Бір жылға бас бостандығынан айырылған 52 жастағы азаматтық белсенді Санавар Закирова жеке басының қауіпсіздігіне алаңдайды. Жамбыл облысындағы ЖД-158/5 қоныс колониясында жазасын өтеп жатқан белсенді 7 желтоқсанда Азаттық тілшісіне телефон арқылы осылай деп хабарлады. Ол қазір осыған дейін өзіне “күш көрсеткен” әйелмен бір камерада отырғанын, 7 желтоқсанда оған тағы үш әйел қосылғанын айтты.
– Олар төртеу болды, мен жалғызбын. Маған тағы да тиісіп, Алматы тергеу изоляторындағы жағдай қайталана ма деп қауіптенемін, – деді Закирова.
Оның айтуынша, осыған дейін түрме бастығының орынбасары қандай да бір ереже бұзса, қатаң режимге жіберетінін ескерткен.
Қыркүйек айында Алматы тергеу изоляторының басшылығы Закированы “өзімен камералас үш әйелді ұрып-соқты” деп айыптап, бес күнге карцерге қамаған. Ал белсендінің қоғамдық қорғаушысы, қызы Малика Закирова анасының үш әйелден қорғанғанын айтқан. Закирова “карцерге заңсыз қамалғанына” наразылық білдіріп, аштық жариялаған. Таразға жіберілерден бес күн бұрын ғана аштығын тоқтатқан.
Өткен айдың соңында Тараз қалалық соты жазаның қалған бөлігін айыппұлмен өтеу туралы Закированың өтінішін қанағаттандырмады. Оның айтуынша, түрмеде оның “өтініштерін қабылдамайды, хаттарын жөнелтпейді”. Ол 7 желтоқсанда қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне өтініш жазып, өзін іс тіркелген орын – Алматы немесе тұрақты түрде тіркелген Нұр-Сұлтанға жақын жердегі қоныс колонияға ауыстыру туралы өтініш жазған.
“Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне жіберген өтінішім қоғам назарында болса деймін, мені өзге мекемеге ауыстырсын деп отырмын. Мұнда өзімді қауіпсіз сезіне алмаймын” деді Закирова Азаттыққа.
Азаттық 7 желтоқсанда Жамбыл облысындағы ЖД-158/5 мекемесі әкімшілігіне хабарласты. Мекеме бастығы Раушан Ахметов Санавар Закированың “қалыпты режимде жазасын өтеп жатқанын” айтты.
“Колонияға келгеннен кейін оны тексердік, қазір отрядта” деді Ахметов.
Оның айтуынша, Закированың камерасында екі әйел бар, 7 желтоқсанда тағы үш әйелді сонда отырғызу мәселесі қарастырылған. Түрме әкімшілігі Закированың өтініштері мен шағымдарының барлығы жөнелтіліп жатқанын айтты.
1 қазанда Алматы қалалық апелляциялық соты Закированың 15 шілдедегі Медеу аудандық сотының шешімін бұзу жайлы талабын қанағаттандырмаған. Бірінші инстанциядағы шешім бойынша, Закирова биліктегі “Нұр Отан” партиясының мүшесі Т.Ш. есімді азаматтың қызы, 39 жастағы Д.Ш.-ның “денсаулығына орта дәрежеде қасақана залал келтірді” деп танылып, 12 айға бас бостандығынан айырылған.
Айыптау материалына қарағанда, оқиға 8 наурызда Т.Ш. үйінің қасында болған, сол жайттан кейін қос тарап дене жарақатын салды деп бір-бірін айыптаған. Бірақ сот отырысында Закирова айыпталушы, ал Д.Ш. жәбірленуші статусында болды.
Закирова мен оның жақтастары оны қылмыстық жауапқа тартудың саяси астары бар деп санайды және мұны былтыр өткен басқа сот ісімен байланыстырады. Ол сот шешімі бойынша, Закирова мен оның екі әріптесі биліктегі “Нұр Отан” партиясының төрт мүшесінің, соның ішінде Т.Ш.-ның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірді деп танылып, оларға өтемақы төлеуге міндеттелген.
Санавар Закирова өздері әділетсіз деп санайтын сот шешімдерінің күшін жоюды талап етіп, наразылық акцияларына шығып жүрген топтың жетекшісі. Закирова Facebook-те “Нұр Отан” партиясын жиі сынайды. Қыркүйектің басында қазақстандық құқық қорғаушы мамандар Санавар Закированы саяси тұтқындар тізіміне қосқан.