КАЗАХСТАНСКОЕ МЕЖДУНАРОДНОЕ БЮРО ПО ПРАВАМ ЧЕЛОВЕКА И СОБЛЮДЕНИЮ ЗАКОННОСТИ

Қытай жоғары билігі тарапынан қандастарымызға заңсыз көрсетіліп жатқан саяси қыспақтар дереу тоқтатылсын, түрмеге жазықсыз қамалғандар – босатылып, адамдарға төлқұжаттары мен Ыхтиярхаттары дереу қайтарылсын.


2017 жылдың маусым айында Дүниежүзі Қазақтарының Қауымдастығының Ү-ші Құрылтайында Германиядан келген Өмірхан Алтынұлы Қытайда этникалық қазақтардың  құқы аяққа аяусыз тапталып, репрессияға ұшырап жатқанын мәлім етті. ҚР президенті бұған жедел назар аударып,  ҚР СІМ-не (Сыртқы істер министрлігі) шұғыл тапсырма берді. ҚР СІМ Қытайдың Қазақстандағы өкілетті елшісімен кездесу өткізіп, Қытайдағы саяси қысымның мән-жәйін түсіндіруді талап етті. Қытай елшісі: « Бұл Шинжаң өлкесі жергілікті басшыларының асыра сілтеуі, Қытай жоғары билігінің пәрмені емес» деп,  саяси қысым жайында жоғары билікке жеткізуге  уәде берді. Артынша, Қытай Қазақстан тарапынан«Ақжол» партиясының жетекшісі А. Перуашов Бейжіңге барған сапарында Қытайдың сыртқы істер министріне Қытайдан Қазақстанға көшіп келген қандастарымыздың атынан жазылған Арыз-хатты тапсырғаны белгілі. Қытай СІМ  арызхатты Қытай төрағасы Ци зин пин-ге міндетті түрде  тапсыратынын айтып тағы да уәде берген еді. Бірақ, өкініштісі осы жоғарыдағы екі әрекет, екі уәдеден де еш нәтиже болмады. Қазақстан  тарапынан үшінші қадам жасалды: ҚР СІМ  ҚХР-на ресми түрде  дипломатялық нота тапсырылды.

Бүгін  бүкіл Қазақстан халқын алаңдатып отырған нәрсе – Қытай билігі бұл нотаға да пысқырып қарамайтынын байқатып отыр. Оған дәлел: ол жақтағы қазақ жұртшылығының, яғни, біздің қандастарымыздың төлқұжаттары біртұтас жиналып алынды. Бүгінде көші-қоң біржола тоқтап тұр: адамдарды заңсыз түрде жазықсыз жазалап,түрмелерге топ-тобымен тоғыту жалғасып жатыр! Бұл айтылғандарды дәлелдейтін дереккөздер қазір жеткілікті...

Бүгін Қытай өзіне қауіпті деген 26 мемлекеттің қатарына Қазақстанды  қосып отыр. Осыны сылтау етіп, Қазақстанға барып-келген немесе Қазақстанмен байланысы, туысы бар кез келген адам олар үшін «екжүзді»  деген атпен түрмеге қамалуда. Тіпті,Қазақстанға көшіп келіп Ықтярхат алған адамдар Қытайға бара қалса, Қазақстан тарапынан берілетін Ыхтиярхаттары тартып алынуда. Азаматтық алуға үлгірмеген қандастарымызды, Қытайдағы туыстарына қысым көрсету арқылы қайта шақыртып алып, төлқұжаты мен Ыхтиярхатын тартып алуда. Тіпті, ҚР азаматтығын алғандар да «Қытайдағы тіркеуді өшірмедің» деген сылтаумен тұтқындалып, ҚР төлқұжаты жаппай  тәркіленуде. Төлқұжатсыз қалғандардың алды түрмеге қамалып, түрмеге қамалмағандары қатаң бақылауға алынған. Бүгінде қанша отбасы Қытайдың солақай саясатының кесірінен бөлініп қалғанын білу қиын болып тұр! Мұндағы кей отбасылары асыраушысыз қалып, күнкөрістері қиындап кеткені өз алдына, Қытай тарапынан  жасалып отырған қысым елде үлкен алаңдаушылық тудыруда. Өйткені, түрмеге қамалып қана қоймай, адамдар түрлі азаптауға, өлімге ұшырағаны туралы да ақпарат бар! Қазақстан жұртшылығы көрші елде ашықтан-ашық репрессия жүріп, адам құқығы тапталып жатқанына алаңдаулы. Себебі, кез келген мемлекеттің территория тұтастығы және  мемлекеттік-ұлттық қауіпсіздігі тек ішкі емес, сыртқы саясатқа, оның ішінде  көршілес елдерде орын алатын саяси жағдайларға да байланысты екенін жоққа шығаруға болмайды. Жер бетіндегі мемлекеттер өзара тату болу керек болса, бірінші кезекте Адам құқығы сақталуы тиіс!

