Былтыр қазан айында өткен АЭС құрылысына қатысты референдум алдында белсенділер ұсталып, оның бесеуін тергеу изоляторына қамаған еді. 12 азаматқа референдум өтетін күні «жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырмақ болды» деген айып тағылған. Бүгін олардың қорғаушылары және туыстары жиналып, істің барысы, азаматтардың қазіргі жағдайы туралы баяндады.
Алматыда орналасқан Қазақстан Халықаралық Адам құқығын қорғау Бюросында референдум қарсаңында қамалған бес азаматтық белсендінің қорғаушылары баспасөз мәслихатын өткізді.
Алдымен сөз кезегін алған Төлеген Берліқожа былай деді:«Жақын арада істер бойынша өзгерістер болуы мүмкін. Қалалық прокурордың орынбасарына кірдік, бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрадық. Қамаудағы азаматтар да әділдік сұрап отыр. Іс құпия емес қазір. Алдымен қылмыстық істі құпияландырған еді. Соған байланысты қоғамдық қорғаушы тағайындау мәселесі қиындаған еді. Бірақ, бұл да жақын арада шешіледі деп ойлаймын»
Одан кейін Айдар Мубараковтың қорғаушысы Еркін Қаһаров мынаны айтты:
«Айдар Мубараковқа кіріп шықтым. Денсаулықтары жақсы көрінді. Өздерін қолдаған азаматтарға алғысын айтуда. Қорғаушылар барлық құжатты өздеріне беруді талап етті. Бәрімен танысу керек едік. Төрт ай бермей жүрді. Күні кеше берді бізге барлық құжатты. Бұл да жартылай жеңіс. Қаншама шулап жүріп, баспасөз мәслихатын өткізіп қол жеткіздік осыған. Бұл азаматтар қарапайым адамдар, оларға мұндай ауыр айып тағатындай негіз жоқ деп санаймын. Бұларды қамауға негіз болған құжат – Мирзаходжаев деген сарапшының шығарған сараптамасы. Соған бола бес адамды қамап тастады. Бұған біз кешенді сараптама тағайындауды сұрап отырмыз. Бір адам емес, бірнеше адам сараптама жасасын. Көп нәрсені қазір айта алмаймын, себебі тергеу органдарына ақпарат жарияламау туралы қолхат бердік».
Ал қамалған белсенді Фазылжан Сыдықовтың әйелі Сыдықова Гүлзамира күйеуініің денсаулық жағдайы туралы айтты:«Референдумның алдында ұстап әкетті күйеуімді. Түрмеде отырған бес адамның үшеуі зейнеткер. Менің күйеуім Фазылжан өзі астматик, жүрегі ауырады, оған ерекше күтім керек. Елім, жерім деп жүрген адамдарға жала жабылып отыр. Олардың азаматтық құқықтары тапталуда. Мына тергеу ашық әрі әділ өтуі керек деп талап етеміз. Тым құрығанда, Фазылжанды үй қамаққа жіберсе деп сұраймын».
Күдікті деп танылған белсенді Нұрлан Жаулыбайдың жары Балшекер Жаулыбаева да күйеуінің денсаулығына алаңдайтынын жеткізді: «Төрт ай болды түрмеде отырғанына. Оның денсаулығы ешқандай да жақсы емес. Оған диеталық тамақ керек, дәрігердің қарауы керек. Өзі елім деп жүрген адам еді. Оған неге сонша әділетсіздік жасап отыр? Өзі зейнеткер адам. Ол қандай қылмыс жасайды? Ешқандай да қылмысқа баратын адам емес ол. Өзі қамқор әке, үлгілі ата. Халқым, елім деп жүрген адамдарға қолдау көрсетіп отырған кісі ғана ол. АЭС-ке халықтың бәрі қарсы болды. Ондай болса, бәрін отырғызсын апарып? Сол үшін соттай ма енді? Менің де талабым – Нұрланды сотқа дейін үйқамаққа шығарса. Оның түрмеде отыруға денсаулығы шыдамайды».
Баспасөз мәслихатына қатысқан азаматтық белсенді Бесжан Төлеубекұлы істің саяси астары бар екенін жеткізді: «Бұл азаматтар өз әрекеттерін ашық әрі жария жасады. Астыртын іс жасаған жоқ. Бұл істің саяси астары бары сөзсіз. АЭС салынуына қарсы болды. Билік қатты қорықты АЭС бойынша референдум өтетін күні митингтер, наразылықтар болады деп».
Qazaq Times Youtube арнасының журналисі Қойшыбек Мүбарак қорғаушыларға «қылмыстық істі алдымен құпия етіп, одан кейін оны неге құпиясыздандырды?» Деген сауал қойды.
Бұған қорғаушы Еркін Қаһаров былай деді: «Істің құпия деген статусын алып тастады. Себебі, жазаға тартылып отырған адамдар қарапайым кісілер. Мемлекеттік қызметкер емес. Олар қандай құпияны біледі? Мысалы, Қайрат Сатыбалды, Мәсімовты алыңыз. Олардың ісі құпия түрде өтті. Себебі, олар жабық ақпаратты біледі. Ал мына кісілер қандай құпияны біледі? Мысалы, Нұрлан Жаулыбай қарапайым сварщик. Ол қандай құпияны ашады? Оның ісін құпия етуге еш негіз жоқ».
Төлеген Берліқожа бұл шешімді өздерінің арызданғанымен, құзырлы органдарға шағымдануымен байланыстырады. Қылмыстық істі қүпия етудің негізгі параметрлері бар. Бұл жерде ондай жоқ. Сол себепті, «құпия» деген статусын алып тастады деп түсіндірді Берліқожа.
Еркін Қаһаров іс бойынша басқа да заңбұзушылықтар барын айтты. Мысалы, қылмыстық іс материалдарын төрт айдан кейін ғана берді. Бұл заңға қайшы екені сөзсіз. Себебі, қорғаушы барлық іс материалдарымен танысуы тиіс. Одан кейін, күдіктілерге қоғамдық қорғаушы статусы берілуі керек. Оны да беріп жатқан жоқ оларға. Бірақ, әлі күнге дейін сол статусты туыстары ала алмай отыр. Бұл да заңбұзушылық. Тергеуші ешқандай негізсіз қоғамдық қорғаушы ретінде танымай отыр туыстарын. Бұдан кейін сараптама қорытындысын да бермей отыр. Өздерің сараптама тағайындаңдар дейді. Біз нені тағайындаймыз? Алдымен сараптама қорытындысы керек емес пе? Соны тек үш айдан соң орындады. Осының бәрі заңды белшеден басу ғой, – деді Қаһаров.
Қылмыстық іс бойынша қамауда отырған бес адамнан бөлек тағы сегіз адам бары белгілі болды. Олардың қорғануға құқығы бар куәгер деген статусы бар. Бұл азаматтардың да мәселесін тергеу органдары шешу керек. Не сотқа тартады, не қылмыстық жауапкершіліктен босатады. Оларға қатысты қандай қаулы қабылданатыны әзірге белгісіз екенін де айтты қорғаушылар.
Жиналғандар заңбұзушылыққа барған тергеушілерді істен шеттету туралы талап қою керегін айтты. Қорғаушылардың айтуынша, олардың мұндай құқығы бар. Жіпке тізгендей етілген заңбұзушылықтардан соң тергеушіні бұл істен алып тастау керек еді. Бірақ, ондай шешім қабылданбады. Керісінше, тергеушінің шені «майордан» «подполковникке» дейін өскен. Бұл да құзырлы органдардың қорғаушылар талабына құлақ аспағанын байқатады, дейді жиналғандар.