Жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдумды сынаған Ержановқа айып тағылып, оны тергеу соты 10 тәулікке қамады
Алматыда белгілі қоғам қайраткері, экономист Оразалы Ержанов тұтқындалды. Қайраткердің жарының хабарлауынша, кешкі сағат тоғыздар шамасында үйіне полиция қызметкерлері келіп, тінту жұмыстарын жүргізген. Артынша Оразалы Ержановты Алматы қалалық полиция департаментіне әкетіп, оның үстінен қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.
Сол күні тергеу соты Ержановты 10 тәулікке қамады.
Журналист Вадим Борейко Фейсбуктегі парақшасында Ержановтың ұсталу хронологиясын былай көрсетті: Жаңа ғана Оразалы Ержановтың әйелінен хабарлама алдым. Ол маған былай деді:
1). 2026 жылғы 23 ақпанда сағат 20:50-де Алматы қаласы Полиция департаменті тарапынан қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы мен (Ержанова Аида, Оразалы Ержановтың жұбайы) 2026 жылғы 24 ақпанда тергеуші Алкенов Р.-дан хабарлама алдым.
2). 2026 жылғы 25 ақпанда түстен кейін Алматы қаласының тергеу сотының отырысы өтті. Судья қала прокуратурасы қолдаған тергеушінің өтінішхатын қанағаттандырып, Ержановқа қатысты күдік жарияланғанға дейін 10 тәулікке (5 наурызға дейін) қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын тағайындады.
3). Қазіргі уақытта Ержановқа күдік жарияланған жоқ, сондай-ақ Қылмыстық кодекстің қай бабы бойынша сараланатыны да көрсетілмеген.
4). Ол Алматы қаласының Полиция департаменті-нің уақытша ұстау изоляторында (ИВС) қамауда отыр. Маған оны тергеу изоляторына (СИЗО) ауыстырады деп хабарлаған еді, алайда кейін бұл ақпарат расталмады (Аида Ержанованың хабарламасының соңы)».
Ержановтың қорғаушысы – адвокат Виталий Воронов. Ол сотқа дейінгі тергеу деректерін жария ете алмайтынын, себебі жария етпеу туралы қолхат бергенін және істен шеттетілу қаупіне байланысты қорғауындағы адамды қорғаныссыз қалдыра алмайтынын түсіндірді. Сонымен қатар, Воронов Ержановтың ұсталғаны және оған күдік жарияланбай 10 тәулікке қамауға алынғаны туралы жұбайының мәліметін растады.
Оразалы Ержанов – заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі «Elge Qaitaru» қоғамдық қорының директоры. 1990-жылдардың соңында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары және Қаржы министрінің орынбасары қызметтерін атқарған.
Оразалы Ержановтың қамалуына қатысты «За нами уже выехали» Телеграм арнасы былай деп жазды: «Ведомство өкілдерінің айтуынша, дәл емес ақпараты бар және референдумға бойкот жариялауға үндеген жарияланымдар анықталды. Сайлау құқығына ықтимал кедергі келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, күдікті ұсталды. Полициядағылардың айтуынша, пікір айтуға тыйым салынбаған, тек жалған ақпаратты қасақана тарату мен фактілерді бұрмалау үшін жауапкершілік қарастырылған” деп жазды телеграм-арна.
Оразалы Ержанов соңғы күндері 15 наурызда өтетін жаңа Конституцияны қабылдау бойынша референдумға наразылығын білдіріп жүрген еді. Ол референдумға «ақылды бойкот» жариялауға шақырды.