Алаңға шыққандар Қаңтар қасіретінің шындығы ашылмады деп санайды. Мемлекет басшысы «тергеу жан жақты жүргізілді» деп мәлімдеді
5-қаңтар – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең қаралы күн екені анық. Осыдан тура төрт жыл бұрын, дәл осы күні ірі қалалардағы алаңдарға шыққан бейбіт халыққа қарсы оқ атыла бастады. Салдарынан, Қаңтар оқиғасында, ресми мәліметтерге сәйкес, 238 адам оққа ұшты.
Биыл Алматының Республика алаңына Қаңтар құрбандарын еске алу мақсатында белсенділер жиналып, боздақтардың рухына құран бағыштады. Айта кетерлігі, билік бұл жолы да заңсыз митинг өтеді деген үреймен, полиция қызметкерлерін алаңға толтырып, Алматының орталығында интернет байланысын өшіріп тастады.
Ал бұл уақытта президент Тоқаевтың «Түркістан» басылымына берген сұхбаты ақпарат құралдарында белсенді талқыланып жатты. Мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасына қатысты да өз ойын ортаға салды.
Ол «еліміздің конституциялық құрылымын бұзбақ болған қылмыскерлердің әрекетіне егжей-тегжейлі баға берілді» деп есептейді.
«Қаңтар оқиғасын талқылайтындар көбінесе сол кездегі дағдарыстың түпкі мәнін түсінуге еш пайдасы жоқ дүниелерді қазбалап кетеді. Сол үшін оларды кінәлауға да болмас. Дегенмен, ақиқат жолында ешқашан қызбалыққа салынбау керек. Алматыдағы аласапыран туралы жиі айтылып жатады, мұны түсінуге де болады», — дейді Тоқаев.
Жұрт «зұлымның сиқырлы таяқшасымен жасалғандай адам сенгісіз жағдайлар болғанын да естен шығармау керек» екен.
«Нақтырақ айтқанда, бүлікті ұйымдастырушылардың әмірімен бір мезетте он екі қалада жаппай тәртіпсіздік белең алды. Оның арты қаскөйлердің көптеген облыс әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының ғимараттарын басып алуына әкеп соқтырды», — дейді Тоқаев.
Тоқаевтың айтуынша, «Төңкеріс» жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар Үкіметтің жанар-жағармай бағасын өсіру туралы шешімін желеу етіп, адамдарды жаппай шеруге шығуға итермеледі.
Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасын біржақты тергеді, қаза болғандар мен азаптауға ұшырағандар ісі әділ қаралған жоқ деп мәлімдеген. Ресми Астанада бұл тұжырымға келіспейді.
HRW 2022 жылдың 4-6 қаңтар аралығында әскери қызметкерлер кем дегенде төрт рет шектен тыс күш қолданып, өздеріне еш қауіп төндірмеген наразыларға ескертусіз оқ атқанын анықтады.
Құқық қорғау ұйымының дерегінше, күш құрылымдары 10 адамды осылай өлтірген.
Бұл туралы Алматының Республика алаңына жиналғандар да айтып жатты. Қаңтар оқиғасы тұсында көз жанарынан айрылған Ермек Әбдрешов былай деді: «Біз әлі күнге дейін материалдық төлемақы ала алмай жүрміз. Сот маған екі миллион теңге төлеу туралы үкім шығарды. Бұл енді өте аз сома емес пе? Мен көз жанарымнан айрылдым. Ештеңені көрмей қалдым. Бұл әділ ме? 25 миллион теңге сұрадық өтемақыға. Көзді қалпына келтіруге де жетпейтін қаржы емес пе бұл?».
Рысбек Сәрсенбайұлы былай деді: «Бұл шын мәнінде ұлттық қасірет. Егер ұлт ретінде қалыптассақ, мұны жалпыхалықтық деңгейдегі қасірет деп қабылдар едік. Қаншама жазықсыз жандар қыршынынан қиылды. Қазақтың тарихындағы қанды қасірет бұл. 86 -жылғы Көтерілісті білесіздер. Шындығы әлі ашылмады. 2011 жылы Жаңаөзенде болған қырғынның ақиқаты ашылмады. Неге олай болды? Себебі, билік жүйесі сақталып қалды. Сондықтан, біз шындықты біле алмай отырмыз».
Алаңға жиналып, құран оқыған жұртшылық бейбіт түрде тарады. Полиция бұл жолы ешкімді тұтқындамады, алаңнан белсенділерді күштеп әкетпеді. Алайда, түскі уақытқа дейін Алматының орталығында тұратындар мобильді интернет желісі істемей қалғанын байқады.
Халықаралық ұйымдар Қаңтар оқиғасын әділ түрде тергеуді, шетелдік мамандарды оған қатыстыруды талап етіп келеді. Бірақ, Қазақстан билігі бұған үзілді кесілді қарсылығын білдірді.
