Жыланбаевтың қызы: «Әкемнің жағдайы ауыр»
  • Басты
  • >
  • Жыланбаевтың қызы: «Әкемнің жағдайы ауыр»

Жыланбаевтың қызы: «Әкемнің жағдайы ауыр»

20.02.2026

Марат Жыланбаевтың қызы үндеу жариялап, марафоншының денсаулығына алаңдаушылық білдірді. Жеті жылға бас бостандығынан айрылған белгілі марафоншы Марат Жыланбаевтың қызы үндеу жариялады. 

Айтуынша, оның әкесі 4 қаңтардан бері аштық жариялаған. Қазіргі таңда оған қорғаушылары кіргізілмей жатыр. Түрме бастығының сөзінше, қорғаушылары кіруі үшін Жыланбаевтың өзінің жазбаша арызы қажет. 

Сонымен бірге, Жыланбаевтың қызының айтуынша, марафоншы «қатаң ұстау тәртібіне» көшірілді. Бұл дегеніңіз Жыланбаевпен туысқандары кездесе алмайды деген сөз. Түрме басшылығы марафоншыға тағы бір жыл түрме жазасын қосып беремін деп қорқытып жатқан көрінеді. 

Оның қызы былай деді: «Менің әкеме, Марат Жыланбаевқа көмек керек. Бүгін түрмеден хабарласып, қатаң ұстау тәртібіне (СУС) көшірілгені туралы айтты. 25 ақпан күні алты ай бойы күткен кездесуімізге де тыйым салды. Түрменің жаңа бастығы Медеев оған қысым көрсетіп жатыр. Қорғаушыларымен кездесуге мүмкіндік бермейді. Үш ай бойы телефонмен хабарласуға да рұқсат етпеуде. Әкемнің аштық жариялағанына 44 күн болды. Оның жағдайы ауыр. Әкем тірі болғанын қалаймын.  Бізге көмектесіңіздерші!»

Марат Жыланбаевқа қорғаушыларын кіргізбей жатқаны туралы ақпарат бір айдан астам уақыт бұрын тарады. Бұған дейін оған барған қорғаушы Мейіржан Досқараевқа да марафоншымен кездесуге мүмкіндік бермеді. 

Соңғы рет 16 ақпанда барғанда да қорғаушысын Жыланбаевпен кездестірмеді. Түрме бастығы оның аштық жариялағанын, «шай және су ішетінін» жеткізген. Қорғаушысы түрме бастығының кабинетінен Жыланбаевты видео арқылы көргенін, оның жалғыз өзі спортпен айналысып жүргенін айтады. Алайда, марафоншының не себепті кезекті аштық акциясын бастағаны белгісіз.