КАЗАХСТАНСКОЕ МЕЖДУНАРОДНОЕ БЮРО ПО ПРАВАМ ЧЕЛОВЕКА И СОБЛЮДЕНИЮ ЗАКОННОСТИ

Қазақстандағы адам құқығы және заңдылықтың сақталуы жөніндегі бюро директоры Е.А.Жовтистің Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алу күніне орай ұйымдастырылған дөңгелек үстелдегі сөзі


Құрметті дөңгелек үстел қатысушылары,

Заманауи кезеңде әр ұлт, сәйкесінше мемлекет өз құндылықтарына орай мақсаттары мен бағытын, жолын, бұл әлемдегі орнын таңдайды.

Бірақ, ол ортақ құндылықтар көп жыл бойы саралаудан өтіп, биыл 60 жылдығын тойлайтын Адам құқытары бойынша жалпыға бірдей декларацияға негіз болған. Сол жерде бәрі де анық жазылған.

Естеріңізге салуға рұқсат болса, оның кіріспесінде былай жазылған:

      «Адам баласы үйелменінің барлық мүшелеріне тән қадір-қасиетін, құқықтарының теңдігі мен тартып алынбайтындығын тану, бостандық пен әділдіктің және жалпыға бірдей бейбітшіліктің негізі болып табылатынына назар аудара отырып,

      адам құқықтарына деген елемеушілік, менсінбеушілік адам баласы арының зығырданын қайнататын тағылық жағдайға әкеліп соғатынына және дүние жүзі адамдары сөз бен наным-сенім бостандықтарына ие болып, үрей мен мұқтаждықтан ада бола алатын ортаны құру – адам баласының жоғары мәртебелі ұмтылысы деп жарияланғанына назар аудара отырып,

      адам баласы зорлық-зомбылық пен қанауға қарсы көтеріліске мәжбүр болатын жағдайды тудырмау үшін, адам құқықтары заң билігімен қорғалуы керек екеніне назар аудара отырып,

      халықтар арасында достық қарым-қатынастың дамуына жәрдемдесу керек екеніне назар аудара отырып,

      Біріккен Ұлттар елдері өз Жарғысында негізгі адам құқықтарына, жеке адам басының қадір-қасиеті мен құндылығына және ерлер мен әйелдердің теңдігіне сенімдерін растап, әлеуметтік прогресс пен адамға ылайық өмір сүру деңгейін, нақтыланған бостандықтардан тыс, кең ауқымды бостандықтарды арттыруға жәрдемдесу керек деген шешімге келгендеріне назар аудара отырып,

      мүше-мемлекеттер Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтықтамаса отырып, адам құқықтары мен негізгі бостандықтары жалпыға бірдей құрметтеліп сақталуына ықпал жасауға міндеттенгендеріне назар аудара отырып,

      осы міндеттемелерді толыққанды жүзеге асыру жолында осы құқықтар мен бостандықтардың мән-мағынасы мен ерекшеліктерін ұғынып түсінудің маңызы зор екендігіне назар аудара отырып,

БАС АССАМБЛЕЯ,

Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясын бүкіл халықтар мен мемлекеттердің ұмтылыстары арқылы әр адаммен қатар, қоғамның әр органы осы декларацияны үнемі жадында тұтып, білім беру және ағарту жұмыстары арқылы осы құқықтар мен бостандықтарды қадір тұтуға ықпал жасап, ұлттық халықаралық шаралар арқылы Ұйымның мүше-мемлекеттерінің халықтарымен қоса, олардың юрисдикциясына қарасты территориялардың халықтары арасында да, жалпыға бірдей тиімді түрде танылып, жүзеге асырылуы үшін алға қойылған мақсат ретінде жария етіп отыр.»

Бұл 90-жылдардың басында БҰҰ-ға мүше болғанда біздің мемлекет мойындаған және қабылдаған қағидалар.

Содан бері 25 жыл өтті, Қазақстанның алдыға қойған мақсаттары мен міндеттері өзгеріп, нақтыланып келеді.

Енді соңғы жылдардағы мақсат әлемнің дамушы 30 мемлекетінің қатарына әрі Экономикалық келісім одағына (жоғарыдағы отыздық түгелдей сол қатарға жатады) кіру.

