Алматы қалалық соты қорғаушылардың шағымын қанағаттандырусыз қалдырды. Мырзатайұлы төрт жылға бас бостандығынан айрылды.
27 қаңтар күні Алматы қалалық соты блогер Мирболат Мырзатайұлының апелляциялық шағымын қарады. Қорғаушылары Мырзатайұлына шығарылған Медеу аудандық сотының үкімін негізсіз деп танып, оны толыққанды ақтауды сұрады. Алайда, Алматы қалалық соты блогерге шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырып, оны төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын «заңды» деп тапты.
Қалалық соттың алды абыр сабыр болды. Мирболат Мырзатайұлын қолдауға келген ондаған адам оның жазықсыз екенін алға тартты. «Мирболат ешкімнің басын жармады. Біреуге қол көтермеді. Бар болғаны мемлекеттік тілде сөйлеуді талап етті. Сол үшін оны төрт жылға соттау әділетсіздік емес пе?» деді жақтастары.
Алматы қалалық сотының алдына полиция қызметкерлері қаптады. Олар белсенділердің көптеп жиналуынан сақтанды ма, әлде процестен кейін митинг болады деді ме, арнайы жасақ өкілдері де келгенін байқадық.
Сотқа Мирболат Мырзатайұлының өзі қатыстырылмады. Оны апелляциялық соттың үкімі шықпай жатып, Алматыдағы тергеу изоляторынан Тараздағы түрмеге алып кеткені белгілі болды. «Мырзатайұлының өзі сотқа қатыспайды. Апелляциялық шағымды оның қорғаушылары жазды, сол себепті сотталушының қатысуынсыз процесс өткіземіз» деді төрағалық етуші судья.
Прокуратура өз сөзінде Медеу аудандық сотының үкімін өзгеріссіз қалдырып, қорғаушылардың шағымын қанағттандырмауды сұрады соттан. «Мырзатайұлы арандатушылық сұрап қойды, мемлекеттік тілде білмегені үшін мекеме басшысын қызметінен кетіруді сұрады» деді прокуратура өкілі.
Төрағалық етуші судья тараптарды тыңдап болған соң бір сағатқа үзіліс алды. Қайтып келді де, Медеу аудандық сотының үкімін өзгеріссіз қалдыруды жөн деп шешті.
Мирболат Мырзатайұлының әйелі Гүлшат Бишуинова бұған қатысты былай деді: «Ешкімнің басы жарылған жоқ. Өзгеріс болады деп күттік. Өткенде Қостанайда ұлт араздығын қоздырды деген баппен бір әйелді екі жылға соттады. Егер сондай сөз айтса, бір сәрі. Онда соттағаны әділетті болады. Ал Мирболат бар болғаны мемлекеттік тілде сөйлеуді талап етті. Оған не деп жауап берді мекеме басшысы? «Нацист», «клоун» деп шамына тиді. Бірақ сол үшін Мирболатты төрт жылға бас бостандығынан айырды».
Желтоқсаншы, қоғам қайраткері Хасен Қожа Ахмет сот үкімінен кейін былай деді: «Мемлекеттік тілде сөйле дегені үшін соттау барып тұрған заңсыздық. Ешбір заңда көрсетілмеген бұл үшін қылмыстық жазаға тарту керек деген норма. Халықты қорқыту үшін әдейі жазаға тартып отыр Мирболатты».
Жиналғандар Мирболаттың төрт жылға сотталуына наразылық білдіріп, оған бостандық талап етті.
Қорғаушы тарап ары қарай Жоғары сотқа шағымданатыны белгілі. Олардың қандай үкім шығаратыны әзірге беймәлім.
Соңғы кездері «ұлтаралық араздықты қоздыру» бабымен соттау жиі белең алды. Десе де, мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткені үшін соттау бірінші рет болып отырған жағдай деп айтуға болады.
