КАЗАХСТАНСКОЕ МЕЖДУНАРОДНОЕ БЮРО ПО ПРАВАМ ЧЕЛОВЕКА И СОБЛЮДЕНИЮ ЗАКОННОСТИ

Бүгін Алматы, Нұр-Сұлтанда және өзге өңірлерде Қазақстанда Қытай зауыттарының салынуына қарсы бейбіт жиындар өтіп жатыр.Жиналғандар үш күннен бері наразылықта тұрған жаңаөзендіктерді қолдауда.


Бүгін Алматы, Астана және өзге өңірлерде Қазақстанда Қытай зауыттарының салынуына қарсы бейбіт жиындар өтіп жатыр. Жиналғандар үш күннен бері наразылықта тұрған жаңаөзендіктерді қолдап, елдің барған сайын Қытай өнімдеріне тәуелді болып бара жатқанын айтып, мәселеге алаңдап отырғанын жеткізді.

2-3 қыркүйекте Жаңаөзеннің бес жүзден астам тұрғыны қаланың орталық алаңына жиналып, Қытайдың Қазақстандағы жобаларын тоқтатуды талап еткен еді. Кеше Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және Шымкентте де белсенділер «Қытайдың экспансиясына қарсымыз» деген акция өткізген.

Жаңаөзен тұрғындары екі күн қатарынан әкімдік алдына келіп, Қытайдың Қазақстанда салатын 55 зауытына қарсы шықты. Олар қыркүйектің 2-сі күні Жаңаөзен қаласы әкімдігінің алдына келіп, билікке талаптарын айтқан. Кейін оларға қала әкімінің орынбасары Аманғали Нұрдәулетов шығып, Жаңаөзенге Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Тұрымов келе жатқанын айтқан.

Қыркүйектің 3-і күні наразылар қарсылық шараларын 2011 жылы мұнайшылар ереуілі өткен Орталық алаңда жалғастырды. Олармен кездесуге Ақтаудан Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Тұрымов келді. Жиналғандардың бірі әкімге «президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Қытай зауыт салынбайды деген қолы мен мөрі қойылған қағаз берсін. Соны талап етеміз» деді.

Қыркүйектің 3-і күні Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Шымкентте белсенділер акция өткізіп, Жаңаөзендегі наразылық шарасын қолдады. Нұр-Сұлтанда Қалдыхан Қозыбаева, Әлия Жакупова мен Анна Шөкеева «Қытай экспансиясына жол жоқ», «Біз Жаңаөзенмен біргеміз!» деген жазулары бар плакаттар көтеріп, Ақордаға қарай баратын жол бойына шықты.

– Біз Жаңаөзенде не болып жатқанын білеміз. Жаңаөзен - әркезде Қазақстанның жан ауруы. Сондықтан да біз олардың бейбіт наразылығына қолдау білдіріп шығып тұрмыз. 2011 жылдың желтоқсанын (Жаңаөзен оқиғасы – ред.) ешкімде қайталағысы келмейді деп ойлаймын. Ол кезде біз ештеңе естімедік, көрмедік, интернет болмады. Біздің саясатқа қатысымыз жоқ дей алмаймыз. Біздің бәріміздің саясатқа қатысымыз бар, – деді Әлия Жакупова.

Белсенділерді көшеде өтіп бара жатқан кейбір тұрғындар да қолдады. Олар үлескерлер дауын, елдегі адам құқығы жағдайын айтып, биліктің назарын аударуға тырысты.

Ал Шымкенттегі акция Ордабасы алаңында өтті. Алаңға жиналған жиырма шақты адамның арасында жергілікті белсенділер, көп балалы әйелдер мен зейнеткерлер болды. Олар билікті Қытайдан алынған кредит пен екіжақты жасалған келісім жайлы ақпаратты жариялауды талап етті

– Қытай зауыттарының бізге не керегі бар? Қазір қанша адам жұмыссыз жүр. Зауыт, фабрикаларды ашып, соларға жұмыс тауып берсін, – деді зейнеткер Тілеулес Ілес.

Ақтөбеде жеті адам облыстық әкімдігінің алдындағы алаңда пикет өткізіп, "Қытайдың 55 зауытына жол жоқ" деген плакат ұстап шықты.

– Біз екі күннен бері наразылық білдіріп жатқан Жаңаөзен халқымен біргеміз. Қазақстан жері – бәріміздің жеріміз, бәріміздің болашағымыз. Сондықтан Қазақстан жеріне Қытай зауыттарын салуға біз де қарсымыз! – деді жергілікті белсенділердің бірі Әлібек Молдин.

Әкімдік өкілдері наразыларды ғимаратқа кіріп сөйлесуге шақырғанымен, олар кеңсеге барудан бас тартты. Акцияға келгендер бір сағаттан соң тарады.

Естеріңізге сала кетейік, аталған тақырыпқа қарсы бейбіт жиындар бірінші рет өтіп тұрған жоқ. Ең ірі наразылық 2016 жылы Атырау қаласында өткен. Атырау қаласындағы Исатай мен Махамбет алаңында бес мың адам жиналып, билік Қытайға жерді жалға беру мәселесіне 2021 жылға дейін мораторий жарияланған болатын.

Атыраудағы митингіні ұйымдастырғаны үшін Макс Боқаев пен Талғат Аян бес жылға бас бостандығынан айрылған еді. Оларды қазақстандық және халықаралық құқыққорғаушылар ар-ұждан тұтқыны деп мойындап, дереу босатылуын талап еткен. Талғат Аянның жазасы шарттыға ауыстырылып, бостандыққа шыққан еді. Макс Боқаев Ақтөбе қаласындағы түрмеде жазасын өтеуде.

Дәл қазір Алматы қаласындағы әкімшілік алдында елуге жуық адам наразылықта тұр. Тйкелей әфирді КМБПЧ фейсбук парақшасынан көре аласыздар.  

 

Присоединяйтесь к обсуждению публикации на Facebook: