• Басты
  • >
  • Оппозиция 14-і митингіге шақырады

Оппозиция 14-і митингіге шақырады

10.11.2020

Демокаратиялық партия ұйымдастыру тобының мүшелері Жанболат Мамай, Абзал Достияров, Әйгерім Тілеужан және оппозициялық «БӘСЕ» ютуб арнасының жетекшісі Айдос Садықов 14-ші қарашада өтетін митингке байланысты баспасөз мәслихатын өткізді.

Айдос Садықовтың сөзінше, митингіге Демократиялық партия мен «Бәсе» арнасымен бірге «Еркін қазақтар» және «Ел бірлігі» қозғалыстары қатысады.

«Қарашаның 14-і күні бойкот, несиелік амнистия, жерді шетелдіктерге сатпау талаптары бойынша митинг өтеді. Оны ұйымдастырып жатқан Демократиялық партия, «Бәсе» арнасы, «Еркін қазақтар» және «Ел бірлігі» қозғалыстары. Рұқсат етілген митинг… Осы кезде билікке айту керек, өтірік сайлау өткізбесін… Елдегі алты партияның алтауы да биліктің астындағы партиялар. Олардың біреуіне де сенім жоқ. Біреуі Құлыбаевтікі, екіншісі, ЖСДП, КНПК, Ауыл Кәрім Мәсімовтың астында тұрған партиялар. Нұр Отан екі бастан Назарбаевтың партиясы. Сондықтан халық сенетін, елді дұрыстайтын бірде-бір партия жоқ. Осы төрт жылдың ішінде бұл партиялар не істеді? Ештеңе істеген жоқ. Өтірік сайлауға қатысудың қажеті жоқ. Бұл сайлауға тек қана бойкот болу керек», – деді Садықов.

Өз кезегінде Жанболат Мамай алда өтетін митингте қандай да бір арандату болатын болса, ол сөзсіз биліктің іс-әрекеті болатынын айтты. Оның сөзінше, митинг кезінде төбелес шығаратын да, арандатушыларды жіберетін де билік. Сол сепебті де барлық жауапкершілік биліктің мойынында.

«Біздің позициямыз анық. Ол парламент сайлауына белсенді бойкот жариялау. Белсенді бойкот үйде жату немесе отыру деген сөз емес, ол ашық түрде осындай митингтерге шығу. Мен елде өзгеріс үшін күресіп жүрген азаматтардың басты мақсаты алда өтетін парламент сайлауын лигитимді емес деп тану деп ойлаймын… Билікке ескерту жасағым келеді. 31-ші қазан күні өткен митингте арандатулар ұйымдастырылды. Жалпы, кез келген митингте билік өкілдері арандату ұйымдастыруға тырысады. Егер осындай жағдайлар орын алатын болса, бұл тікелей биліктің ұйымдастыруымен болатынын осы бастан ескертеміз. Біздің тарапымыздан ешқандай заң бұзушылық болмайды. Тек билік қана осындай арандату, төбелес ұйымдастырып, әртүрлі киім кигізіп, «Нұр Отанның» өкілдерін жібереді. Сондықтан барлығы биліктің жауапкершілігінде», – дейді Мамай.

Абзал Достияровтың сөзінше, қазір Демпартия өкілдері митингке байланысты әлеуметтік желіде ғана емес, көшеде, саябақтарда, халық көп шоғырланатын жерлерде жұмыс істеуде.

«Біз әлеуемттік желі мен кеңседе отырған жоқпыз. Біз саябақ, сауда орталықтары сияқты адам көп жүретін жерлерге барып, парақшаларымызды таратып, барынша өзіміздің үгіт-насихат жұмыстарымызды жүргізіп жатырмыз. Елдің назар аударуын, ықыласын біз көріп отырмыз. Сондықтан халық бейқам, шықпайды, бойын үрей билеп алған деп айтудың қажеті жоқ», – дейді Достияров.

Демократиялық партия мен «Бәсе» ютуб арнасының митингі 14-ші қарашада өтеді. Бұған дейін белсенділер Алматы қаласының әкімдігіне митинг өткізу туралы ескерту хат жолдаған. Кейіннен билік оған рұқсат берген.  


Сондай-ақ қараңыз