КАЗАХСТАНСКОЕ МЕЖДУНАРОДНОЕ БЮРО ПО ПРАВАМ ЧЕЛОВЕКА И СОБЛЮДЕНИЮ ЗАКОННОСТИ

Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алуға арналған жиында Қазақстандағы халықаралық адам құқығы және заңдылықтың сақталуы жөніндегі бюроның директоры Е.Жовтис Қазақстанда қазіргі қалыптасқан жағдай жөнінде баяндама жасады. Назарларыңызға ащы шындыққа толы құққорғаушының тұжырымдарын толықтай ұсынамыз.


«Алтынбек Сәрсенбаевқа арналған өткен жылғы жиынымыздан бері, міне, тағы бір жыл өте шықты.

Биылғы оқиғалар, өмірден ерте қайтқан қоғам қайраткерлерінің, журналистердің орны ойсырап қалғанын көрсеткендей болды. Олар қоғамдық-саяси ортада әлі де болса талай іс атқарып, заманауи Қазақстанның дамуына өз үлесін тигізер еді. Нұрболат Масанов, Сәбит Жүсіпов, Батырхан Дәрімбет, Асхат Шәріпжанов сияқты азаматтарымыз арамызда болса тау қопарардай едік. Бірақ Алтынбектің олардан айырмашылығы, ол саясаткер еді, жай емес, маңызды мемлекеттік лауазымда қызметте жүріп жүйеге қарсы шыққан тұлға болды.

Әкежан Қажыгелдин, Ғалымжан Жақиянов, Мұхтар Әблязов, Заманбек Нұрқадыловтармен қатар оппозицияға өткен Алтынбек және тағы бір қатар лауазымды қызметкерлер, биліктің бір тұтас емес, арасында кикілжің боп тұратынын көрсетті. Бұл түсініспеушілік - Қазақстан XXI ғасырда қандай болуы керек?- деген сұрақтан туатын.

Осы тұстан алып қарағанда, Алтынбек бір кездегі алашордашылар секілді, Қазақстанды кері кеткен, халық пен билік арасында жартылай феодалды байланыс орнаған ел ретінде емес, дамыған, заманға сай, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерін негізге алған мемлекет ретінде көретін.

Біз бұл секілді дөңгелек үстелді сол Қазақстанның болашағы жайындағы дискуссиялардың жалғасы ретінде өткіземіз. Алтынбек мұндай жерде белсенділік танытатын.

Былтырғы жыл бірқатар саяси өзгерістер алып келді. Қазір бір емес, екі президентіміз бар. Ал кең далада биіктігі әр түрлі екі тау тұрса, міндетті түрде, арасында қоныстанатын жер табылады.

Яғни, қандай болса да саяси кеңістік пен, ішкі элита аралық қақтығыс болады деген сөз. Бұл құрылымды бірегей етіп көрсету, меніңше, тым жасанды. Себебі авторитарлы жүйенің табиғатының өзі бұған қарсы. Екі түрлі адамның жанына топтасу, ішкі бақталастыққа алып келіп, ақыры, саяси кеңістікті өзгертеді.

Жаңа президент, бұрынғының келісімімен, саяси реформаның қажет екенін айтты. Бірақ мен өзімді белгілі мультфильмдегі маймыл секілді сезініп тұрмын. Ол жерде жылан сәлем айтып жібересе маймыл қолын созады, бірақ пілдің баласы оған қолға ұстарлық ештеңе бермейді.

Енді 30 жылдық біртекті жүйеден соң қайда барамыз дегенді біліп алған маңызды. Біз кімбіз, және билік транзиті кезінде неден аулақ болу керек?

Соңғы 30 жылда посткеңестік елдерде, саясат ғылымы тұрғысынан қарағанда өте қызық режимдер орнады. Оларды 《гибридті авторитаризм》 немесе 《жалған демократия》 деп атаса болады. Бұлар өз арасында саяси элитаның екі жүзділік деңгейімен ғана өлшенеді. Ол заңда да, практикада да көрініс тауып келеді.

