АЭС референдумы қарсаңында ұсталған немесе айыппұл салынғанбелсенділер қатары көбейіп жатыр. “Ар.Рух.Хақ” қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина толықтырып жатқан тізімде 20 адамның аты-жөні бар. Бір күн бұрын тізімде 17 адам болған.
Тізімге енбеген азаматтар да бар. Белсенді Абзал Достияровтың хабарлауынша, 3 қазанда полиция ұстаған Гүлжахан Бәйітке “заңсыз үгіт-насихат материалдарын таратқаны үшін” 42 мың теңге айыппұл салынған. Белсендінің жазуынша, Гүлжахан Бәйіт АЭС-ке қарсы сөз жазылған плакаттарды таратқан.
“Белсенділер – экстремистер емес” тобының хабарлауынша, Алматыда белсенді Қанатхан Әмренов “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деген айыппен 20 тәулікке қамалған. Оның алдында топ өкілдері оның жоғалып кеткенін, туыстары хабарласа алмай отырғанын жазған еді. Топтың хабарлауынша, Астанада белсенді Жасұлан Көпеев 10 тәулікке қамалған. Азаттық әзірге сот порталынан бұл азаматтарға қатысты сот шешімдерін таба алмады.
3 қазанда Семейде полиция азаматтық белсенді Динара Мүбәрактың үйіне барып, Алматы қалалық полиция департаментінің шақыруын тапсырған.Семейлік белсендіні Алматы полицияға шақыру себебі белгісіз.
Астанада АЭС-ке қарсы екенін айтып жүрген белсенді Нұрбол Өнерхан да 15 тәулікке қамалды. Сот шешіміне сүйенсек, оған “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу” бабы бойынша айып тағылған. Ол 2024 жылы наурызда Астанада әділет министрлігінің алдында “Біз тіріміз”, “Алға, Қазақстан” деп ұран көтерген наразылық акциясына қатысқан. Сот кезінде белсенді өзіне тағылған айыппен келіспей, “Алға, Қазақстан” оппозициялық партиясын тіркеу үшін өтініш беруге барғанын, ғимарат алдында өзге белсенділермен бірге суретке түскенін айтқан. Сот шешімі 30 қыркүйекте шыққан.
Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында бүгін Ерғали Байдақов есімді азаматқа қатысты әкімшілік сот өтеді. Адвокаты Жанболат Құлжановтың сөзінше, полиция 2023 жылдың 6 қыркүйегіндегі оқиғаға қатысты “Жала жабу” бабы (73-3-бап 2- бөлігі) бойынша хаттама толтырған.
“Бұл Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 62-бабына (“Ескіру мерзiмінiң өтуiне байланысты әкiмшiлiк жауаптылықтан босату”) қайшы. Кеше сот өтіп, құжаттармен танысу үшін бүгінге қалдырылған еді. Қазір сағат 11-де болады. Біз енді өзіміздің уәжімізді айтамыз. Нақты бұл істің АЭС-ке қатысы жоқ. Бірақ жалпы Ерғали Байдақов әлеуметтік желіде АЭС-ке қарсы екенін айтып жүрген” деді адвокат.
Құқық қорғаушылар АЭС референдумы қарсаңында белсенділердің ұсталуын халықты “қорқыту тәсілі” деп санайды. Бұл жөнінде Варшавадағыадамзат өлшемі конференциясында да айтылған.
Осы аптада мәжіліс кулуарында журналистер белсенділердің ұсталуына байланысты бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевке сұрақ қойған, алайда ол “бұл сұрақ өзінің құзыретіне кірмейтінін, сауалды ішкі істер министрлігі өкілдеріне қойсаңыз, дұрыс болады” деп жауап қатты. Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі әзірге референдум алдындағы ұстауларға түсініктеме бермеді.
Қазақстанда 6 қазанда АЭС бойынша референдум өтеді. Жұртшылық “Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?” деген сұраққа жауап береді.
Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша халық пікірі сан алуан. АЭС-ке қарсылар ескі инфрақұрылымды жаңартып, энергия тиімділігін арттыруға болады, жасыл энергия нарығында да потенциалды жобалар көп дейді. АЭС-ті жақтайтындар Қазақстанда энергия тапшылығы барған сайын ушыға бермек, атом энергиясы жылу және су электр станцияларына балама бола алатын тұрақты энергия көзі, жел мен күн энергиясы өндіретін қуат тұрақсыз деген уәж айтып жүр.
Қазақстанда 2020 жылы “Бейбіт жиын туралы” жаңа заң қабылданғанымен, құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынға алып келеді. Көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініштері орындалмайды. Ал “рұқсат етілмеген” шараға барғандар әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Астананы осы шектеулерді алып тастауға үндеген.