 

Қытай тарапы, қазір айтуға ауыз бармайтын ассимиляцияның жабайы түрін (қазақтарды қытайлармен некелесуге күштеп көндіру, қазақ және қытай отбасыларын туыстастыру) сондағы қазақ ұлтына қатысты қолдануда,  мұсылман жұртшылығына жасаған айуандығын айтпағанда!  Қолдарында заңды лицензиясы бар, заңды жұмыс жасап отырған қаншама имамдар жалған жала жабылып, түрмеге қамалды. Қазақ отбасыларының үйінде тұрған Құран,тәспі жайнамаз тәркіленіп, өртенді. Адамдардың алды түрмеде өлтірілді, арты 10, 20 жылға сотталып кетіп жатыр! Не үшін?! Сондағы  ұлттың имунитеті болған имамдар осылай жазаланып, қалыпты діни шаралар өткізуге мүлде тиым салынған! Өлген адамға жаназа шығару мүмкін болмай отыр! Ораза-намаз сияқты  қарапайым діни амалдар орындау – қылмыс деп танылып, жазалануда. Қос тілде( қытай тілі мен қазақ тілінде ) білім алу құқықтары аяққа тапталып, балабақшадан бастап, барлық мектептерде  қытай тіліне басымдылық беріліп, сол тілде  білім алу міндеттелді.Қытайдың негізгі Ата заңында әр ұлттың  діни еркіндігіне құрмет ету, өз ана тілінде білім алуын қамтамасыз ету дейтін баптары бола тұра осылай өрескел дәрежеде өзі бекіткен заңға өздері кереғар келіп отыр. 

Қытайдың бұл әрекеті тек сондағы қазақ ұлтына, мұсылман жұртшылығына ғана жасалған қастандық деп қарауға әсте болмайды және бұл бүкіл өркениетті адамзат баласын  ойландыруы, сақтандыруы тиіс! Жер бетіндегі халықтар жағдайы, Адам құқығы – халықаралық-құқықтық тұрғыдан реттелетінін неге Қытай Қазақстанға деген қарым-қатынасында жаңылып, сақтамай отыр? ҚР «Азаматтық туралы» заңының 9-бабына сәйкес, ҚР республиканың шегінен тыс жүрген өз азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша шаралар белгіленген. Шеттегі азаматтардың құқын негізінен елдегі Сыртқы істер министрлігі жүзеге асырады. Министрлік өз міндетін атқарды десек, оған жауап берудің орнына Қытайдың репрессияны одан әрі жүргізе беруін қалай түсінуге болады?

Енді бізге БҰҰ басшылыққа алатын Жалпыға ортақ Адам құқығы туралы Декларацияға, халықаралық қауымдастықтың көмегіне жүгінбеске шара жоқ сияқты. Аталған Декларация  бойынша  әр мемлекет өзінде қандай  саяси, әлеуметтік, мәдени жүйе екеніне  қарамастан, адам құқығы мен теңдігін сақтауға міндетті. Мұндағы 5-бап бойынша, ешбір адам қинау мен азаптауға ұшырауға, адам төзгісіз айуандықпен жазалануға немесе ар-намысы тапталатын жағдайға ұшырамауы тиіс. 7-бап: «Барлық адам заң алдында бірдей және тең жағдайда заңмен қорғана алады. Декларация шарттарын бұзатын қандай да болсын дискриминациядан заңмен қорғануға құқылы» деп көрсетеді. Ал 9-бап бойынша, ешкім де заңсыз, беталды тұтқындалмауы, қамалмауы, қуғындалмауы тиіс екен! Бірақ мұны бүгін Қытай ұғынатынға ұқсамайды! Жалпыға ортақ Декларация бойынша, адамның отбасына, жеке өміріне ешкім араласа алмайды. Ал бүгін Қытайда этникалық қазақтардың отбасылары қақ жарылып, алды тоз-тозға ұшырай бастады. Әке – баладан, бала – әкеден еш жазықсыз, ешбір соғыссыз айырылуда! Этникалық қазақтардың діни көзқарастарына тыйым салынып, тіліне тосқауыл қойылып, ассимиляцияның жабайы түрі  (бұл бұрын-соңды адамзат тарихында болмаған айуандық!) қолданылуда! Барлық репрессия барысында Қытай тарапынан: «Сенің Қытайға қатысты ойың дұрыс емес!» деген бір-ақ ауыз  айыптау айтылатын көрінеді! Ал балалары, не ата-анасы, не туысы  Қазақстан немесе өзге елдерге біржола жібергендер, тек осы бір ғана саяси  құқықтық таңдауы үшін қамауға алынып, азап көруде! Сөйтіп Қытай ешбір жерде жазылмаған қылмыстық баптарды ойлап тауып,  әрекет етуде.

Бір сөзбен айтқанда, Жалпыға ортақ Адам құқығы Декларациясында көрсетілген әр адамның азаматтық таңдау құқығы, мемлекеттен еркімен кету немесе қайта оралу сияқты саяси  құқықтары дөрекі түрде бұзылуда! Қандай азаматтықты таңдау – әр адамның өз құқы!Ешкім өз еркінен тыс қалаған азаматтығынан айырылуы тиіс емес, азаматтығын өзгерту туралы құқын да,  оның еркінен тыс ешкім өзгерте алмайды. Бірақ Қытай мұның бәрін керісінше орындауға біржола бет бұра бастаған сыңайлы. Сондықтан Қазақстан қоғамы, Қытайдың азшылық этникалық топтарға қатысты жүргзіп отырған саяси қысымынан зардап шегушілер адам қолымен жасалып отырған бұл репрессияға халықаралық құқық қорғау ұйымдарының, халықаралық қауымдастықтың назар аударуын, араша болуын сұрайды.  БҰҰ жанындағы Адам құқығы жөніндегі Жоғарғы Комиссары, Хельсинкий комитеті, дін еркіндігін қолдайтын Amnesty International, Фридом Хаус, Форум-18. т.б. адам құқығы мен еркіндігіне араша тұра алатын өзге де ұйымдар Қытай геноцидін тоқтатуға, тек этникалық азшылық топ емес, бүкіл өркениетті жұртшылық үшін оң шешімін табуға ықпал етуі тиіс деп ойлаймыз! Рас, адамзат тарихында геноцид үнемі болып отырған, бірақ адамзаттың озық ойлы бөлігі оны тоқтатуға үнемі күш салып келеді! Сондықтан:

1.Қытай жоғары билігі тарапынан қандастарымызға заңсыз көрсетіліп жатқан саяси қыспақтар дереу тоқтатылсын, түрмеге жазықсыз қамалғандар – босатылып, адамдарға төлқұжаттары мен Ыхтиярхаттары қайтарылуы тиіс;

  1. Жалпыға ортақ Адам құқығы Декларациясына сәйкес, адамдардың діни еркіндігі , ұлттық салт-дәстүрін сақтау еркіндігі мен өз ана тілінде оқып, білім алу еркіндігі қайтарылуы шарт;
    3.Әлі де Қазақстанға көшемін дейтін қандастарымыздың көшіне Қытай тарапынан кедергі болмауын сұраймыз. Екі елдің арасындағы қатынас - көршілік, достық қарым-қатынас аясында қабылданған заңдарға, сондай-ақ Шаңхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер арасындағы қауіпсіз қарым-қатынас заңдарына сай мәміледе болуы қажет;
    4.Қазақстан Республикасы - дүние жүзіндегі бар Қазақтың бірден-бір тарихи Отаны, жоқтаушысы болғандықтан, Қытай тарапынан ол жақтағы қандастарымыздың тарихи отанына түп қотарыла көшіп келуіне рұхсат етілсін. Әр адам қай мемлекетте тұрғысы келсе, қандай азаматтық алғысы келсе, ол оның өз еркі!

5.Қазақстан ғана емес, бүкіл Орта Азия жұртшылығы Қытай тарапынан адамдарға жасалып отырған саяси қысымға өз көзқарас тарын танытуы керек! Яғни, Қытайдағы геноцидке қарсылық әр елде жоғары – халықаралық деңгейде талқыланып, қажет болса, әр елдегі Қытай елшілері елдеріне қайтарылуы тиіс!

6.Қазақстан үкіметі Қытай тарапынан этникалық қазақтарға жасалып отырған шектен шыққан жөнсіздікке наразылық білдіруі және оған жол бермеуді ескертуі тиіс.  

7.ҚР парламентінің Күн тәртібіне Қытайдағы этникалық қазақтар көріп жатқан саяси қысым, адамдардың жазықсыз қамалып, өлімге ұшырап жатқаны туралы мәселе тез арада қойылсын! Депутаттар Президентке сауал жолдап, соғыссыз-ақ қырылып жатқан қандастарымызды елге көшіріп алудың жолдары жедел қарастырылысын!  Өз халқына араша сұрай алмаған парламенттің несі парламент?!
8.Әлі де келетін қандастарымыз үшін, Қазақстан Республикасының көші-қонға қатысты құзыретті органдарынан Қазақстан азаматтығын алуды барынша жеңілдетілген тәртіппен жүргізуге Президент тарапынан нұсқау берілсе, құба-құп болар еді!

9.Қытайдағы этникалық қазақтар мен мұсылман жұртшылығын репрессидан қорғау үшін арнайы комитет құрылуы тиіс.

  1. Қазақ халқының тағдыры үшін жауапкершілікті мойнына алған президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселеге өзі тікелей араласуы, оның оңды шешіміне ықпал етуі тиіс.

02.04.2018 жылы Алматыда өткен баспасөз жиыны қатысушылары


 

Присоединяйтесь к обсуждению публикации на Facebook: