Ішкі істер министрлігі дайындап, сенат мақұлдаған жаңа заң жобасы құқық қорғаушылардың сынына ұшырады. Әңгіме – полицияның «қоғамдық көмекшісі» мәселесі төңірегінде. Құқық қорғаушылардың пікірінше, бұл «домалақ арызды» көбейтіп, полицияға арызданушылардың санын арттырады.
18 желтоқсан күні сенат “Құқық бұзушылық профилактикасы туралы” деп аталатын заң жобасын мақұлдап, президентке қол қоюға жіберді. 85 баптан тұратын құжатты ішкі істер министрлігі әзірлеген.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің мәлімдеуінше, “құқық бұзушылықтың алдын алуға” әкімдер, мемлекеттік органдар, мәслихаттар және “жергілікті қауымдастықтар” тартылмақ. Құқық бұзушылықтың алдын алуға жауапты субъектілер саны артады. Арасында масс-медиа саласындағы уәкілетті орган, дене шынықтыру саласындағы уәкілетті орган сияқты түрлі органдар бар.
«Жергілікті қауымдастықтар» кімнен құралады? Полицияның «қоғамдық көмекшілерінен». Таңдау былай жүреді. Полицияға «қоғамдық көмекші» болуға ниетті адам ішкі істер органдарына жазбаша арыз тапсырады. Үміткер түрлі тексерістен өтеді. Одан кейін құжаттар жергілікті әкімдікке жолданады. Әкімдік рұқсат етсе, азамат «қоғамдық көмекші» ретінде қабылданып, оған арнайы қағаз беріледі.
Олардың міндеті – құқық бұзушылықтың алдын алуға жәрдемдеседі және полицияға хабарлайды. Сол әрекеті үшін марапат, сыйақы алады.
Сәденовтың айтуынша, қазірдің өзінде полицияда 20 мыңға тарта қоғамдық көмекші бар. 2025 жылы оларға 128 миллион теңге сыйақы беру көзделген.
Журналист Әсем Жәпішеваның сөзінше, бұл заң күшіне енсе, “идеологиялық тұрғыда ынталандырылған топтар азаматтарға қысым жасауға құзырет, ақша және моральдық қолдау алады». “Заң “қоғамдық көмекшілер” институтын заңдастырады. Іс жүзінде бұл ұйымдар қалай жұмыс істейтінін бұрыннан көріп келеміз. Мысалы, “Дала қырандары” мен “Жаңа адамдар” деген ұйымдарды айтуға болады. Бұл ұйымдарда қандай да бір мәртебе болмаса да, олар жылдар бойы мораль үшін деп қоғам атынан ашық түрде “рейд” жүргізіп, жаппай тексерулер өткізіп, азаматтарды қаумалап, іс жүзінде заңнан тыс ұстап отырған», деді Жәпішева «Азаттыққа» берген сұхбатында.
Сталиндік репрессия жылдарында «домалақ арыз» жазу, адамдардың бір біріне қарсы жасырын түрде құқық қорғау органдарына шағымдануы көбейген болатын. Құқық қорғаушылар сондай «домалақ арыздардың» саны қазір де көбейе ме деп қауіптенеді. Сыйақы алуға тырысқандар жалған мәлімет беріп, жасырын арыз жазуы мүмкін бе деген сұрақ туындайтыны рас.
Тағы бір дау тудыратын жағдай жаңа заң жобасында “құқық бұзуға бейім адам”, “заңға бағынатын мінез-құлық”, “қоғамға жат мінез-құлық”, “қоғамдық көмекші”, “әлеуметтік оңалту”, “әлеуметтік бейімдеу” деген жеке категориялар енгізілген. Соттың үкімі шықпай жатып қандай да адамды қылмыскер деп атауға болмайды кінәсіздік презумпциясына сәйкес. Ал заң жобасында «құқық бұзуға бейім адам» деп сипаттау қаншалықты заңды деген сауал туындайды. Бұл адамды қылмыс жасамай ақ кінәлі етудің бір түрі емес пе? Міне, осы жағдайлар құқық қорғаушылардың қатаң сынына ұшырады.
