• Басты
  • >
  • Евгений ЖОВТИС: «Адам құқығында принциптер ғана жұмыс істеуі керек»

Евгений ЖОВТИС: «Адам құқығында принциптер ғана жұмыс істеуі керек»

11.06.2018

– Жуырда Қазақстандағы саяси тұтқындардың тізімін жарияладыңыздар. Сол тізімге қатысты қоғамда біраз сұрақтар туындап жүр. Тізімге енген адамдар кімдер? Ол азаматтар қандай принцип бойынша таңдалды?

 – Саяси тұтқын ұғымы бұрыннан бар. Ол тізімге енген азаматтарды сарапшылар бірнеше критерий бойынша таңдайды. Оның бастысы, тізімдегі азаматтардың барлығын қудалауда саяси астар бар деген сөз. Соған сенімді болғанда ғана сарапшылар азаматты тізімге қосады. Тағы бір шатастырылмауы тиіс ұғым, саяси тұтқын ол бір ресми статус емес. Ол беделді сарапшылар ақылдасып жасаған қоғамдық бедел ғана.  

Ал таңдау критерилеріне келер болсақ та оны анық қағида деп айтуға келмейді. Біраз критериді біз Халықаралық амнистия ұйымы жасаған қағидаларға сүйеніп алдық. Еуропа кеңесі парламенті жасаған критерилер бар. Біз осы беделді халықаралық ұйымдар ұстанатын критерилерге сүйеніп қорытынды жасап, отандық сарапшылар кеңесімен өз тізімімізді құраймыз. Сондықтан, кез-келген азаматқа қандай да бір тұқынды не үшін бұл тізімге қосқанымыз бірден түсінікті болады.

Бұл мәселені толық түсіну үшін тақырыпқа қатысты екі терминді ажыратып жазу керек. Оның бірі – ар-ұждан тұтқыны. Екіншісі – саяси тұтқын. Қазір көбіне бір ұғым ғана пайдаланылып жүр. Бірақ, меніңше екі ұғымды ажыратып айтқанымыз ыңғайлырақ. Мәселен, ар-ұждан тұтқыны ол – саяси бап бойынша қамауда отырған азамат. Мәселен, сөз бостандығы немесе діни, ар-ұждан бостандығы үшін. Кезінде Кеңес одағының жаман екенін айтып, өз пікірін айтқаны үшін қамауда отырды азаматтар, солар ар-ұждан тұтқындары. Немесе Иегова куәгерлері сынды діни ұстанымы үшін сотталған азаматтарды жатқызуға болады. Мәселен, өз діни көзқарасына байланысты әскерге барғысы келмеген баптистерді де жатқызуға болады. Діни көзқарас қылмыс емес. Оны сол үшін жазалауға болмайды.

Егер  Қазақстан заңнамасына оралар болсақ, 174 бап бойынша сотталған азаматтардың 90 пайызын ар-ұждан тұтқынына жатқызуға толық негіз бар. Егер біздің заңда тек қана әлеуметтік араздықты қоздыру деп шектелмей, оны таратып жазатын болса, анық болар еді. Ал дәл қазіргі күйінде ол баппен кімді болса да түрмеге жабуға болады. Себебі, саяси тұтқынға біз онсыз да күшпен басбұзарлыққа шақыратын адамдарды қоспаймыз. Ол біздің принциптерге қарсы. Ал сарапшылар жасаған тізімнен сіздер бірде-бір қан-төгіске шақырған адамды көрмейсіз. Шығатын қорытынды, саяси көзқарас немесе пікір үшін, қандай да ұстаным үшін түрмеге жабылған азаматтарды біз ар-ұждан тұтқынына жатқызамыз. Енді саяси тұтқындарға келсек. Саяси тұтқындарға көзқарасы немесе ұстанымы үшін екені айқын, бірақ қандай да қосымша жаламен түрмеге жабылған азаматтарды жатқызамыз. Ұрлау, экономикалық қылмыстар. Егер сарапшылар ұстаным мен көзқарас үшін қудалау екеніне анық көз жеткізсе біз оларды саяси тұтқынға жатқызамыз. Істің қалай тергеліп, қалай сот процесі жүргені, биліктің ол соттан қандай ақпарат таратқанына сүйеніп те көп қорытынды жасауға болады. Егер ол соттан бақылаушыда азаматқа деген көзқарасы мен ұстанымы бойынша ерекше көзқарас бар екені туралы пікір қалыптасса, онда кеңес ақылдаса келе саяси тұтқын жайлы статус беріледі.

