• Басты
  • >
  • Еуропа парламенті депутаттарының келуі төңірегіндегі жағдайға байлынысты мәлімдеме

Еуропа парламенті депутаттарының келуі төңірегіндегі жағдайға байлынысты мәлімдеме

21.09.2018

2018 жылдың 18-қыркүйек күні Алматыдағы Rixos қонақ үйінің қасында полиция Еуропарламент депутаттарымен өзінің ұлы Әсет Нұржаубайдың ісі жөнінде сөйлесуге келген Ғалия Оспанованы ұстады. Құқыққорғаушылардың пікірі бойынша Әсет Нұржаубай саяси көзқарасы үшін қудалануда.

Тура сол күні полиция Әсел Көпбосынованы, саяси тұтқын деп танылған Алмат Жұмағұловтың жұбайын үйінен шығармай, таңғы сағат 7-ден бастап үйінің қасында отырған.

Бір күн бұрын Астанада полиция бірнеше адамды ұстаған еді. Оның ішінде «Азат Еуропа» қазақ қызметінің «Настоящее время» жобасының журналисті Светлана Глушкова да бар. Ол Астанада Еуропарламент депутаттарының азаматтық қоғам өкілдерімен кездесуі өтіп жатқан кеңсе қасында ұсталды. Екі қаладағы ұстаулардың да себебі бір, еуродепутаттарға қазақстандық биліктің іс-әрекетіне қатысты наразылық айтуға жол бермеу.

Сол 18-қыркүйек күні Павлодарда құқыққорғаушы Елена Семеноваға қарсы сот аяқталды. Сот оның іс-әрекетінен еш заңға қайшылық таппай, ақтады. Бірақ, заңсыз істі қолдан жасап, құқыққорғаушының Астанада Еуропарламент депутаттарымен кездесуіне кедергі жасаған полиция қызметкерлерінің іс-әрекетіне баға берілген жоқ.

Айта кетерлігі, дәл қазір Қазақстандағы азаптауға қарсы коалиция мүшесі Елена Семенованың үстінен ҚР қылмыстық кодексінің 274 бабы бойынша, жалған ақпарат таратты деген айыппен іс қозғалған. Құқыққорғаушылар ол іс Е.Семенованың үстінен  Еуропарламент депутаттары алдында Қазақстан түрмелеріндегі азаптау туралы шындықты айтқаны үшін қозғалғанына сенімді.

Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың тамыз айының соңында Алматы, Павлодар және Астана қалаларының азаматтық белсенділерімен Швейцария парламентінің депутаттары Клод Бегле және Карло Соммаруга, Италия адам құқығы бойынша федерация президенті Антонио Станго кездескен еді. Алайда, Қарағанды қаласындағы белсенділермен олар кездесе алмады. Кездесуге келе жатқан бір топ белсендіні белгісіз адамдар ұстап, кездесуге жібермей қойған.

Жоғарыда келтірген мысалдар, елде Еуропарламент депутаттары және құқыққорғау миссияларымен кездесуге әдейі кедергі жасау қалыпты жағдайға айналғанын көрсетеді. Қазақстанға келген шетелдік саясаткерлерді билікке қатысты наразылық пікір айтатын топтардан бөлектеуге тырысады.

Осы орайда біз жоғарыдағы мысалдардағы полицияның және белгісіз адамдардың азаматтық белсенділерге қарсы заңсыз әрекетіне наразылық білдіреміз.

Қазақстан билігі халықаралық деңгейдегі шенеуніктермен және журналистермен кездескісі келген бейбіт халықты қорқыту, үркіту практикасын бұрыннан қолданып келеді. Сонымен қатар, қазақстандық құзырлы мекемелер шетілдік делегацияларды аңду, тыңдау практикасын қолданады. Бұл жөнінде Қазақстанға ресми сапармен келген БҰҰ бейбіт жиындар мен бірлестіктер құқығы бойынша Арнайы есепшісі Майна Киаи өзінің есебінде жазды (http://www.adilet.gov.kz/ru/node/103163).

Жоғарыда айтылған заңсыз әрекеттер ҚР Конституциясының 21 бабы және Азаматтық және саяси құқықтар бойынша халықаралық пактінің 12 бабы бойынша азаматтардың кедергісіз қозғалу құқығын бұзады. Полиция мен құқыққорғау органдарының бұл әрекеті Қазақстан Республикасын халықаралық заңдарды сыйламайтын, адам құқығын мүлде есепке алмайтын полициялық мемлекет ретінде көрсетеді.

Осы орайда Қазақстанның адам құқығы және заңдылықтың сақталуы жөніндегі бюросы бұл мәлімдемені Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Қ.Қасымовқа, Қазақстан Республикасы Бас прокуроры Қ.Қожамжаровқа, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі К.Әбдрахмановқа және қоғамдық даму министрі Д.Қалетаевқа ашық хат ретінде қабылдауды сұрайды және халықаралық деңгейдегі саясаткер, журналист, құқыққорғау миссияларымен кездескісі келген азаматтарды аңду, ұстау, қорқыту әрекетін тоқтатуды талап етеді. Қазақстан адам құқығын сақтауда Еуропадағы қауіпсіздікті сақтау және ынтымақтастық ұйымы мүшесі және Мәскеу құжатына қол қойған мемлекет ретінде елдегі адам құқығының сақталуы тек қана мемлекеттің ішкі мәселесі емес, халықаралық заңға сәйкес әлемдік тәртіптің бір бөлігі болып саналатынын еске саламыз.

Сонымен қатар жоғарыда айтылған заңсыз әрекеттерге ашық тергеу жүргізіп, тиісті қызметтік тұлғалар, заңсыз әрекетке барған полиция қызметкерлері, оларға заңсыз бұйрық берген басшылық анықталып, тиісті әкімшілік, мүмкін, қылмыстық жазаға тартылуына шақырамыз.

20 қыркүйек 2018 ж., Алматы қ.


Пікір үстеу

Сондай-ақ қараңыз