• Главная
  • >
  • «Джихадшы» деп айыпталған азаматтық белсенділерді қорғау комитеті құрылды

«Джихадшы» деп айыпталған азаматтық белсенділерді қорғау комитеті құрылды

10.01.2018

Жиынға белгілі азаматтық белсенділер Рысбек Сәрсенбай, Жасарал Қуанышәлин, Бақытжан Төреқожина және А.Жұмағұловтың қорғаушысы – Жанар Балғабаева, Кенжебек Әбішевтің қорғаушысы – Гүлнар Жуаспаева қатысты.

Заңгер Жуаспаеваның айтуынша, Әбішевке айып тағатындай ешқандай себеп жоқ. Оған қатысты бірнеше дәлелдер келітірілді. Біріншіден, интернетте «джихадқа шақырды» деп Алматы қаласы ІІД баспасөз мәслихаты таратқан видеода Әбішев те, Жұмағұлов та жоқ болып шықты. Кенжебек Әбішев – алты баланың әкесі, өзі Банк Центр кредитте күзетші болып қызмет атқарады. Оның видео түсіретін құрал жабдығы болмаған, жеке смартфоны да болмаған. WhatsApp және басқа да мессенджерлерде тіркелмеген. Екіншіден, Жуаспаеваның келтірген дерегіне сәйкес, 23 қарашада жасалды деген видео Асхат Шарбат атты азаматтың жалға алған пәтерінде түсірілген.

Ол видеоға түскен адамдарды Жұмағұлов та, Әбішев те танымайды. Олардың барлығы – Асхат Шарбаттың таныстары мен достары екені белгілі болды. Фейсбук желісінде Асхат Шарбат – «Шарбат Калимоллаулы» деп тіркелген. Атышулы видеотүсірілім Асхат Шарбат пен қазір тергеу изоляторында отырған үшінші айыпталушы – Орымовтың бастамасымен жасалған. Ең қызығы, Шарбат мырзаны тергеушілер сұрақ-жауап алу мақсатында тергеу амалдарына да шақырмаған осы күнге дейін. Яғни, видеоны түсіруді ұйымдастырған адамға қатысты ешқандай заңдық шара қолданылмаған. Ал видеоға түспеген және ондай видео түсірілетінін де білмейтін Жұмағұлов пен Әбішев тергеу изоляторына қамалды. Сонымен бірге, Жуаспаева жиналғандарға осы видеоға түскен азаматтардың суреттерін де көрсетті.

Олардың бірі тергеу амалдарына шақырылмаған және оларға айып тағылмаған. Яғни, бұл істе тергеу орындары негізгі екі адамға шүйліккен – азаматтық белсенділер Жұмағұлов пен Әбішевке. Үшіншіден, бұған қосымша, заңгер әлгі «джихадистердің» артында тұрған арабша жазуы бар плакатқа байланысты сараптама жасалғанын да айтты. Араб тілінің мамандары бұл плакаттың ішкі істер органдары айтқандай, «Хизбут-тахрир» террористік ұйымының туы емес екенін, ал жазудың: «Алла – біреу, Мұхаммед – оның елшісі» деген мағынаны білдіретінін келтірген. Демек, бұл плакатта біреуге қиянат, зорлық-зомбылық жасауға үндеу жоқ екені айтылды. Төртіншіден, видеода көрсетілген қару-жарақ – пневматикалық қару екені белгілі болды. Яғни, бұл да заңбұзушылыққа жатпайды.

Осылайша, Гүлнар Жуаспаева тергеу орындарының Әбішевке таққан айыптарын толық жоққа шығарды. Оған қоса, Әбішевтің денсаулығы нашар екенін, жасы келген адам екенін алға тартып, құқық қорғау орындарынан оның бұлтартпау шарасын «тұтқынға алудан» басқа, жұмсақ түріне ауыстыруды талап етті.

Алмат Жұмағұловтың қорғаушысы – Жанар Балғабаева бұл айтылған деректерді қуаттады. Ол Жұмағұловтың құқығы бұзылып келе жатқанын жеткізді. Атап айтсақ, оның әйеліне «қоғамдық қорғаушы» мәртебесі әлі берілмеген. Сонымен бірге, тергеуге қатысты материалдармен таныстыру үнемі кешігіп жүргізіледі, яғни қорғануға мүмкіншілік бермеудің амалы жасалады. Қазіргі таңда, тергеу ісінде – ауди және фонетикалық сараптама жарияланған.

Қорғаушысы Жұмағұловтың зайырлы адам екенін, намаз оқымайтынын, діни радикализмге қатысы жоғын ашық айтты.

Қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбай бұл істің саяси астары барын мәлімдеді. Оның пікірінше, бұл «37 жылдың қайталануы». Бұл қылмыстық іс азаматтардың арасына үрей, қорқыныш жіберу үшін ұйымдастырылған. Оның өзі де Ганди паркіндегі кездесулерге қатысқанын айтты. Ол жерде «джихадқа» шақыру немесе «күштік құрылымдарға қарсы әрекетке» бару сияқты заңға қайшы мәселелер ешқашан көтерілмеген. Тек қана қоғамдық-саяси проблемалар айтылған. Сәрсенбайдың пікірінше, бұл азаматтық белсенділікті шектеу үшін жасалған кезекті қуғындау.

Бақытжан Төреқожина бұл қылмыстық істі Мұхтар Әблязовтың жақтастарына қысым жасау деп бағалайды. Ол Алмат Жұмағұловты Алматыдағы ДВК-ның белсендісі ретінде таныстырды. Жұмағұловты қудалау арқылы билік Әблязовты қолдаушылардың санын азайтуды көздеген.

Заңгер Жуаспаеваның ойынша, бұл істе әлі Мұхтар Әблязовтың есімі аталуы да мүмкін. Себебі, тергеу орындарының пайымдауынша, бұл топқа қаржылай қолдауды шетелден көрсетіп отырған. Билік «Әблязов Алматыда террористік топқа қаржылай көмек көрсетті» деген айып көтеруі мүмкін екенін баспасөз мәслихатына қатысушылар жоққа шығармайды.

Сонымен қатар, баспасөз мәслихатына қатысушы азаматтар Жұмағұлов пен Әбішевті қолдау комитеті құрылатынын жариялады. Оған бірқатар қоғамдық белсенділер мен ұйым жетекшілері кірмек.

Жиынға Фридом Хаустың Қазақстандағы жетекшісі Виктория Тюленева, АҚШ консулдыгының өкілі, бірқатар шетелдік БАҚ өкілдері қатысты. Қоғамдық белсенділерді қорғау комитетінің мүшелері бұл азаматтардың ісіне қатысты ақпаратты дер кезінде таратып отыруға уәде берді.


Добавить комментарий