Саяси тұтқындар: Нарымбай мен Мұхамедкәрім түрмеде наразылық танытты
  • Басты
  • >
  • Саяси тұтқындар: Нарымбай мен Мұхамедкәрім түрмеде наразылық танытты

Саяси тұтқындар: Нарымбай мен Мұхамедкәрім түрмеде наразылық танытты

02.04.2026

Белсенді Ермек Нарымбайды қамау мерзімі ұзартылды. Журналист Думан Мұхамедкәрімнің салмағы аштықтың салдарынан 60 келіге түскенін хабарлады қорғаушысы.

Қылмыстық кодекстің 430-бабы «Сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін не атқарушылық құжатты орындамау» бойынша іске тартылып жатқан азаматтық белсенді Ермек Нарымбайды қамау мерзімі тағы бір айға, яғни 3-мамырға дейін ұзартылды. Бұл туралы «Азаттық» радиосы хабарлады.

Журналистердің хабарлауынша, «бүгін сот отырысында қорғау жағы Ермек Нарымбаевтың қарауында 81 жастағы сырқат әкесі барын айтып, бұлтартпас жазасын өзгертуді сұраған. Алайда “сот уәжімізді қабылдамады” дейді адвокат».

Биыл 5 ақпанда Астананың тергеу соты Ермек Нарымбаевты екі айға қамауға рұқсат берген еді. Ол тергеу жалғасқанша қамауда болады.

Естеріңізге сала кетсек, Ермек Нарымбайды Бішкекте жүрген жерінен қырғыз полициясы ұстап, оны Қазақстанға депортациялаған. Келген бетте оны құзырлы органдар тұтқындап, тергеу соты Нарымбайды екі айға қамауға алған болатын.

Өзінің ұсталуына қатысты наразылық білдіріп, белсенді 4-наурыздан бастап аштық жариялады. Қорғаушысы Василий Садыковтың сөзінше, Нарымбай «сот үкімін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын, ешқандай да заңбұзушылық жасамағанын» алға тартып отыр.

Өзіне тағылған айыппен келіспейтінін де білдірген.

Бұл уақытта халықаралық ұйымдар «саяси тұтқын» деп таныған журналист Думан Мұхамедкәрімге қатысты ақпарат жария болды. Журналистің қорғаушысы Ғалым Нұрпейісов Қызылордаға барып, онымен кездесті. Айтуынша, Думан Мұхамедкәрім өзін Алматы облысындағы колонияға ауыстыруды талап етіп, 16-ақпаннан бастап аштық жариялаған. Бірақ, денсаулығының нашарлауына байланысты наразылық акциясын 23-наурызда тоқтатты.

«Думан аштықты 23 наурызда тоқтатты. Себебі денсаулығы қатты нашарлап кеткен: салмағы 55 келі болып қалған, қан қысымы 70/90 түсіп кеткен. Өздігінен жүре алмай, сосын енді денсаулығын түзету үшін аштығын тоқтатқан” деді адвокат 1 сәуірде Азаттыққа.

Қорғаушысының сөзінше, қазір журналистің салмағы 60 келі. Алайда, оның түрмедегі жағдайы жақсармады. Думан Мұхамедкәрімнің айтуынша, оған болмашы нәрсеге сөгіс жарияланады. Мысалы, төсекке күндіз отырғаны үшін ескерту жасалған. Одан бөлек, Қызылорда түрмесіне түскелі бері ол жақындарын көрмеген. Сәлем сауқат кіргізуге де рұқсат берілмейді.

Серуендеу уақыты шектелген.

Ғалым Нұрпейісовтың айтуынша, журналист бір жылдан астам уақыт жалғыз адамдық камерада отырады. Соның салдарынан, оның психикалық денсаулығына да зақым келіп отыр.

«2024 жылдың желтоқсанында [Қызылордадағы] түрмеге келген кезде бірден жалғыз адамдық камераға түскен. Содан бері бүгінгі күнге дейін ол 120 тәулік карцерде отырған. 24 сөгісі бар. 1,5 жыл ішінде 7 рет аштық жариялаған. Жалпы 110 күн аштық жариялаған. Түрмеге түскенде салмағы 90 келі болғанын айтады, соңғы аштықта салмағы 55-ке дейін түсіп кеткен. Соңғы аштығы Ораза айымен сәйкес келген. Ораза кезінде ол күндіз су ішпеген. Су ішпей, тамақ ішпегендіктен қатты жүдеген. Одан әрі қарай аштықты жалғастыру қауіпті екенін сезгеннен кейін тоқтатқан” деді қорғаушысы Ғалым Нұрпейісов.