КАЗАХСТАНСКОЕ МЕЖДУНАРОДНОЕ БЮРО ПО ПРАВАМ ЧЕЛОВЕКА И СОБЛЮДЕНИЮ ЗАКОННОСТИ

Қытайда жазықсыз сотталған қазақтардың туыстары жиналып, Қазақстан мен Қытай билігінен көмек сұрауда. Олар Қытайдағы туыстарының жазықсыз сотталып, қудалауға ұшырап жатқанын айтады. Қазірде Қытайда қуғын көрген қазақтарды қорғау жөнінде арнайы комиссия құрылған. Ол комиссияға төрт мыңнан астам арыз-шағым келіп түскен. Белсенділер қазір кемінде 160 адам жазықсыз қамауда екенін айтады.


Енді Қытай үкіметінен құқай көрген қандастарымыздың мәселесіне белсенділер халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдарының да назарын аудармақ.

Осы мәселеге байланысты Астанада өткен арнайы баспасөз мәжілісінде қоғам белсендісі Қыдырәлі Оразұлы Қазақстандағы туыстарына келген этникалық қазақтардың Қытайға қайта барғандағы көрген қысымы туралы төмендегідей баяндап берді.

Қоғам белсендісі Қытай 26 қауіпті мемлекеттің тізімін жасағанын, оның ішіне Қазақстанды да қосқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, көрші елде сол 26 мемлекетке барған азаматтарға арнап, «саяси үйрену» орталықтары құрылған.

"Саяси үйрену" орталықтарын жалпақ тілмен жабық түрме деп айтуға болады. Қазір бірнеше мың қандасымыз сол орталықтарда жатыр. "Саяси үйренуде" өз құқығын қорғамақ болып, қарсы шыққан қазақтарды он жылға, он алты жылға соттады. Қазір бізде 160 қандасымыздың сотталғаны туралы нақты ақпарат бар. Аты-жөндері, қанша жылға қамалғаны туралы деректер қолымызда.

Қытай билігі 26 қауіпті мемлекеттің тізімін жасаған, сол тізімнің арасында біздің ел де бар. Сондықтан олар Қазақстанға барған азаматтарды "сендер қауіпті мемлекетке бардыңдар, саналарыңда ауытқушылықтар болуы мүмкін" деген сылтаумен "саяси үйрену" орталықтарына жіберіп ұстап отыр.

Бүгінгі баспасөзге Қытайда сотталған адамдардың жақын туысқандары да қатысып отыр. Мәселен, осы кісілердің әрбір тұрған ауданында кем дегенде 500 адам түрмеде жатыр. Ал Қытайда білесіздер, 40-қа жуық аудан бар. Егер сол қырыққа жуық ауданға көбейтсек, сотталған қандастарымыздың саны 10 мыңнан асады. Ал бізге әзірге 200-ге жуық азаматтың ақпараты түсті. Себебі сотталғандар туралы ақпарат беруге жақындарының өздері жасқанады, тартыншақтайды. Өздерінің басы бәлеге қалуы мүмкін, аузын ашса.

Жақында бір аптаның ішінде қазақтар тұратын ауданда қытайлар 30 мыңға жуық үйді тінтті. Сөйтіп, Қазақстан туралы суреттер, діни күнтізбелер, жайнамаздарды, Құран кітаптарын барлығын жинап, өртеп жіберген. Бұған қатысты да расталған деректер бізде бар", — дейді Қыдырәлі Оразұлы.

Бүгін фейсбук желісінде Бейсен Ахметұлы деген азамат аталған мәселе бойынша Қытай елшілігімен кездесу болғанын жазды. Ол: «Бүгін Қытайдың Астанадағы консолдығында кездесу өтті. Кездесуде Лю Иоң Чиаң мырза Шынжаңдағы жағдайдың қиын екенін мойындады. Бұл мәселелер бойынша Қытай басшылығына жеткізетінін, мәселені шештіруге тырысатынын айтты. Кездесуге құқық қорғаушы Ләззет Қамзе, қоғам белсендісі Қыдырәлі Оразы ұлы және Анар атты белсенді келді», - деген жазба қалдырған.

 

Присоединяйтесь к обсуждению публикации на Facebook: