Қаңтар кезінде бір көзінен айрылып, еңбекке жарамсыз болып қалған Ермек Әбдірешов 2023 жылдан бері шағымданып, өзінің ем-домына 25 миллион теңге төлеуді талап еткен еді
Қаңтар оқиғасы кезінде жараланып, бір көзінен айрылған Ермек Әбдірешовтің өтемақыны өсіру бойынша талап арызы Жоғары сотта кассациялық тәртіппен қаралды.
Естеріңізге сала кетсек, Әбдірешов Қаңтар оқиғасы кезінде жараланып, оны Алматыдағы №7 ауруханасына жеткізді. Алайда, оған медициналық көмек дер кезінде көрсетілмей, полиция қызметкерлері басқа азаматтармен бірге Әбдірешовты тергеу изоляторына әкетті. Екі күн бойы азапқа салынғанын айтады белсендінің өзі. «Егер дер кезінде медициналық көмек көрсетілгенде, оның көзін сақтап қалуға болар еді» дейді Әбдірешовтың қорғаушысы.
Белсенді шағымданған соң, оны азаптау бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алайда, сегіз ай өткен соң прокуратура істің жабылғанын мәлімдеді. Негізгі себеп – Әбдірешовтың азапталғаны дәлелденбеді деді.
Кейіннен Алматы прокуратурасы заңсыз қылмыстық қудалағаны үшін Әбдірешовтен кешірім сұрап, “келтірілген материалдық, моральдық шығынның өтеуін сұрауға құқығыңыз бар” деген. Содан бері жәбірленуші екі көзі көрмей, еңбекке толық жарамсыз болып қалғанын, ары қарай тағы да емделуге қомақты қаражат қажет екенін айтып, Қазақстан сотынан 25 миллион теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысын өндіруді сұрап келеді. 2023 жылы Алматы соты Әбдірешовке небәрі екі миллион теңге төлеу туралы шешім шығарды.
Бірақ, бұл сома емделуге, қажетті медициналық көмек алуға жеткіліксіз деп санайды Әбдірешов. Қаңтар құрбандарын еске алу жиынына келген белсенді: «Толыққанды еңбекке жарамсыз болып қалдым. Үкіметтің беріп отырған екі миллион теңгесіне қандай ем дом аламын?» деді. Оның айтуынша, шетелде көзін емдетуге қомақты қаржы керек. Сол себепті, ол 2023 жылы 25 миллион теңге төлеуді сұрады. Бірақ, сот бұдан бас тартқан еді.
Әбдірешов осыдан кейін Жоғары сотқа шағымданып, өзінің талап арызын қанағаттандыруды сұраған болатын. Қаржы министрлігі мен бас прокуратура өкілдері шағымды қанағаттандырудан бас тартуды сұрады соттан. Десе де, Жоғары сот Әбдірешовке төленуі тиіс өтемақы мөлшерін 5 миллион теңгеге ұлғайтуға қаулы қабылдады.