Бізідің еліміз осындай режимнің классикалық үлгісі деп айтуға болады.

Мен мұны мысалмен көрсетейін. Біздің ондаған өзгерту енгізілген 1995 жылғы Конституциямыз биліктің бөлінісін, тежегішін, және қарсы салмақтылар жүйесін орнықтырды. Ол жерде биліктің үш тармағы бар: заң шығарушы (Парламенттің қос палатасы), атқарушы(премьер министр басқарып отырған үкімет), соттық (Жоғары Сот пен квази-сот билігі –Конституция Кеңесі, себебі бізде Конституция Соты жоқ).

Бірақ Конституциялық демократияға жат, Қазақстан Конституциясында биліктің тағы бір тармағы - президенттік билік бар, ал президент мемлекет билігінің барлық тармақтарының келісілген жұмыс істеуін және биліктің халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді. Осылайша, «үш қосу бір» түрінде ерекше суперпрезиденттік құрылыс боп шықты, бұл жерде президент басқа салаларға қарағанда үстемдікке ие, бұл өз кезегінде «демократиялық» құрылысты тек имитация деп атауға негіз болады.

Конституцияда саяси, идеологиялық плюрализмды заңды деп таныған. Бірақ Парламентте де, не жергілікті басқарушы органдарда да (мәслихат) оппозиция өкілдері жоқ.

Неге? Себебі, біріншіден, қазіргі саяси партиялар туралы заңнамада партиялардың ауызбіршілікпен жұмыс істеуіне еш жағдай жасалмаған.

19 миллион халқы бар елде саяси партия құру үшін алдымен 1000 адамнан тұратын бастамашыл топ құрып, содан кейін оларды бір жерге жинау керек. Елдің 17 аймағының кемінде үштен екісін құрап, құрылтай съезін өткізіп, кейінгі төрт айдың ішінде кем дегенде 40,000 мүшесін жинау керек. Елдің әр аймағынан 600 адам болуы шарт, сосын олардың барлық мәліметтерін партияға кіру туралы өтініштерімен қоса ҚР Әділет министрлігіне жолдау керек.

Екіншіден, оппозиция мемлекеттің меншігіндегі немесе олигархтар мен билікке жақын топтар бақылайтын ақпарат құралдарымен тығыз қарым қатынас орната алмайды. Оппозиция не Орталық сайлау комиссиясында, не басқа деңгейдегі комиссияларда белгіленбейді.

Яғни, саяси плюрализм тек сағым сияқты өмір сүреді. Асылында ол жоқ.

Конституция бейбіт жиналыстар бостандығына кепілдік береді. Бірақ бұл құқық іс жүзінде мүлдем жоқ, өйткені елде бейбіт жиналыстарға рұқсат беру қағидасы, соның ішінде қоғамдық орындарда пикеттер мен аштық жариялау белгілі бір принциперге негізделген. Барлық елді мекендерде жергілікті билік негізінен орталықтан шалғай жерлерде бір немесе екі орын бөлді, нәтижесінде азаматтар белгілі бір маршрут бойынша жүруге қатысты демонстрациялар мен шерулерге қатысу құқығынан іс жүзінде айырылып отыр.

Соңғы жылдары жергілікті билік митингілерге оншақты рет қана рұқсат берді, ал жүздеген акция рұқсатсыз деп жарияланды.

Соңғы бірнеше айда әртүрлі санкцияланбаған, бірақ толығымен бейбіт наразылық шаралары кезінде, оның ішінде үстіміздегі жылдың маусым айында өткен президент сайлауынан кейін бірнеше мың адам қамауға алынды, мыңдаған адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, соның ішінде әкімшілік қамауға алу да болып жатты. Соттар түнде де, полиция бөлімшелерінің аумағында да, адвокаттардың қатысуынсыз өтіп жатты. Адамдар пикетке, флеш-мобқа, ұранмен созылған баннерлерге, сөзсіз постерге, әлдене ұстап тұрғанға, ескерткішке наразылық ретінде гүл шоқтарын қойып немесе тіпті белгілі бір түсті шарлармен серуендеп жүргендері үшін ұсталды.

