• Басты
  • >
  • Белсенділерге жасалған кедергі, өтпей қалған аза тұту шеруі: Алматыда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын қалай еске алды? 

Белсенділерге жасалған кедергі, өтпей қалған аза тұту шеруі: Алматыда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын қалай еске алды? 

31.05.2023

Саяси қуғын-сүрген құрбандарын еске алу күні қарсаңында «31 мамыр» комитетін құрған бір топ белсенді 31 мамыр аза тұту шеруін өткізбек болған. Олар Алматының Қабанбай және Наурызбай батыр көшелерінің қиылысындағы саябақ аумағында орналасқан Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш алдына сағат 11:30-да жиналып, ары қарай Желтоқсан алаңына шерулетіп бармақ болған. Бірақ комитет мүшелерінің бір бөлігіне полиция үйінен шығуға кедергі жасаған, енді бірін ұстаған. 

«31 мамыр» комитетінің өкілі Нұрлан Әмірқұлов Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш алдында белсенділерді үйінен шығармай полиция күзетіп отыруына байланысты аза тұту шеруі өтпейтінін мәлімдеді. Оның сөзінше, комитет мүшелері шеруді 27 қыркүйек Алашорда көшбасшысы Әлихан Бөкейхановтың атылған күні өткізуді жоспарлауда. 

– Біз шеруді 27 қыркүйек Алашорда көшбасшысы Әлихан Бөкейхановтың атылған күні өткізуді жоспарлап отырмыз. Алашордалықтар кімдер екенін, олардың не үшін құрбан болғанын насихаттауымыз керек. Қазір көбісі оны білмейді де,  деді ол. 

Бұдан бөлек, жиналған белсенділер билікке бірнеше талап қойды: 

  • Саяси қуғын-сүргін, Ашаршылық және депортация құрбандарына арналған азалы күн жариялау. Оны Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов атылған күнге (27 қыркүйек) сәйкестендіру;
  • Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін демалыс деп жариялау. Қазақстан мен елдің шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерінде туды түсіру. Қуғын-сүргін құрбандарын үнсіздікпен еске алу.
  • Жыл сайын Ашаршылық, саяси қуғын-сүргін және сталиндік депортация құрбандарын еске алу шеруін өткізу.

31 мамыр Алматы прокуратурасы бейбіт жиын өткізу туралы заңнаманы бұзғандар 25 тәулікке қамалатынын айтып, қалада шеру өткізбек болған белсенділерге ескерту жасаған. Халықты митингке шықпауға үндеген. Митинг пен шеру өтпесе де полиция мен арнайы жасақ саябақты қоршап тұрды. 

Түс уақытында Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, тіркелмеген оппозициялық Демократиялық партия белсенділері Инга Иманбай, Аружан Дүйсебаева, саяси белсенді Әлнұр Ильяшев және т.б кезек-кезек келіп, гүл шоқтарын қойды. 

– Саяси белсенділер өзінің азаматтық-саяси позициясы үшін түрмеде отыр. Сондықтан біз бүгін өткенге тағзым етуден бұрын, қазіргі күннің саяси репрессиясы туралы айтуымыз керек. Қазіргі күні саяси репрессияға ұшырап отырған азаматтарға қолдау білдіруіміз қажет. Жаңа ғана осы жерге Алматы қаласының әкімі келіп, тағзым етіп, тарихқа үңілгендей болған шығар. Бірақ сол өткенге тағзым етеміз деп отырған билік сол саяси репрессияны жалғастырып отыр. Кеше ғана Қаңтар оқиғасы бойынша 16 жылға сотталған жігітке азаптау болып жатқаны туралы айтылды. Бұл екіжүзділік, тарихты сыйлайтын билік болса, дәл қазір саяси репрессияны тоқтатуы тиіс, – деді Иманбай.

Таңертең ескерткішке қала әкімі Ерболат Досаев гүл қойып, қуғын-сүргін құрбандарына құран бағыштап кеткен. 


Сондай-ақ қараңыз