Осы орайда сол үздік отыздық қалай анықталады, қандай критерилерге сай таңдалады деген сұрақ маған қызық болды. Ең дамыған елдер қатарына кімді және не үшін жатқызамыз.

Жалпы әлемде мемлекеттің бәсекеге сай екенін анықтайтын екі беделді рейтинг бар: Әлемдік экономикалық форумның бәсекелестік индексі және Халықаралық менеджментті дамыту институтының рейтингі.

ӘЭФ-тың жылдағы рейтингі жүзден астам критерилер бойынша анықталады, оның үштен бірі статистикалық мәліметтер, ал қалғаны ірі және орта деңгейдегі компаниялар басшылары арасындағы сауалнама арқылы жасалады. Ал IMD (Халықаралық менеджментті дамыту институты) көрсеткіші үш жүзден астам критерий бойынша жасалады. Бұл жерде керісінше, үштен екі бөлігі сатитистикалық мәліметтерге сүйеніп, қалған үштен бірі ғана сауалнама негізінде жасалады. Осы екі рейтингке мен тағы төрт ұқсас рейтингті қосар едім.

Біріншіден, Адам дамуы индексі -  (АДИ) адамдардың дамуы бойынша мемлекеттерді салыстыратын индекс. Ол бойынша мемлекеттің даму дамымағандығы өлшенеді. Көбінесе АДИ индексіне қарап мемлекеттерді дамығандамушы және дамымаған болып бөледі.

Екіншіден, Заң үстемдігі индексі (The Rule of Law Index) – мемлекеттің әділеттілікті қамтамасыз ету көрсеткіші. Ол әділеттілікке қатысты әлемдік жоба аясында (The World Justice Project) бекітілген заң үстемдігінің универсалды принциптеріне негізделеді.

Үшіншіден, «Шекарасыз репортерлер» (Reporters Without Borders) ұйымының әлемдегі сөз бостандығының аһуалы индексі.

Төртіншіден, «Бостандық үйі» (Freedom House) құқыққорғау ұйымының саяси және азаматтық құқытардың сақталуы рейтингі.

Бұл рейтингтің барлығы да мемлекеттің потенциалын, бизнеске тәуекелді саралағанда кеңінен қолданылады.

Заманауи әлемде бәсекеге қабілеттілік, тұрақты даму мен келешектен үміт басты үш критеримен өлшенеді: нарықтық экономика; әділеттілік үстемдігі; демократиялық институттар және басқару тетіктері, оның ішінде адам құқығын сақтау. Былайша айтқанда, үздік отыздыққа кіру үшін  экономикалық даму маңызды, бірақ жалғыз фактор емес. Оған отыздыққа қазір кіретін елдерді жоғарыдағы рейтингтермен саралап шығу жеткілікті.

Барлық алты рейтингте (экономикалық және институционалды, адам потенциалы, сөз бостандығы деңгейі, саяси және азаматтық құқық сақталуы) алғашқы ондыққа кіретін бір ғана мемлекет бар, ол Нидерланды. Сонымен қатар, үздік отыздықта және адам құқығы сақталуы бойынша елулікте төмендегі мемлекеттер бар: Норвегия, Дания, Канада, Германия, Швейцария, АҚШ, Швеция, Ұлыбритания, Франция, Финляндия, Жапония, Жаңа Зеландия, Австрия, Австралия, Бельгия, Ирландия, Исландия, Эстония.

Ал отыздыққа кіретін, бірақ адам құқығы бойынша елулікке кірмейтін мемлекеттер аз. Олар: Оңтүстік Корея (Адам құқығы бойынша 64-орын), Гонконг (110), Сингапур (127), Малайзия (137), Катар (168), Біріккен Араб Әмірліктері  (177), Қытай (186) және Сауд Арабиясы (198). Бұлардың көбі, Сингапур мен Гонконгты қоспағанда, заң үстемдігі рейтингінде үздік отыздыққа кірмейді.  

