• Басты
  • >
  • Ақтөбе соты белсенді Сарқұловтың бас бостандығын бір жылға шектеді

Ақтөбе соты белсенді Сарқұловтың бас бостандығын бір жылға шектеді

20.11.2020

Ақтөбе қалалық №2 соты белсенді Бауыржан Сарқұловты “тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысқаны” үшін (Қылмыстың кодекстің 405-бабы) айыпты деп тауып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті.

Тергеу материалдарына қарағанда, 41 жастағы Бауыржан Сарқұлов биыл 20 мамырда әлеуметтік желіде видеомәлімдеме жасап, азаматтық белсенділердің құқығы жиі бұзылатынын айтқан және “Көше партиясы” деген тіркелмеген ұйымды “бейбіт қозғалыс” деп атап, оны қолдауға шақырған.

19 қараша күнгі сот отырысындағы соңғы сөзінде Бауыржан Сарқұлов өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын айтты.

«Заңға қайшы ештеңе істегенім жоқ. Тіпті ол кезде биліктің “Көше партиясын” экстремистік ұйым деп танығанынан да бейхабар едім. Сондықтан мені ақтауыңызды сұраймын», – деді ол.

Сарқұловтың адвокаты Расиля Өтегенова да оған тағылған айыпты негізсіз деп санайды.

«[Нұр-Сұлтан қаласы] Есіл аудандық сотының “Көше партиясын” экстремистік ұйым деп тану туралы қаулысы 2020 жылғы 19 мамыр күні қабылданған. Ал Бауыржан Сарқұлов видеомәлімдемесін оның ертесінде, 20 мамырда жасады. Яғни, ол мәлімдеме жасаған кезде “Көше партиясының” тыйым салынған ұйым екенін білмеген», – дейді Расиля Өтегенова.

Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы Әсет Арықов белсенді Сарқұловтың бас бостандығын екі жылға шектеуді сұраған. Судья Ербол Әбдіхалықов белсендінің бас бостандығын бір жылға шектеп, 100 сағаттық мәжбүрлі қоғамдық еңбек жазасын кесті.

Соттың ұйғарымына сәйкес, үкім күшіне енген күннен бастап Бауыржан Сарқұлов әлеуметтік желіде жазба жариялап, пікір қалдыра алмайды. Оның мессенджерлерді де пайдалануына тыйым салынды. Бұл талаптар орындалмаған жағдайда бас бостандығын шектеу бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады.

Қазақстан соты қуғындағы банкир, оппозициялық көзқарастағы саясаткер Мұхтар Әблязов басқаратын “Қазақстанның демократиялық таңдауы” (ҚДТ) қозғалысын эктремистік деп тауып, онымен байланысы бар адамдарды жиі қудалайды. Ал Еуропа парламенті 2019 жылғы наурыздағы қарарында ҚДТ-ны “бейбіт опппозициялық қозғалыс” деп атаған.

2020 жылғы 19 мамырда Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы соты тіркелмеген “Көше партиясы” қозғалысы елде экстремистік деп танылған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” (ҚДТ) қозғалысымен бір ұйым деп танып, оның да қызметіне тыйым салған


Сондай-ақ қараңыз