Одан бөлек, референдум қарсаңында Атырау мен Маңғыстауда белсенділер әкімшілік қамауға алынып жатыр
Қоғам қайраткері, экономист, «Елге қайтару» қорының жетекшісі Оразалы Ержанов екі айға қамауға алынды. Бұл жөнінде адвокат Виталий Вороновқа сүйенген журналист Вадим Борейко хабарлады.
“Бүгін, 5 наурызда 20:50-ден кейін, Оразалы Ержановтың 10 күндік қамау мерзімі аяқталған кезде, оны екі айға қамады. Мұны маған адвокат Виталий Воронов хабарлады” деп жазды журналист.
Еске сала кетсек, қоғам қайраткері Оразалы Ержановтың үстінен қылмыстық іс қозғалған болатын. Оразалы Ержановтың қамалуына қатысты «За нами уже выехали» Телеграм арнасы былай деп жазды: «Ведомство өкілдерінің айтуынша, дәл емес ақпараты бар және референдумға бойкот жариялауға үндеген жарияланымдар анықталды. Сайлау құқығына ықтимал кедергі келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, күдікті ұсталды. Полициядағылардың айтуынша, пікір айтуға тыйым салынбаған, тек жалған ақпаратты қасақана тарату мен фактілерді бұрмалау үшін жауапкершілік қарастырылған” деп жазды телеграм-арна.
Оразалы Ержанов соңғы күндері 15 наурызда өтетін жаңа Конституцияны қабылдау бойынша референдумға наразылығын білдіріп жүрген еді. Ол референдумға «ақылды бойкот» жариялауға шақырды. Оның алдында Ержанов бір топ қоғам қайраткерлерімен бірге Түркістан қаласында құрылтай өткізуге шақырған еді. Алайда, кейіннен бұл жиынның өтпейтінін әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Қамалардан бірнеше күн бұрын Ержанов әлдекімдердің оның пәтерінің алдына жасырын бейне бақылау камерасын орнатқанын да хабарлады.
Оразалы Ержановтың қамалуына қатысты әлеуметтік желіде наразылық білдіргендер аз болмады. Соның бірі – белгілі журналист Аян Шарипбаев: «Бұл ақылсыз қадам болды. Жүйе өз көзін кесіп алғандай әсер береді бұл» деп жазды.
Қазақстанның басқа да қалаларында референдум қарсаңында белсенділердің ұсталып жатқаны хабарланады. Журналист Сәния Тойкеннің жазуынша, Атырау облысы Мақат ауданында Наурызбек Батырханов атты белсенді 10 тәулікке қамалды. Ол жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдумды сынаған болатын әлеуметтік желіде. Одан бөлек, Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында қоғам белсендісі Мерей Қорбақов та референдум қарсаңында 20 тәулікке қамалғаны белгілі болды.