Ал Қазақстанға келер болсақ, Әлемдік бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша 57-ші орын; Халықаралық менеджментті дамыту институтының рейтингі бойынша 32-ші орын;  адам дамуы индексі боынша 56-шы орын; заң үстемдігі индексі бойынша – 73-орын; сөз бостандығы индексі бойынша 157-орын; саяси және азаматтық құқық сақталуы бойынша Freedom House рейтингінде 175-ші орындамыз.

Әрине, енді кішкене күшенсек алғашқы екі рейтинг бойынша үздік отыздыққа кіріп те қалармыз. Бірақ, адам құқығы сақталып, заң үстемдігі орнамай, барлық азамат заң алдында теңестірілмей, бұл экономикалық және институционалды жетістіктер қашан да қауіп үстінде болады. Ал бізге соңғы аталған төрт рейтинг бойынша алғашқы елулікке, ал соңғы екеуі бойынша тіпті жүздікке ілінсек жетістік болар еді.

Бізге жоғарыда айтылған қай мемлекетті өзімізге үлгі ретінде алатынымзды анықтап алуымыз керек. Әрине, жол сілтеуші жұлдыз ретінде араб петрократиясын, қытай мемлекеттік капитализмін немесе оңтүстік азиялық автократияны алуға болады. Бірақ, меніңше, «Еуропаға жол» сапары әлдеқайда тиімдірек. Ондай жағдайда үлгі ретінде Нидерландыны немесе Эстонияны алуға болады. Олардың мұнайы мен газы жоқ, есесіне барлық рейтингтегі жағдайы керемет.

Ол үшін не істеу керек? Жаңа ештеңе. Саяси жүйені реформалау, біздің Ата заңымызда жазылғандай саяси ой алуандығын қамтамасыз ету және саяси бәсекеге жол ашу. Іс жүзінде барлық азаматты заң алдында теңестіру және әділеттілікті қамтамасыз ету, тәуелсіз әрі әділ сот жүйесін қалыптастыру. Сөз бостандығы мен тәуелсіз БАҚ бостандығын қамтамасыз ету, себебі олар жемқорлықпен күрестің ең маңызды бөлігінің бірі болып табылады. Тәуелсіз әрі белсенді азаматтық қоғам үшін жағдай жасау. Еркін әрі сыни пікірге жол ашу әрі оны қалыптастыру. Адам құқытарын сақтап, сыйлау. Бұл әрине ұзақ жол, бірақ алғашқы жемістері көп күттірмейді. Бұған балама бар ма? Басқаны білмеймін, мен баламаны көрмедім. Егер әрине, жақын, алыс болашақты ойласақ осы қадамдардан басқа жол жоқ.

Осының барлығына ортақ негіз бар, оның барлығы да мен жоғарыда айтқан Адам құқығы жөніндегі декларацияда жазылған. Яғни адам өмірі мен құқығының басты қағидалары.

Ол жерде былай деп жазылған, тағы бір рет келтірейін: «адам баласы үйелменінің барлық мүшелеріне тән қадір-қасиетін, құқықтарының теңдігі мен тартып алынбайтындығын тану, бостандық пен әділдіктің және жалпыға бірдей бейбітшіліктің негізі болып табылады».

Бұған біреу қарсы ма? Біреу басқаның адами қасиеті мен құқығын мойындағысы келмей ме? Қорлап, қинап, зорлағысы келе ме? Бірақ, дәл сондай ойдағы одан да күштірек біреу табылады ғой. Солай кете береді.

Немесе бостандық. Азат болу керемет емес пе. Торда отырған қиын. Әр қадамыңда тиым салса, ол да қиын. Ресейдің қазіргі үкімет басшысы Дмитрий Медведев айтпақшы: «Бостандық, бостандықта болмаудан жақсы!».

Шынымен, кімге және не үшін бостандық ұнамауы мүмкін? Әрине, мемлекет пен қоғам қауіпсіздігі, халықтың денсаулығы мен моральды саулығы мақсатында кейбір заңмен абсолютті бостандықты шектеуге болады, керек те. Ал одан басқа мәселелерде бостандықта өмір сүрген керемет емес пе?

Немесе әділеттілік. Сонда біреуге әділетсіздік көбірек ұнай ма? Әрине, ол сол әділетсіздік өзіне тиімді адамға ғана шығар. Себебі, әділетсіздікке өз еркіңмен көну жаратылысқа жат.

Сонымен қатар бұл маңызды құжатта барлығының бірдей заң алдында тең екені, ешкімнің екінші бірін қанауға немесе шектеуге құқығы жоқ екені жазылған. Сонымен қатар, әркім өз пікірін ашық айтып, адамдар еркін пікір алмасуға құқығы бар екені жазылған. Кімге және сенгісі келсе, тіпті ештеңеге сенбеймін десе де өз еркі екені айтылған. Еркін жиналып, басқалармен бас қосуға, мемлекетті басқаруға араласуға құқығы бары жазылған. Одан басқа да экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар анық жазылған.

Осының барлығы бүкіл адамзатқа тән ортақ құндылықтар. Оған кім қарсы? Қарсы болса не үшін?

Енді міне, соңғы уақытта бізде ғана емес, көп жерде бұл ортақ құндылықтар қалыптасқан құндылықтардан алшақ екені төңірегінде пікірталас күшейіп тұр.

Менің бұрыңғы техникалық білімім нақтылыққа бейімдеді. Мен үшін кез-келген сөз мен пікір айқын дәлелдермен нақтылануы тиіс.

Осы тұрғыдағы ойлар мені мынадай қорытындыларға алып келді.

Қалыптасқан қағидаларға терең үңілмей-ақ қояйық. Олар туралы көптеген діни, жанұялық қағидалар, тіл мен мәдениет тұрғысындағы еңбектер көптеп жазылған.

Мені бұл пікірталастардың астыртын ойы қызықтырады. Сондықтан, ыңғайлы болу үшін ол ойларды үшке бөліп қарастырайық.

Брініші. Ол қалыптасқан қағидалар диктаторлық немесе авторитарлы режимдер риторикасының қаруы болса. Меніңше, оның мәдениетке де, дәстүр мен менталитетке еш қатысы жоқ. Бұл саясат. Ол саяси құрал. Ол идеялар мен құндылықтар қақтығысы емес, саясаттың қақтығысы. Бұны мәдени тұрғыдан сөз етудің еш негізі жоқ. Себебі, ол сылтауды билік тек өзінің режимін сақтау үшін қолданады.

Екінші. Мәселе, қалыптасқан құндылықтар емес, ескірген сана мен салтқа тірелетін болса. Мысалы, каннибалдар өзі және мен тектілерді жейді, меніңше мұның қандай да құндылыққа немесе салтқа қатысы жоқ. Сондықтан, олармен сөз таластырудың да еш мәні жоқ. Тура сол сияқты расизм, таспен ұру, топқа бөлу сияқты құбылыстарға қатысты айтуға болады. Ең соңғысы әрине, экономикалық қиындықтарға байланысты болуы мүмкін, бірақ дегенмен одан да бас тарту керек. Адамдарды қандай да себеппен бөлуге болмайды. Меніңше, осының барлығы да ешқандай да құндылық емес, тезірек жоғалуы тиіс адамзатқа қарсы үрдістер.

Үшінші. Мәдениет, ұлт, тілі алуандығы. Меніңше, мұның барлығы жоғарыдағы Адам құқығы жөніндегі декларациядағы қағидаларға қарсы емес, керісінше оларды толықтыра, байыта түседі. Ұлттық дипломатия мен ортақ келісімге келу. Отбасылық құндылықтар, үлкенге ізет, дала толеранттылығы. Көмек қолын созу. Бүкіл әлемнен, оның ішінде өзіміздің қазақтың тарихы мен салт-дәстүрінен көптеген мысалдар келтіруге болады.

Демагогия мен популизмге, манипуляцияға жол бермес үшін бұл тұрғыда да өте нақты болған жөн. Мысалы, сөз бостандығы, жиын бостандығы мен пікір бостандығы қандай да бір дәстүрге қайшы болса, қандай дәстүрге екенін мен нақты білгім келеді.

Сонымен қатар, парламенттік демократия, саяси алуандылық пен ашық әрі әділетті сайлау, әділетті және тәуелсіз сот туралы да айтқым келеді.

Оның барлығы да адамзатқа ортақ қағидадан ортақ дәстүрге айналғаны туралы көбірек айтқым келеді.  