Осыған орай, 7 ақпанда Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі бейбіт жиналыстар туралы жаңа заңнама тұжырымдамасын ұсынды, соған сәйкес билік бізді арнайы жиналыс орындармен «қуантпақшы». Бірақ президенттің бұйрығымен шет аймақта болмайды делінеді.

Яғни, Конституцияда жазылғандай, биліктің қайнар көзі боп саналатын- халық, билік өкілдері отырған жерде митинг жасай алмайды деп ойлайды. Ал егер жұртшылық өз пікірін айтқысы келсе, биліктің назарынан тыс, саябақта немесе бос жерлерде жиналсын дегендей боп отыр. Өйткені олар өздерін біздің бастығымыз деп санайды ғой.

Үкімет, өзін біздің ата-анамыз деп санайды, олар шетелге демократиямыз жас екенін айтып әлек, сол үшін де бізден әлі ештеңе талап етудің қажеті жоқ дейді. Біз, демократиямен бірге әлі де кішкентаймыз, өзіміз ештеңе істей алмаймыз және мемлекеттің қамқорлығына зәру екенбіз. Сондықтан олар миды тазалау арқылы үнемі бақылап отырады. Мен әрқашан қарапайым адамдардың қалай өмір сүретінін білгім келетін. Олар бала туады, тәрбиелейді, оқытады, жұмыс істейді, жалпақ тілмен айтсақ, жай ғана өмір сүреді, бірақ мемлекетке жалтақтамайды. Сосын бір ой туындайды: егер менің өміріме мемлекеттің қатысуы минималды болса не болар еді. Тура демократиялық елдердегідей. Заңдардың орындалуы, қауіпсіздік, қоғамдық тәртіпті сақтау, әлеуметтік әлсіздерге көмек көрсету. Бары сол. Бірақ бұл кәдігі демократияда, жалған демократияда емес.

Сондықтан, жоқ сияқтанып тұрған адамдармен бірге сөздерді де сұрыптап алуымыз керек. Өткен ғасырда Ф.Раневскаядан дененің төменгі бөлігін сипаттайтын төрт әріптен тұратын сөзді айтпауын өтінгенде орыстың ұлы актрисасы таңырқап: «Қалайша, дененің бір бөлігі бар, бірақ сөз жоқ» деп жауап береді. Биліктің Қазақстанда саяси тұтқындардың жоқ екенін алға тартуын осыған ұқсатса болады. Яғни, олар бар, бірақ сөз жоқ.

Сот жүйесі билікке тәуелді, сонымен бірге тек айыптаушы болып сипатталады (ақталғандар 1-2% -дан аспайды), саяси істер бойынша ақтау үкімдерін еске түсіру қиын, тіпті кей жағдайда үкімдер күлкіңді келтіреді. Бірқатар саяси істерде қоғамдық жұмыстарға және митингілер мен демонстрациялар ұйымдастыруға тыйым салу түрінде қосымша жаза тағайындалды, ал Оралда сот азаматтық белсенділерге семинарларға, тренингтерге, дөңгелек үстелдер мен конференцияларға қатысуға тыйым салды.

Егер бұл бізге кесірін тигізбесе, күлкілі дер едім. Диктатурада кез келген саяси баламаға тыйым салынады. Демократия жағдайында саяси тәуелсіздік пен плюрализмге қолдау көрсетіледі, мемлекеттің басты міндеті - елдегі саяси құқықтар мен азаматтық бостандықтарды қамтамасыз ету болады.

Бірақ «гибридті авторитаризмде» немесе «жалған демократияда» бір нәрсеге тыйым салынады, басқаға рұқсат етіледі, бірақ рұқсат етілген дүние іс жүзінде жұмыс істемейді.

Осының бәрінен тезірек құтылу керек."

 

 

 

Присоединяйтесь к обсуждению публикации на Facebook: