Мәскеуде қалған Хадиджа

10.01.2018

Қараша айында түрмеде отырған белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның босатылуын және президент Нұрсұлтан Назарбаевтың орнынан кетуін талап етіп, Қызылордада жалғыз адамдық акцияға шыққан Хадиджа Ахметжан – қазір 15 жастағы науқас баласымен Мәскеуде. Бішкектен Мәскеуге барған ол ұлымен бірге Париж арқылы Сербия астанасы Белград қаласына ұшпақ болған.

Алайда қаңтардың 8-і күні оларға Мәскеудің «Шереметьево» әуежайынан Сербияға ұшуына авиакомпания қызметкерлері рұқсат бермей, рейстерінен қалдырған. «Соңғы ақшасын Шығыс Еуропаға баратын билетке жұмсаған» Хадиджа Ахметжан енді не істерін білмей отырғанын айтып қапаланады.

Хадиджаның президент Назарбаевтың отставкасын талап еткен, Қызылорда қаласының орталығында жасаған акциясы. 23 қараша 2017 жыл.

– Әуелі «Сербияға виза керек» деді. Қазақстандықтар бір ай визасыз жүруге болады деп айттым. Одан кейін «сіз қайтарға билет алмағансыз» деп ұшаққа жібермей қойды. Енді кірейін деп тұрғанда шекара қызметінен бір кісі келді де, кіргізетін адамдарға бір нәрсе деді. Содан кейін бізді кіргізбей қойды. Енді не істерімізді білмей отырмыз, – деп жыламсырай сөйледі ол телефон арқылы.

Хадиджа Ахметжан қаңтардың 8-і күні әлеуметтік желіде көмек сұрап, басындағы жағдайды айтқаннан кейін белсенді Серікжан Мәмбеталин көмектесіп, екі күнге қонақ үй ақысын төлеп берген. Қаңтардың 9-ы күні Азаттық тілшісімен сөйлескен Хадиджа қазір өзінің де, баласының да денсаулығы жақсы емес екенін, бұған қоса қайда баратынын білмей отырғанын айтты. Әуежайда ақшасыз, ас-сусыз, науқас баласымен қалған, кешегі күнін еске алған ол «сұмдық ауыр күн болды» деп жылайды.

РЕЙСТЕН ҚАЛДЫРУ СЕБЕБІН ІЗДЕУ

Азаттық тілшісі Хадиджа Ахметжан мен ұлының рейстен қалу себебін білу үшін «Шереметьево» әуежайына хабарласты. Баспасөз қызметі «әуежайдың жолаушыларды өткізу-өткізбеу мәселесіне араласа алмайтынын» айтып, билет сатқан авиакомпанияға хабарласуға кеңес берді. Ал рейске жауапты Air France компаниясының қызметкерлері «билеттің кешіктірілу себебі белгісіз, билет бетінде ешқандай белгі жоқ» деп жауап берді. «Шереметьеводағы» шекара қызметіне хабарласқанымызда есімін «Светлана» деп таныстырған қызметкер қаңтардың 8-і демалыс күні болғанын, жолаушылардың рейстен кешіктірілуінің нақты себебін айта алмайтынын жеткізді.

Барар жері қалмаған Хадиджа Ахметжанның екі күннен кейін қонақ үйде тұру мерзімі бітеді. Ол науқас ұлымен одан кейін қайда барарын білмейді.

Хадиджа Ахметжанға көмектескен белсенді Серікжан Мәмбеталин Facebook әлеуметтік желісінде билікті қуғындалған жалғызбасты анаға көмектесуге шақырды.

«Сыртқы істер министрлігінен отандасымызға көмектесуін сұраймын. Күштік құрылымдардан қоқан-лоқы жасағанша оған еліне қауіпсіз қайтатындай кепілдік беруін сұраймын. Қызылорда облысы әкімшілігі жұмыс табуына және науқас ұлын емдетуге көмектессе. Өз азаматтарыңнан жауды көруді тоқтатыңдар!» деп жазды белсенді.

ХАДИДЖАНЫҢ ҚАЗАҚСТАННАН КЕТУІ

Хадиджа Ахметжан Қазақстаннан 2017 жылы қараша айында қашып шыққан. Ол елден кетуіне «құқық қорғау органдарынан көрген қысым себеп болды» дейді. Соңғы бірнеше айда елдегі қоғамдық-саяси мәселелерге қатысты пікірін алаңға барып және әлеуметтік желіде ашық айтып жүрген белсенді қараша айының соңында үйіне бір топ полиция қызметкері келіп, қысым жасағанын айтады.

– Мені қорқытып, алдап-сулап түсініктеме жазғызып алды ғой. Қай партияны қолдайтынымызды сұрап. Мен ақымақ болып жазып беріппін бәрін. Кейіннен өз-өзіме приговор жазып бергенімді түсініп, елден кетуге мәжбүр болдым. Сол күні баламның қол-аяғының дірілдеп судорогы болғанына қарамастан, біздің қиын жағдайымызды пайдаланып, признание жасатқызды. Түнгі үшке дейін қашып кетпесін деп көліктері үйдің алдында тұрды. Олар кете салысымен құжаттарымызды ала сала, Қырғызстанға кеттік, – дейді ол.

Жолдағы және Қырғызстандағы көрген қиындықтарын баяндап тауыса алмаған Хадиджа Ахметжан «Бішкекте белгісіз біреулер ізіне түсіп, тыныштық бермегенін» де айта кетті. Қырғызстанда шамамен бір айдай тұрған соң Шығыс Еуропаға кетуге бел буған.

Қараша айында үйінде болған полиция өкілдерімен диалогты Хадиджа Ахметжан сол кезде Facebook-тағы парақшасында сипаттап, оқиғаның қалай болғаны туралы жазба жариялаған еді.

«Полиция қызметкерлері келіп, есігімді тарсылдатып кетпей қағып тұрып алды. Мен біразға дейін ашпадым. Есікті сындыруға шейін барған соң есікті ашуға мәжбүр болдым. Он шақты кісі: төрт учаскелік полицей, бірнеше адам қалалық полиция басқармасы мен ҰҚҚ-інен болды. 21-ғасырда өмір сүріп, 19-ғасырдағыдай сұмдық заман күй кешудеміз» деп жазған еді.

Ол жариялаған видео қолданушылар арасында қызу талқыланып, 12 мыңнан астам қолданушы көрген.

Бұл мәселеге байланысты Азаттық тілшісі Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасының мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің инспекторы Малика Әбдіғапароваға хабарласты. Инспектор жазбаша түрде арнайы сауал жіберуді сұрап, бірден жауап бермеді.

 


Добавить комментарий

Смотрите также