Қарақалпақ белсендісі Батыс мемлекетіне аттанды
  • Басты
  • >
  • Қарақалпақ белсендісі Батыс мемлекетіне аттанды

Қарақалпақ белсендісі Батыс мемлекетіне аттанды

12.11.2025

Ақылбек Мұратбай 10 қарашаға дейін Қазақстаннан кетпегенде, билік органдары оны Өзбекстанға экстрадициялайтын еді

Алматының түрмесінде экстрадициялық сотты күтіп, бір жылға жуық отырған қарақалпақ белсендісі Ақылбек Муратов (Мұратбай) Батыстың демократиялық мемлекеттерінің біріне ұшып кетті. Егер ол 10 қарашаға дейін Қазақстаннан кетпегенде, билік органдары оны Өзбекстанға экстрадициялауға мәжбүр болар еді. Ақылбек Мұратбай 6 қараша күні әуежайдан ұшып кетті. 

Естеріңізге сала кетсек, 2022 жылы шілде айында Қарақалпақстан автономиясында Өзбекстан билігі наразылықты күшпен басқан соң Қазақстандағы бірнеше белсенді де қамауға алынды. Өзбекстан билігі оларды өздеріне қайтарып, қылмыстық жазаға тартуға септесуді сұрады Қазақстаннан. Барлығы дерлік бір жылдай Алматы тергеу изоляторында отырды. Қазақстан билігі оларды Ташкентке қайтармады. Нәтижесінде, бірнеше белсенді АҚШ-қа кетіп қалуға мүмкіндік алды. 

Акылбек Мұратбай Қазақстанда темір тордың ар жағында отырған отандастарының мәселесін көтерді — олардың арасында Қошқарбай Төремуратов, Тлеубике Юлдашева, Жангелді Жақсыңбетов, Раиса Құдайбергенова және Зиуар Мирманбетова бар.

Сондай-ақ ол Ниетбай Оразбаевтың жағдайын да сөз етті. Ол және өзге де белсенділер Өзбекстан Конституциясына енгізілмек болған өзгерістерге, соның ішінде Қарақалпақстанның егемен республика ретіндегі мәртебесінен айырылуына қарсы шыққан болатын.

Ниетбай Оразбаев Қазақстан азаматтығын алғанына қарамастан, ол да қысымға ұшырады. 

Ақылбек Мұратбай Қазақстанда соңғы он жыл өмір сүрді. Қарақалпақстандағы жағдай туралы шындықты айтып, халықаралық ұйымдардың назарын Отанында болып жатқан жағдайға бұруға тырысты. Қарақалпақ белсендісі Нөкіс оқиғасы кезінде Алматыда болып, өзінің бірнеше жақтастарымен бірге Өзбекстан Конституциясына енгізілмек өзгерістерге қарсы қол жинаумен айналысты. Бұл өзгерістерге сәйкес, Қарақалпақ республикасы референдум арқылы Өзбекстан құрамынан шыға алмайтын еді. 

Осындай белсенділігіне байланысты оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, Өзбекстан оны жазаға тартпақ болды. Өзбекстан сұраған қарақалпақ белсенділерінің ішінен біреуі ғана еліне өз еркімен оралуға келісім беріп, жергілікті билік оны 2,6 жылға соттады. Қалғандары Батыс мемлекеттерінен саяси баспана алуды жөн көрді. Қазіргі таңда тағы бір қарақалпақ белсендісі экстрадиция қаупінің алдында тұр. 

Ақылбек Мұратбай Адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық Бюросының және тағы да бірқатар халықаралық ұйымдардың қолдауымен Батыс еліне кетуге мүмкіндік алды.