Ол енді арман ғой. Ал қазірге 2017 жыл бұл бағытта бізге еш өзгеріс әкелмегенін өкінішпен айта аламын.

Бізде саяси бәсекелестік, саяси пікір алуандығы, оппозициялық партиялар қалай жоқ болды, тура солай әлі де жоқ. Билік оппонеттеріне БАҚ-қа, парламентке және өз сайлаушыларына жол жоқ.

Әділ әрі тәуелсіз сайлау қалай жоқ болды, солай жоқ.

90-жылдардың аяғында тәуелсіз телеарналар мен радионы құртты, 2000-жылдарда барлық жерлік тәуелсіз БАҚ-ты «тазалады», ол «дәстүр» 2017 жылы да жалғасты. «Саяси қалам.Трибуна» газетінің тағдырын еске алсаңыз болғаны.

Тәуелсіз журналистерге қысымның жалғасқанына айқын дәлел Сейітқазы Матаев пен Жанболат Мамайдың қудалануы.

Сонымен қатар, 2017 жыл блогерлермен белсенді күрес және Қылмыстық кодекстің 174 бабын кеңінен қолданумен есте қалды.

2017 жылы тәуелсіз кәсіподақтар толығымен жойылды деуге болады. Ең әуелі соңғы тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жапты. Одан кейін белсенді кәсіподақ жетекшілері Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевты соттады. Ал конфедерация жетекшісі болған Лариса Харькованың бас бостандығын шектеді.

Әлемдік және отандық құқыққорғаушылар саяси тұтқын деп мойындаған Макс Боқаев пен Талғат Аян, Мұхтар Жәкішев, Вадим Курамшиннің түрмеде құқығы шетктелуі жалғасуда.

Түрмеден босап шыққан саясаткер Владимир Козлов, қоғам белсенділері және блогер Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев, азаматтық белсенді Олеся Халабузарь сол 174 баптың кесірінен өздерінің жеке есеп счеттерін пайдалана алмай отыр. Олар қарапайым әлеуметтік төлемдерін алуға, кредит рәсімдеуге құқығы жоқ азаматтар қатарында. Себебі, олардың барлығын үкімет терроризмді қаржыландыратын азаматтар қатырына қосқан. Мұны көрген нағыз терроистердің біздің шешім қабылдаушы шенділердің психикалық саулығына күмән келтіргеніне сенімдімін.

 Соттар Ата заңда жазылған саяси және азаматтық құқықты кепіл ететін баптардың барлығын белінен басып, тиым салушы шешімдер шығаруда. Бірқатар халықаралық ұйымдар мен механизмдер Қазақстан билігін адам құқығын сақтауға шақырып, ұсыныстары мен талаптарын қойған еді. Бірақ, одан еш нәтиже шыққан жоқ.

 Азаматтықтан айыру сынды тоталитарлы заман қалдықтарына тән заңдар 2017 жылы Ата заңымызға қайта оралды. Онсыз да әбден шектеулі адвокатураны одан бері шектеу ұсынылып, белгілі бір деңгейде қабылданып та үлгерді. Немесе экстремизиммен күрес желеуімен аз санды діни бірлестіктер шектеліп тасталды.

 Бейбіт шеру, жиын мен пикетке рұқсат қалай жоқ болды, сол күйінде әлі де жоқ.

 Сонымен, жалпыға бірдей адам құқығы жөніндегі декларациядан сөз болмаған тағы не қалды?

 Менде біздің мемлекеттің екі аяғы екі бағытта жұмыс істейтіндей болып көрінеді. Оның бірін ми экономикалық, модернизациялық жаңару бағытында сүйрелейді.

 Ал, екінші, саяси жағын, адам құқығын сақтау тұрғысынан алдыға жылжыту былай тұрсын, артқа сүйрей ме деп ойлаймын.

 Енді күтетініміз, бұл екі аяқ қашан түбегейлі екі жаққа кететіні және сонда құр сүлденің нені тіреу етері.

 Сонымен қатар, ол жағдайдың мен жоғарыда айтқан рейтингтерге қандай әсерін берері.

 Назарларыңызға рахмет.