Соңғы кездері митинг түгілі жалғыз адамдық пикетке шығуға рұқсат алу қиындап барады. Бұл азаматтарды жиналу құқығынан айырып отыр.
Астана қаласы ішкі саясат басқармасының дерегіне қарағанда, елордада айына 120 митинг өтеді. Яғни, Астана әкімдігі күн сайын төрт митинг өткізуге рұқсат беріп тұрады-мыс. Бірақ, ол митингтерді кім өткізіп жатқаны, қандай тақырыптар көтерілгені, оған қанша адамның қатысқаны туралы бірде бір мәлімет жоқ. Сонда бұл көзге көрінбейтін қандай «митинг» болғаны? Ал күні кеше белгілі болғандай, Алматы әкімдігі әйелдер құқығын қорғайтын ұйымдарға 8 наурыз күні «Әйелдер шеруін» өткізуге рұқсат бермеді. Былтыр да қала басшылығы бұл ұйымдарға алаңға шығуға рұқсат бермеген еді. Оған себеп ретінде «бұл шеру азаматтардың ашу-ызасын тудырады» деп ашық айтқан еді. Мұның дәлелі ретінде әкімдікпен тығыз қарым қатынаста саналатын бір топ «желтоқсаншылар» Республика алаңына шығып, «мұндай шеруге жол бермейміз» деп бұлқан талқан болған еді. Бірақ, ең қызығы, әншейінде «заңсыз жиналдыңдар» деп жетіп келетін прокуратура қызметкерлері де, полиция өкілдері де «желтоқсаншыларға» ол жолы жолаған да жоқ. Артынан бұларды біртіндеп шақырып, айыппұл салғанын да естімедік.
Биыл да сол жағдай қайталана ма, жоқ па, ол жағын білмейміз. Бірақ, анық білетініміз, соңғы кездері митинг өткізу былай тұрсын, саяси тұтқындарды қолдап, сотқа барған азаматтарды әкімшілік қамауға алып, айыппұл салып жатқанын өз көзімізбен көрдік. Ал митинг деген қазір атымен жоқ: оған шығуға әкімдіктер республикалық референдум өтіп жатқан тұста да рұқсат бермеген еді. Айтпақшы, «митинг өткізуге рұқсат бермеуі -заңсыздық» деп Алматы белсендісі Анар Аққозы қала әкімдігін сотқа берген еді. Айтуынша, ол референдум кезінде Алматыда митинг өткізуге әкімдікке өтініш тапсырған. Бірақ, «мәслихат рұқсат еткен барлық жерде басқа шаралар өтеді» деген желеумен Аққозыға рұқсат берілмеді. Дәл сол күні Анар ханым «басқа іс шаралар өтіп жатқан» жерлерді аралайды. Барлығы бос тұрады. Яғни, бірде бір іс шара өтіп жатпады. Соған байланысты ол әкімдікті сотқа берген еді. Алғашқы сатыдағы сот дұрыс қаралған да жоқ. Неге десеңіз, Анар Аққозы мен оның қорғаушысы Маржан Аспандиярова сөйлеп бола сала, сот «журналистерді қатыстыруға бола ма, болмай ма» деген сұрақты шешу үшін кеңесу бөлмесіне шығып кетеді. Қайта оралады да, журналистерді қатыстыру мәселесіне байланысты емес, іс бойынша шешімді оқи салады. Оның нәтижесі белгілі: Аққозының жазған арызын қанағаттандырусыз қалдырып, Алматы әкімдігінің шешімін дұрыс деп бағалайды.
Бұған түсірілген апелляциялық шағымды қалалық сот тек қана 2,5 айдан соң ғана қарайды. Бұл жолы сот барлық заңдық процедураларды сақтап, процесті бастан аяқ өткізеді. Барлық тарапты тыңдап болып, 16 қаңтар күні шешімін шығарады. Ол соттың алғашқы сатысының қаулысын заңды деп қалдырып, Анар Аққозының шағымын қанағаттандырмай тастайды. Митинг тұрмақ, жалғыз адамдық пикет өткізуге рұқсат алу да қазір қияметтің қиыны болып кетті. Оған дәлел – мүгедектігі бар Жәмилә Бурабаеваның мысалы. Ол Алматы қаласында мүгедектердің мәселесін көтеріп, пикет өткізуге екі рет өтініш хат тапсырады. Бірақ, әкімдік Абай мен Республика алаңдарында стратегиялық нысандар бар деген желеумен әкімдік шенділері Бурабаеваға пикетке шығуға рұқсат бермеді. Бұған қатысты Бурабаева мен оның заңды өкілі Ерлан Қалиев сотқа шағымданады. Сотта әкімдік өкілдері «стратегиялық нысан» ретінде Сәтпаев пен Абай көшелерін атайды. Бұл соттың да нәтижесі белгілі: Бурабаеваның шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.
Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда митинг өткізу күрт азайды. Митинг десе, биліктің төбе шашы тік тұрып, белсенділерді алдын ала қамап, айыппұл салып, үйінен шығармай жатады. Қаңтарға дейінгі жағдай да сондай еді. Бірақ, бұл ондаған мың адамның алаңдарға шығып, саяси реформаларды, әділдікті талап етуіне кедергі болмағанын қазіргі билік ұмытып қалған тәрізді.