• Басты
  • >
  • «Бесеудің ісі бойынша Астанаға барамыз!»

«Бесеудің ісі бойынша Астанаға барамыз!»

18.03.2025

АЭС бойынша референдум қарсаңында қамалған бес белсендінің ісі бойынша тергеуді алтынша айға созды.

Қорғаушы мұны тергеушілердің дәлелі жоқтығымен түсіндіреді

Адам құқықтары мен заңдылық сақтау Қазақстан Халықаралық Бюросында АЭС салу бойынша референдум алдында қамалған бес белсендінің қылмыстық ісіне қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Оған күдікті деп танылған төрт азаматтың қорғаушысы Еркін Қахаров, бұл іс бойынша тергеуге алынып, қазір қолхатпен жүрген Рақыш Тоқманбет және қоғам белсендісі Гүлжахан Ибижанқызы қатысты.

Қоғам белсендісі Гүлжахан Ибижанқызы былай деді: «Бес белсенді азаматты АЭС салу бойынша референдум алдында қамауға алды. Олар, міне, алты ай болды тар қапаста отыр. Барлығы қарапайым азаматтар, зейнеткерлер. Бұл кісілер азаматтарға көмек көрсетті, Алматы мен оның айналасындағы аудандарға жеткізетін қоғамдық көліктің жетіспеушілігін айтты. Соның нәтижесінде жаңа автобус бағыттары іске қосылды. Осындай істермен айналысып жүрді. Оларға ауыр айып тағып, түрмеге қамады.

Өткенде прокурорлармен кездестік. Осы азаматтардың ісін қадағалауға алыңыз дедік. Болмаса, Астанаға барамыз деп айттық. Екі апта уақыт бер деп сұрады. Бірақ, ол мерзім өтті. Еш нәтиже жоқ. Енді Астанаға баруға да дайынбыз. Бұл азаматтарды қудалау тіптен шектен шыққандық деп санаймыз».

Қорғаушы Еркін Қаһаров бұл іске қатысты мынадай пікір білдірді: «Төрт адамды қорғап отырмын қазір. Тергеуді қазір алты айға созды. Неге олай жасады, мен оны түсіндіре алмаймын. Прокурор да, тергеушілер де маған жауап бермеді. Ешқандай тергеу іс әрекеттері жүріп жатқан жоқ. Бес адам отыр түрмеде. Алты ай мерзім жеткілікті емес пе? Сотқа жіберуге болар еді істі. Бірақ, ешқандай іс әрекет жасалып жатқан жоқ.

Екі бірдей сараптама жасалды. Төртеуі айтады, бұл сараптамада көрсетілген сөздер біздікі емес дейді. Яғни бұл сөзді біз мүлдем айтпадық деп отыр. Олардың дауыстарына фонографиялық сараптама жасалмады. Демек, бұл  сөзді олар айтты ма, жоқ па, оны ешкім дәлелдей алмайды. 

Бастапқыда бұл сараптамадан өтуге бұл кісілер бас тартқан еді. Қазір оны береміз деп отыр. Сараптама жасалсын деп отыр.

Жұма күні прокурормен кездестік. Барлық жағдайды айттық. Прокурор барлығын тексереміз деп қалды. Қандай қадамға барады, әзірге белгісіз. Сараптаманы бір ғана адамға – Мирзаходжаевқа береді. Ол негізі сарапшы маман емес. Оған ешқандай сеніміміз де жоқ біздің. Қазақстанда 20-30 сарапшы маман бар. Неге солардың біріне бермейді бұл материалдарды. Объективті, тәуелсіз сараптама жасауға болады емес пе? Тергеуді алты айға созғанына қарағанда, құзырлы органдардың дәлелі жоқ деген сөз. Бұл менің пікірім. Егер дәлелі болса, баяғыда сотқа жіберіп, процесті бастар еді.

Қамалған адамдар – зейнеткерлер. Олардың тіпті ауыздарында тісі де жоқ. Төңкеріс жасауға қайдан ақша алады бұлар? Ойған қонбайтын нәрсе емес пе? Ақша жинады дейді тергеушілер. Ақша жинап, адам жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыра ма?

Азамат ретінде айтарым, бұл кісілердің қылмысқа ешқандай да қатысы жоқ деп санаймын».

Қылмыстық іске куәгер ретінде тартылған, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүргер Рақыш Тоқманбет мынаны айтты: «Бізде интернетке емін еркін шығып, сепаратистік пікір айтып жүргендер бар. Оларды неге қамамайды? Қарапайым бес адамды неге түрмеге жауып тастады? Алматы прокурорынан, полициясынан сұрағым келеді: неге заң аясында әрекет етіп жүрген қарапайым белсенділерді қамады? Қайдағы экстремистер? Олардың үйіне арнайы жасақ жіберіп, қаматуға не себеп болды? Ешқандай ақылға қонбайтын нәрсе.

12 адамның тағдыры ойыншық па? Бес адам қамауда отыр. Қалғандары қолхатпен ешқайда кетпеу бұлтартпау шарасымен жүр. Тергеушілер «жоғары жақтан бұйрық келді» дейді. Ішкі істер министрі мен бас прокурор осы бес адамды қамаңдар деп бұйрық берді ме? Кім оларға ақпарат берді? Бес адамның ешқандай да жазығы жоқ. Олардың ешбір жазығы жоқ. Ақ, адал адамдар.

Біз тек қана қарапайым азаматтарға қолдау көрсеттік. Мысалы, жолдың сапасы, қоғамдық көліктің жұмысы туралы мәселе көтердік. Соның нәтижесінде 25 жаңа автобусты қойды. Адамдарға біраз көмек болды бұл. Міне, осындай елге қажетті, керекті проблемаларды айттық. Оның несі айып? Мүгедектігі бар адамдардың мәселесін көтердік. Әкімдікке осы жағдайларды жеткізіп жүрдік. Бұл нақты нәтиже емес пе? Оның несі қылмыс? Жұмыс тобын құрып, сондай іспен айналыстық. Халыққа көмек қой мұның бәрі. Біреудің билігін тартып алайық деген ойымыз жоқ. Тек жұмыс атқарса құзырлы органдар деп отырмыз.

Мирзаходжаев деген сарапшы тергеушілерге ыңғайлы адам деп санаймын. Тергеуге қандай қорытынды керек, соны жасап береді.

Бәрін Астана шешеді деп жатыр бізге. Егер Алматыда тыңдамаса, Астанаға барамыз. Сұрақты сол жердегі шенеуніктерге қоямыз. Басқа амалымыз жоқ».

Сарапшыны ауыстыру туралы талапты тергеушілер құлаққа ілмей отыр дейді қорғаушы Еркін Қахаров. «Мирзаходжаевқа ешқандай сенім жоқ. Бір кездері сарапшы ретінде лицензиясынан айрылған. Қазір бар оның рұқсаты. Бірақ, бізде оған ешқандай да сенім жоқ», – деп мәлімдеді Қахаров.

Жиналған белсенділер көптеп қол жинап, Мирзаходжаевты істен шеттету туралы петиция жазатындарын мәлім етті.