Мәселен бізде сот шешімдері болды, азаматты қаржылық қылмыс үшін соттайды, ал сот шешімінде оның журналистік қызметпен айналысуына тиым салады. Бәрі түсінікті емес пе? Яғни оны қудалаудағы басты мақсат журналист ретінде аузын жабу болған. Бұл жерде көп ойланбастан саяси тұтқын екенін аңғару қиын емес.

Сонымен қатар, саяси тұтқын статусы ол адамның кінәлі немесе кінәлі емес деген сөз емес. Біз оны анықтайтын сот емеспіз. Біз тек ол адамға қатысты көзқарасы, ұстанымы үшін ерекше көзқарас барын, сол көзқарастың сот шешіміне ықпал етпей, әділ сот болуын талап етеміз. Егер шын қылмыс болса, ол заң алдында жауап бермеуі керек деген сөз емес. Байқасаңыздар, ар-ұждан тұқындарына қатысты құқыққорғаушылар босатуды талап етеді, ал саяси тұтқындар бойынша ашық әрі әділ сотты талап етеді. Бірақ, өкінішке орай 99 пайыз біз саяси тұтқын деп таныған азаматтарға қатысты әділ сот өтіп көрген жоқ. Сондықтан, бұл ұғымарды және біздің оған деген көзқарас пен пікірімізді ажырату керек. Ол соттарға қатысқан кез-келген бақылаушы саяси астарды еш қиналмай көріп отырды. Біздің ескерткен қауіптеріміз ақталмаған кез өкінішке орай болған жоқ.

– Саяси тұтқын деп танылған, алайда, қоғамға жағымсыз пікірі үшін отырған адамдар бар. Оларға қатысты не айтар едіңіз?

 – Адам құқығында принциптер ғана жұмыс істеуі керек. Басқасы жүрмейді. Біз қандай да жағдайда сол принциптерге негізделіп жұмыс істеуіміз керек. Сондықтан, саяси жағдайға немесе қоғамдағы басым пікірге байланысты принциптерді өзгертуге болмайды. Ондай жағдайда принциптер жұмыс істеуді тоқтатып, сізді де, бізді де қорғамайды. Ол өте принципті жағдай. Вольтер айтпақшы, «маған сіздің пікіріңіз өте жағымсыз, бірақ сіз ол пікірді айтуыңыз үшін өмірімді беруге дайынмын». Сондықтан, пікір айту құқығы қандай да жағдайда шектелуіне болмайды. Иә, біздің жаңартқан саяси тұтқындар тізімінде жерді қорғап қамалып отырған сөзсіз ар-ұждан тұтқындарымен қатар, қандай да қоғамға жағымсыз пікірі үшін қамалған блогерлер де бар. Бірақ, мен жоғарыда айтқандай, құқыққорғаудағы басты дүние ол – принцип. Принцип баршаға ортақ жұмыс істеуді қойғанда барлығымыз да бірдей қорғаусыз қаламыз деген сөз. Сондықтан, тізімдегі кейбір азаматтық пікірі мен көзқарасы бізге және қоғамға қаншалықты жағымсыз болса да, құқыққорғау қағидаларына сүйеніп, оларды тізімге қосуға міндеттіміз.

– Жалпы бұл тізімнің тиімділігі неде? Не үшін жасалады?

– Тағы қайталап айтамын. Бұл бір ресми бекітілген дүние емес. Тек халықаралық деңгейде қандай да беделі бар сарапшы, құқыққорғаушылардың жасаған қорытындысы. Бірақ, тізімді құрастырған адамдарға сенім болғандықтан, халықаралық деңгейде бұл тізімге енген азаматтарды ар-ұждан тұтқыны, саяси тұтқын ретінде мойындау мәселесі бірден көтеріледі. Көп жағдайда беделді халықаралық ұйымдар біздің тізімге жүгінеді. Сондықтан, соттің әділ өтуін талап ету тек іштен емес, сырттан да болады. Әділдікке әрі ашықтыққа жетудің бір амалы ретінде қарастыруға болады бұл тізімді.

 – Сұхбатыңызға рахмет!


Пікір үстеу

Сондай-ақ қараңыз