешімі қаншалықты әділетті болғаны туралы біз ештеңе қосып айта алмаймыз.
Астана қаласының дәрігері Пакизат Таласбаеваның жағдайы бұдан тәуірлеу – ол тек әкімшілік жауапкершілікке, яғни 453 бап бойынша «Қазақстан Республикасының аумағында діндарлық алауыздықты қоздыруға бағытталған БАҚ өнімдерін және басқа өнімдерді дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау, тарату» айыппұл арқалаған.
Тәңіршілдікті ұстанып, осы жылдың наурыз айында өткен Бақсы Құрылтайының қатысушысы Пакизат Таласбаева өзіне қарсы қысымның дәл осы шарадан кейін басталғанын айтады.
Гаухар Қарабекованың да Жантасовамен ұқсас айыптаулар бойынша ісі қаралып жатыр. Полицияға берген түсініктемесінде әлеуметтік желілерде қазақ дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын талқылайтын чаттарға қатысқанын және одан басқа алып қосар ештеңе жоқ екенін жазған. Алайда бұл мәлімдемелерден кейін діни зерттеу сараптамасы жасалды, ол сарапшыларға және зерттеу сапасына қатысты көптеген сұрақтар туындатты.
Баспасөз мәслихатында заңнамалық деңгейде қуғын-сүргіннің кейбір діни қайраткерлердің қоғамға жат дәстүрлерді енгізуге талпыныстары мен оларға қатысты айтылған сынға жауап ретінде пайда болғаны туралы болжам жасалды. Сонымен қатар, бұл діни артықшылықтар мен радикализацияға әсер етуі мүмкін, деп болжайды спикерлер.
Ал азаматтық белсенді Асель Тауһан керісінше жағдайды баяндап берді. Ол әлеуметтік желі қолданушысының қазақтардың қасиетті құндылығы – «жеті шелпек» туралы комментарийлерде қорлағанын айтып, бірақ полиция бұл жағдайда қандай да бір процессуалдық шешім қабылдауға қажет деп есептемегенін атап өтті.
– Қазақ қоғамының өмір сүру негіздерінің бірі – бұл дәстүрлер, және біз оларды ұқыпты сақтаймыз, – дейді ол, сондай-ақ артық діни уағыздауларға қарсы тұрып. Ал құқық қорғау органдарының әрекеті оған қызығушылық танытқан тұлғалардың тапсырысы бойынша кек алу ретінде қабылдануда.
Сонымен бірге, баспасөз мәслихатына қатысушылар бірқатар діни қайраткерлердің «домбыра харам» деген сөзіне құзырлы органдардың еш назар аудармайтынын баса айтты. «Неге бұл сөздері үшін олар жауапкершілік арқаламайды? Неге оларды полиция учаскелеріне шақырып, айыппұл салмайды?» – дейді олар.
Айта кетер тағы бір жайт, үстіміздегі жылдың тамыз айында Алматыда бір топ зиялы қауым өкілдері баспасөз мәслихатын өткізіп, «тәңіршілдікті» Қазақстандағы ресми діндердің қатарына жатқызу туралы бастама көтергенін мәлімдеді. Олар онлайн петицияға қол жинағанын да айтты. Бірақ, министрлік қарайтын елу мыңға тарта қол жиналмады бұл петицияға. Қазіргі таңда «тәңіршілдікті» ұстанатын адамдардың санын нақты айту мүмкін емес. Біреулер оны жүздеген мың адам ұстанады десе, енді бірі бұл жай ғана кішігірім топ деп айтады.