• Басты
  • >
  • "Саяси тұтқын" Жұмағұлов соққыға жығылғанын растады

“Саяси тұтқын” Жұмағұлов соққыға жығылғанын растады

29.04.2021

Адвокат Ерлан Ерболатұлына ЛА 155/14 түзету мекемесінің әкімшілігі саяси тұтқын Алмат Жұмағұловпен кездесуге рұқсат бермеді.

28 сәуірде осыдан екі күн бұрын «түрмеде соққыға жығылды» деп хабарланған саяси тұтқын Алмат Жұмағұловпен оның адвокаты Ерлан Ерболатұлы кездесе алмады. Түрме әкімшілігі карантин шараларын алға тартып, кездесу тек онлайн режимде болатынын айтқан.

Ерлан Ерболатұлының сөзінше, онлайн тілдесу барысында Жұмағұлов сәуірдің 26-ы күні түрмеге әскер кіргізіліп, тінту жүргізілгенін, өзінің және өзге де жазасын өтеушілердің соққыға жығылғанын растаған.

«Жұмағұлов және өзге 42 жазасын өтеуші 2021 жылдың 26 сәуірінде таңғы сағат 9:00 шамасында №6, 7, 8, 9 отрядтарында тінту болғанын растады. Тінтуді режим бөлімінің басшысы Аслан Жұмаханұлы мен тергеу өкілі Жасұлан Қабылұлының қатысуымен ішкі әскер жүргізген. Олардың заңсыз әрекеттеріне қарсылық білдіріп, прокурор мен ішкі әскер бөлімінің басшысын шақыруды талап еткен жазасын өтеушілер соққыға жығылған. Жұмағұловтың бетінде, оң жақ иығы төңірегінде, екі аяғында гематомалары бар», – дейді Ерболатұлы.

Бұдан бөлек, кездесу барысында Алмат Жұмағұлов адвокатына болған оқиғаға байланысты 42 адамның қолы қойылған екі бірдей арызды табыстаған. Бір арыз Алматы әскери округының әскери прокурорына арналған. Арызда 26 сәуірде болған заңсыздықтарға қатысы бар адамдардың жазалануы талап етілген және талаптар орындалмаса 42 адамның аштық жариялайтындығы айтылған. Екінші арыз Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро директоры Евгений Жовтистің атына жазылған. Онда құқық қорғаушылардан тінту жүргізіп, жазасын өтеушілерді соққыға жыққан адамдарды жауапқа тартуға көмектесулерін сұраған және өздерімен қандай да бір оқыс оқиға болатын болса, оған ұлттық гвардия бақылаушылары кінәлі болатындарын ескерткен.

Бұған дейін Алматы облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаменті . 26 сәуірде ЛА 155/14  түзету мекемесінде тінту жүргізілгенін растап, осы түрмеде отырған «саяси тұтқын» Алмат Жұмағұловтың соққыға жығылғанын жоққа шығарған.

Алмат Жұмағұлов 2018 жылы «жиһадшылар ісі» бойынша 8 жылға сотталған. Оған «терроризмді насихаттады», «ұлтаралық араздық қоздырды» деген айыптар тағылған.

Құқық қорғаушылар Алмат Жұмағұловтың саяси көзқарасына байланысты қудаланғанды деп атап, оны саяси тұтқын деп атаған. Еуропарламент 2021 жылдың ақпанындағы қарарында Нұр-Сұлтанды «саяси тұтқындарды» босатуға шақырған. Оның ішінде Алмат Жұмағұловтың да атын атаған.


Сондай-ақ қараңыз