КАЗАХСТАНСКОЕ МЕЖДУНАРОДНОЕ БЮРО ПО ПРАВАМ ЧЕЛОВЕКА И СОБЛЮДЕНИЮ ЗАКОННОСТИ

Бүгін Алматыда Шымкенттік белсенді Ардақ Әшімнің ісіне байланысты баспасөз мәжілісі өтті. Жиын спикерлері оның қызы әрі заңды өкілі Айнұр Әшім мен Қазақстандағы адам құқығы және заңдылықтың сақталуы бойынша бюро директоры Евгений ЖОВТИС бұл іске қатысты қалыптасқан жағдаймен бөлісті.


Айнұр Әшімнің айтуы бойынша анасына қатысты қудалау әрекеттері 2016 жылы жер мәселесіне байланысты қарсылықтардан басталған. Сол кезден бастап жергілікті полиция өкілдері жиі-жиі ескерту қағаздарын алып келіп тұрған. Ал биыл тіпті жиі мазалап, оның үстінен түрлі мәндегі бірнеше іс қозғалып, барлық тергеушілер дерлік Ардақ Әшімге фейсбуктегі парақшасында билікке қатысты сын, негативті ақпарат жазбауын талап еткен. Ол ескертулерді елемеген азаматтық белсендінің үйінде тінту болып, оған қатысты ҚР қылмыстық кодексінің 174 бабы бойынша іс қозғалып, алдын-ала тергеу ісі басталғанын біз жазған едік.

Ал өткен айдың соңында, демалыс күні тергеуші А.Әшімді кезекті тергеуге шақырып, жергілікті мәйітханаға апарып медициналық тексеру жасап (Шымкентте мамандар сол жерде отырады екен), оны психологиялық ауруға шалдыққан деген қорытынды шығарған. Дәл сол күні оған ешбір туысына айтпастан әкімшіліктің әлеуметтік қызметкерін қамқоршы ретінде тағайындап, соның қатысуымен сот өткізіп, бір айға мәжбүрлі емдеу туралы сот шешімін шығарған.

Оның қызы әрі заңды өкілі Айнұр Әшім осы бір күнде болған заңсыздықтар тізбегінің өзі анасының ісінде күмәннің көбін айтады.

Сонымен қатар, сотта анасын жүйке ауруына шалдықты деп таныған 2015 жылғы анықтама қолданылғанын, алайда, анасында ешқашан ондай диагноз болмағанын айтады. Яғни, сотта пайдаланылған әрі әлеуметтік желілерге таратылған анықтама қолдан жасалынған.

Айнұр Әшімнің айтуы бойынша 2005 жылы Ардақ Әшімнің туған әпкесі қаза тауып, одан кейін анасының псиологиялық депрессиядан бір апта емделгені рас. Алайда, одан кейін ұқсас бағыттағы ем қолданбаған.

Дәлел ретінде оның медициналық картасын көрсетіп, ол жерде ешқандай диагноздың жоқ екенін жеткізді.

Құққорғаушы Евгений Жовтис бұл істің Ардақ Әшімнің азаматтық белсенділігіне байланысты екеніне күмән жоқ дейді. Себебі, тіпті қандай да психологиялық диагнозы бар адамдар егер қоғамға зиян келтіріп, қауіптілігі дәлелденбесе еш кедергісіз бостандықта өмір сүре береді.

«Соттың асығыс жасалған медициналық сараптамаға сүйенуі аз, ол  азаматшаның қоғамға қауіптілігін дәлелдеуі тиіс еді. Себебі, сот шешімінде тек «билікке қатысты сыни мақалалары үшін» деп тұр. Бұны қалай түсінуге болады? Қашаннан бері билікке қатысты сын айту қоғам үшін қауіпті қылмысқа айналды?», - дейді Жовтис.

Ендігі басты мәселе тәуелсіз медициналық сараптама талап етіп, Ардақ Әшімнің қоғам үшін қауіпсіз екенін дәлелдеу дейді баспасөз мәжілісі қатысушылары.

Присоединяйтесь к обсуждению публикации на Facebook: